«Сауқайың» өзені бойында салынып жатқан бөгетте жұмыстар 90%-ға аяқталған

Қазіргі таңда Қобда ауылында ескі бөгетті жаңалау жұмыстары жүргізілуде. Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының басшысы Талғат Мадиярдың сөзіне сүйенсек, бұрынғы бөгетте суағар құбырлары қаралмаған. Жаңасында ұзындығы 1,7 шақырымды құрайтын бағыттаушы бөгет салынуда. Су өткізу құрылыстары бетонмен, «бут» таспен нығайтылған. Жұмыстар 90%-ға орындалды.

Облыс әкімі Асхат Шахаров «Сауқайың» өзені бойында салынып жатқан бөгеттің құрылыс барысымен танысты.

«Жаңадан тағайындалған облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығымен бірге бөгет құрылысының жоспарын қарадық. Анықталған кемшіліктерді келер аптада түзетумен айналысамыз. Біз көктемгі су тасқынын болдырмау шараларын жүргізетін боламыз», — деді А. Шахаров.

Қобда ауданында көктемгі су тасқынына байланысты жарияланған төтенше жағдай режімі әлі де сақтаулы. Табиғи апат кезінде аудан орталығында 79 үй, 22 ауланы су басты. Сондай-ақ, дене шынықтыру сауықтыру кешені, И.Тайманов атындағы Қобда гимназиясы да бүлінді. Асхат Шахаров аталған нысандарда болып, жөндеуден кейінгі жұмыстарды көрді.

Спорттық нысанда бассейн түбі, бөлмелердің кафельдері ауыстырылды. Жаңадан линолеум төселді. Талаптарға сай вентиляция құрылғылары орнатылды. Майлау жұмыстары жүргізілді. 99,4 млн.тг. бағаланған жұмыстарды «АманатСтройКомпани» серіктестігі жасады.

2017 жылы бой көтерген 320 орындық Қобда гимназиясында да жөндеу жүргізілді, бірінші қабаты қайта жаңартылды.

Д. Айдар