Асхат Шахаров Ақтөбе қаласын  дамытуға қатысты бірқатар нақты тапсырма берді

 Ақтөбе қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен отырыста талқыланды.

Қала әкімі Азамат Бекет дамудың негізгі көрсеткіштері, маңызды проблемалық мәселелерді шешу, сондай-ақ жаңа өнеркәсіптік және әлеуметтік жобаларды іске асыру туралы баяндады.

Облыс басшысы биылғы жылдың 8 айының қорытындысына сәйкес,  Ақтөбеде көтерме сауда, өнеркәсіп, өңдеуші өнеркәсіпте және инвестициялар тартуда әлеуметтік-экономикалық дамудың төрт негізгі көрсеткіші бойынша төмендеу тіркелгенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, стратегиялық құжаттардың бірқатар негізгі көрсеткіштері мен іс-шараларын орындамау қаупі бар.

«Қала әкімі облыстың салалық басқармаларымен бірлесіп, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша өсу резервтерін тез арада іздестіруі қажет», — деді Асхат Шахаров.

Облыс әкімі сондай-ақ жұмыстардың мардымсыздығы және бақылаудың жоқтығын сөз етті. Яғни, биылғы жылы бірқатар әлеуметтік маңызы бар жобалар, соның ішінде жолдарды жөндеуге қатысты жобалар уақытылы іске асырылмаған. Сондай-ақ, қаланы күтіп-ұстауға жұмсалған шығындардың екі есеге артқанына, арнайы техниканы сатып алуға 2 млрд теңгеге жуық қаражаттың бөлінгеніне қарамастан, жұмыстар тиісті деңгейде ұйымдастырылмай отыр. Ірі көлемді қоқыстарды шығару және қаланы абаттандыру жұмыстарының сапасы мәселесі өзекті болып қала береді.

Аймақ басшысы әлеуметтік мәселелерге, тұрғын үй құрылысы бойынша жұмыстарды жеделдету және мүгедектігі бар адамдар үшін инфрақұрылым нысандарының қолжетімділігін қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды.

«Биылғы жылы 114 нысанды бейімдеу жоспарланған, бүгінгі күні оның 70 нысаны немесе 61,4%-ы  бейімделген.  Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру қажет», — деді Асхат Шахаров.

Жиын барысында қоғамдық кеңес мүшелері, қалалық мәслихат депутаттары ойларын айтып, пікірлерімен бөлісті. Оларды қаланың ескі бөлігінің проблемалық мәселелері, денсаулық сақтау нысандарын жөндеу және салу, шаһардағы тұрғын үй алаптарында мектептер мен балабақшалардың бой көтеруі сынды және т.б. мәселелер толғандырады.

Сөзін түйіндеген облыс әкімі Асхат Шахаров қала әкімдігіне Ақтөбені дамытуға, оның ішінде шеткі аймақтарға, инженерлік-инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында мектептерді абаттандыру, салу жөніндегі жобаларға қатысты бірқатар тапсырмалар берді.

Облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша барлық жұмыстарды нақты үйлестіру мақсатында шаһар басшылығының алдына Ақтөбе қаласының 2026 жылға дейінгі кешенді даму жоспарын әзірлеу міндеті қойылды, ол 2023 жылдың қазан айының екінші онкүндігінен кешіктірілмей бекітуге енгізілуі тиіс.

Д. Айдар