4 басқарманың тынысы

Жол картасы қалай орындалып жатыр?

Жақында Amanat партиясы фракциясының облыстық мәслихаттағы отырысы өтті. Басқосуда партияның біздің облыс бойынша 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі жол картасының орындалуы туралы айтылды. Жиында облыстық 4 басқарма — білім, денсаулық сақтау, денешынықтыру және спорт, құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармаларының жұмыстары сарапқа салынды.


Шараға облыстық мәслихаттың төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева, Ақтөбе қалалық мәслихаттың төрағасы Анар Даржанова, облыстық және қалалық мәслихаттардағы фракция мүшелері қатысты. Сондай-ақ аудандық білім бөлімі басшылары, ауруханалардың бас дәрігерлері, аудандық филиалдардың атқарушы хатшылары онлайн режимінде қатысты. Жиынға партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ербол Данағұлов төрағалық етті.

Алдымен білім саласындағы атқарылған жұмыстар тыңдалды. Жол картасына сәйкес биыл бұл салада 10 бағыттағы ауқымды жоба жоспарланған. Оның ішінде бірінші бағыт бойынша 22 мектеп салу жобасы бар. Сайлауалды бағдарлама аясында 4 мектепті ашу жоспарланыпты. Қаңтар айында Мұғалжар ауданы Құмжарған ауылында 60 орындық мектеп ел игілігі үшін пайдалануға берілді. Алға ауданы Маржанбұлақ ауылының шығыс бөлігінде 300 орындық мектеп салынып жатыр. Қазір құрылыс жұмыстарының 90 пайызы аяқталды. Мектепті желтоқсан айында ашу жоспарланып отыр. Ақтөбе қаласында 12 мектеп жанынан 200 орындық қосымша құрылыс салынуда. Бүгінде негізгі құрылыс жұмыстары аяқталды. Мектеп қазан айында ашылады. Сондай-ақ облыс орталығындағы 14 мектеп жанынан да қосымша құрылыс салынды. Бұл білім шаңырағы да қазан айында пайдалануға беріледі.
Білім саласындағы екінші үлкен жоба — жыл сайын 10 мектепке күрделі жөндеу жүргізіледі.
Ауқымды жобаның үшіншісі — шағын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда заман талабына сай кемінде 162 мектепті жаңғырту жоспарланған. Биыл 56 мектепті жаңғыртуға 1,1 млрд теңге бөлініпті.
Төртіншіден, 2027 жылға дейін ауылдық мектептердегі 270 химия, биология, физика кабинеттерін кезең-кезеңімен қамтамасыз етіледі. Облыс мектептерінің жаңа модификациялы кабинеттермен жабдықталу көрсеткіші — 70,2 пайыз. Биыл 92 мектепті 158 жаңа модификациялық пәндік кабинетпен қамту үшін бюджеттен 846,7 млн теңге бөлінді. Білім саласының жол картасы аясында атқарылатын жұмыстардың қатарында білікті педагогтер үлесін арттыру, дуалды нысанда оқуды аяқтаған колледж түлектерін жұмысқа орналастыру, апатты және үш ауысымды мектептерді жою, сұранысқа ие мамандықтар бойынша жастарды колледждерде тегін оқыту, балабақшалар мен мектептерде инклюзивті оқыту үшін қолайлы жағдай жасау секілді жобалар бар.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Аслан Жарасбаевтың айтуынша, «Қуатты өңірлер — ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының аясында 7 жылда облыста 9,2 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 86,5 мың пәтер пайдалануға беру жоспарланып отыр. Биылғы жоспарға сәйкес барлық қаржыландыру көздері есебінен облыс бойынша 1266,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек.
Жиын соңында партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ербол Данағұлов фракция мүшелеріне өңірдегі өзекті мәселелерді көтеріп, жол картасы бойынша бекітілген көрсеткіштердің орындалуын бақылауды тапсырды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.