Қандыағашта құны 2 млрд теңгені құрайтын кәріз-тазарту кешені салынады

Облыс әкімі Асхат Шахаров Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағанбетов және «Кентавр» ЖШС Қандыағаш этил спиртін өндіру зауытының директоры Еркін Айдархановпен жұмыс кездесуін өткізді.

Кездесу барысында Қандыағаш қаласының Самал және Газовик шағын аудандарында тазарту қондырғылары мен кәріз жүйесін салудың өзекті мәселелері талқыланды. Қазіргі уақытта «Кентавр» ЖШС жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуде. Жобаны іске асырудың жалпы құны 2 млрд теңгені құрайды.

Аудан әкімдігі коммуналдық инфрақұрылым нысандарын пайдалануға беру бүгінде 5 мыңға жуық адам тұратын шағын аудандарды орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар Қандыағаштағы жағымсыз иістің көпжылдық проблемасын шешетініне сенімді.

Облыс әкімі экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жоба жан-жақты қолдауға ие болатынын алға тартты.

Д. Айдар