Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Еңбек күніне арналған «Адал азамат – адал еңбек» атты салтанатты шараға қатысып, «Еңбек жолы» өңірлік байқауының жеңімпаздарын марапаттады.
«Қазақ еліне мың алғыс» стелласы алаңында өткен мерекелік шарада өңір басшысы мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуына тоқталып, әділетті Қазақстанды қалыптастыруда еңбек ете білудің маңызын, еңбек адамы қашан да сый-құрметке лайық екенін атап өтті.
Облыс халқын жұмыспен қамту, жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында «Ауыл аманаты» және кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасының іске асырылуы оң нәтижесін беруде.
Жыл басынан бері бүгінгі күнге дейін 40 мың адам жұмыспен қамтылды. Жоспар – 53 мың адам.
Қазіргі уақытта «Ауыл аманаты» жобасымен 1565 ауыл тұрғыны қаржылай, 335-ы тауарлық несие алды.
Бизнес-идеяларды іске асыруда 202 жас шағын несие алса, өтеусіз және қайтарымсыз негізде 354 әлеуметтік осал топтағы азаматтар мемлекеттік грантқа ие болды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда еңбек адамы бірінші орында тұруы тиіс екенін айтып, табысқа жетудің жалғыз жолы – өз кәсібінің шебері болу және ерінбей еңбек ету дейді. Қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Адал еңбек қашан да құнды. Жанын сала еңбек етіп, табысын маңдай терімен тауып отырған адам әрдайым құрметке лайық. Біз мақсатқа жетуде тиімділікті арттыруға, азаматтарымыздың әл-ауқатын одан әрі көтеруге бағытталған шаралардың тиімділігін сақтауға барынша күш салуымыз керек», — деді Асхат Шахаров құттықтау сөзінде.
Еңбек күні Қазақстанда 2013 жылдан бері тойланып келеді. Атаулы күннің мақсаты – еңбек ұжымдарындағы үздік қызметкерлердің жетістігін көпшілікке дәріптеу.
Еңбек күні аясында жыл сайын «Еңбек жолы» байқауы ұйымдастырылады. Биыл да бұл конкурс өз жалғасын тапты. Өңірдегі еңбек ұжымдарында жұмыс істейтін 9 азамат «Үздік еңбек әулеті», «Өндірістің үздік жас маманы», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациялары бойынша облыс әкімінің алғыс хатына, естелік сыйлыққа ие болды.
Сондай-ақ, Асхат Шахаров алаңда ұйымдастырылған «100 жаңа жоба» көрмесін аралап шығып, жеке кәсіпкерлермен өнімдері туралы әңгімелесті.
Концерттік бағдарламаға ұласқан мерекелік шара аясында «Адал азамат – адал еңбек» еңбек шеруі өтіп, әр салада қызмет етіп жүрген қарапайым жұмысшыларға құрмет көрсетілді.
Тағы да
Қызмет алушының құқығы қорғалды
Биыл облыста 21 медициналық нысан салынады
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен Терроризмге қарсы және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті