Асхат Шахаров ардагер ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтады

Бүгін облыс әкімі Асхат Шахаров білім беру саласына елеулі үлес қосқан, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардагер ұстаздар Ниетжан Беріков және Зура Құдайбергеннің шаңырағында болып, Ұстаздар күні мерекесімен құттықтап, алғыс хат табыстады.

Ардагерлермен әңгіме барысында өңір басшысы өскелең ұрпақ аға буын өкілдерінің еңбектерін бағалайтынын, олар әрдайым назардан тыс қалмайтындығын жеткізді. Көнекөздердің білім беру ісін жаңғыртуға қатысты ұсыныстары ескерілетінін айтты.

Салаға зор үлес қосқан, табанды еңбек етіп, тер төккен ұлағатты ұстаздар өз кезегінде айырықша құрмет үшін алғысын жаудырып, Асхат Шахаровқа ақ батасын берді.

Ниетжан Беріков – ардагер ұстаз, ғалым-педагог, КСРО және Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі, Ақтөбе облысының құрметті азаматы. Қазақ тілі, педагогика және психология бойынша оқулықтардың, ондаған энциклопедия мен құралдардың авторы. Оның арқасында Қазақстан медицинасы алғаш рет қазақ тілінде сөйледі. Өйткені, Ниетжан Берікұлы Батыс Қазақстан медицина университетінде қазақ бөлімшесінің ашылуына ұйытқы болған.

90 жастан асқан Зура Құдайберген Ақтөбе қаласындағы тұңғыш қазақ білім ордасы — Ғ.Ақтаев атындағы №6 орта мектепте 40 жылдай қызмет етті. Еңбек жолын қарапайым мұғалімдіктен бастап мектеп директоры лауазымына дейін көтерілді. Ардагер ұстаз Ақтөбе облысының олимпиада резервін даярлау орталығының жаттықтырушы-оқытушысы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы.

Д. Айдар