Гүлқасима Сүйінтаеваның төрағалығымен Ақтөбе облысы мәслихатының кезекті алтыншы сессиясы өтті.
Мәслихат депутаттары облыс әкімі Асхат Шахаровтың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебін тыңдады.
Асхат Шахаров ауқымды инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылу барысы – «Бұқара-Орал» газ құбырының үшінші желісін және Ақтөбе қаласында кәріз-тазарту құрылыстарын салу, «Ақтөбе-Қандыағаш», «Ақтөбе-Хромтау-Қарабұтақ-Ұлғайсын», «Қандыағаш-Шалқар» автожолдарын жөндеу, «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру үшін қосымша қаражат бөлу туралы хабардар етті.
Облыс әкімі баяндаманың басым бөлігін ел Президентінің халыққа Жолдауы аясында өңірді одан әрі дамытудың әлеуеті мен жаңа мүмкіндіктеріне арнады.
«Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдарын» атап өтті. Аталған құжаттың мәні – жалпы тақырыптарды тізбектеуде емес, азаматтарымыздың өмірін нақты өзгертуде. Бұл – Ақтөбе облысының даму жоспарында ескеруіміз қажет құжат. Үш жыл ішінде Президент қойған міндеттерді іске асыруымыз керек», — деп облыс әкімі Мемлекет басшысының өңірлерді дербес дамыту қажеттігіне баса назар аударғанын, аймақтарға үлкен жауапкершілік жүктелетіндігін алға тартты.
Өңір басшысы Президенттің тапсырмаларына сәйкес жергілікті мемлекеттік органдардың алдында өзекті тұрмыстық және әлеуметтік мәселелер дереу шешілуі тиіс жұмыстың жаңа моделіне көшу міндеті тұрғанын жеткізді. Сондай-ақ қоғамдық бақылауды дамытудың маңыздылығын тілге тиек етті.
«Мұндай тәсілмен азаматтар салықты қосымша алым ретінде емес, жеке инвестиция ретінде қабылдайды. Біз бюджет ақшасымен тиімді жұмыс істеуіміз керек, сонда халық өзін салық төлеуші емес, өз саласын дамытуға инвестиция салатын инвестор ретінде қабылдайды», — деді Асхат Шахаров.
2025 жылға қарай Ақтөбе қаласындағы мектептерде үшауысымдық оқыту мәселесі жойылады. Аталған кезеңде облыста барлығы 40 мектеп салынады, оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 18 алдыңғы қатарлы білім ордалары бой көтереді.
Сонымен қатар, Асхат Шахаров шағын және орта бизнесті, денсаулық сақтау және спорт, ауыл шаруашылығы, тұрғын үй құрылысы салаларын дамыту, инвестициялар тарту, халықты жұмыспен қамту, инфрақұрылымдық даму жоспарларына егжей-тегжейлі тоқталды.
Өңір үшін ең өзекті мәселелердің бірі – жолдардың жай-күйі. Облыс әкімінің айтуынша, Ақтөбе қаласында бірінші кезекте жөндеуді қажет ететін көшелерге асфальт төселеді. Бұл шаралар 2026 жылға дейін облыс орталығын дамыту бойынша әзірленіп жатқан Жол картасында көзделген.
Инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысты жұмыс жүйелі тәсілді талап етеді. Терең қайта бөлуге ерекше назар аудару керек. Мысалы, «AltynEx Company» алтын өндіруші компаниясы «доре» алтын қорытпаларын шығаратын зауыт салуға кірісті — бұл іс жүзінде түпкілікті өнім. «Бенкала» тау-кен компаниясы темір ұнтақтарын шығаратын зауытты пайдалануға бермек. Осындай шикізат экспорты бойынша жұмыстар басқа да ірі кәсіпорындармен жүргізіледі.
«Инвестициялық жобаларды іске асыру энергетикалық қуаттылықтың үлкен шығындарын талап етеді. Ұзақмерзімді перспективада таза энергетикаға жаһандық көшу заман талабы екенін ескермеуге болмайды. Алдағы үш жылда өңірде жалпы құны 481 млрд. теңге және қуаты 785 МВт баламалы энергетика бойынша 5 жоба іске асырылатын болады», — деді Асхат Шахаров.
Облыс басшысы ауылдарды коммуналдық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесіне де тоқталды. Биыл 10 мыңнан астам халқы бар 32 ауыл ауыз суға қол жеткізеді. 2024 жылы облыс халқының таза ауыз сумен қамтамасыз етілу деңгейі 100% құрайды деген жоспар бар. Сонымен қатар, 2023 жылы 9 мыңнан астам адам тұратын 12 ауылға газ тартылады. Қазіргі уақытта тағы 30 ауылға көгілдір отын тартумәселесі пысықталуда.
Сонымен қатар, өңір басшысы облыс халқының өмірін жақсарту мақсатында әкімшілік-аумақтық реформа жүргізу қажеттігін сөз етті.
«Мысалы, ауыл тұрғындары мемлекеттік қызметтерді алу үшін шамамен 40 шақырым басқа ауылға баруға мәжбүр болған жағдайлар кездеседі, дегенмен маңайында үш есе жақын ауыл болса да, бірақ басқа ауылдық округке кіретін ауылдар бар. Басқа да ұқсас мысалдар жетеді. Облысты әкімшілік-аумақтық оңтайландыру басқарудың тиімділігін арттырады және азаматтарымыздың өмірін жеңілдетеді», — деп атап өтті Асхат Шахаров.
Сондай-ақ, сессия барысында Ақтөбе облысының қалалары мен елді мекендерінің жасыл желектерін құру, күтіп-ұстау және қорғау қағидалары бекітіліп, «Ақтөбе облысының (қаланың, ауданның) Құрметті азаматы» атағын беру қағидаларын бекіту туралы» облыс мәслихатының шешіміне өзгерістер енгізу және басқа да мәселелер қаралды.
Д. Айдар
Тағы да
Қызмет алушының құқығы қорғалды
Биыл облыста 21 медициналық нысан салынады
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен Терроризмге қарсы және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті