Асхат Шахаров: Мал азығына субсидия беріледі

Ақтөбе өңірінде соңғы жылдары мал азығына субсидия беру тоқтатылған еді. Шаруалар қаржылай қолдаудың қажеттігін айтып, мәселе де көтерді.

Ойыл ауданына жұмыс сапары аясында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесіп, аналық басқа берілетін субсидия мәселесі шешілетінін жеткізді.

«Ата кәсіппен айналысып отырған шаруа қожалықтарының проблемасынан хабардармын. Аналық басқа субсидия берілетінін айтқым келеді. Көмек болады. Облыстық мәслихат депутаттарына ұсыныс енгіземіз. Алдымен белгіленген мөлшерді анықтап алуымыз қажет. Ережеге қарай, қаржыны бәріне жететіндей етіп бөлеміз», — деді облыс басшысы.

Шаруалар мал етін сату, теріні тапсыру, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді кеңейту сияқты базыналарын жеткізді. Аудан басшылығы мен салалық мемлекеттік органдарға мәселелерді заң аясында шешуді міндеттеді.

Ойылдық шаруалармен кездесу, асылтұқымды ірі қара және қойлардың көрмесі «Тәжібай-Агро» ЖШС базасында өтті. Бұл шаруашылық та субсидияға мұқтаж.

«Тәжібай-Агро» серіктестігі 2017 жылы құрылған. Саралжын ауылдық округінің Қоңырат елді мекенінде орналасқан қожалық асылтұқымды мүйізді ірі қара өсірумен айналысады. «Қарапайым заттар экономикасы» және «Агробизнес» мемлекеттік бағдарламалары аясында ангус тұқымды сиырлар сатып алынған.
Мал басын көбейтуден бөлек, шаруа қожалығына тиесілі 150 гектар суармалы жер бар. Алқапта жоңышқа өсіріледі.

Жалпы, Ойыл ауданы мал шаруашылығымен ерекшеленеді. Биыл мұнда мал басының өсімі байқалып отыр. Көрсеткіш 27,4%-ды құрайды. Мал азығының дайындалған көлемі 215,1 мың тонна. Егіс шаруашылығында да өсім бар, былтырғы жылмен салыстырғанда 77%-ға жетті.

Д. Айдар