Ақтөбе қаласындағы жылу электр орталығы қысқы маусымға дайын 

Облыс әкімі Асхат Шахаров Ақтөбе жылу электр орталығына барды, кәсіпорынның тыныс-тіршілігін көрді. Жылыту маусымына дайындықты пысықтады.

«Ақтөбе ЖЭО» АҚ Басқарма төрағасы Бақтияр Ізбасаровтың сөзінше, қазіргі уақытта орталықта барлық қазандық жұмыс істеп тұр. Жылыту маусымына дайындық толықтай аяқталды. Газ турбиналық қондырғылардың қуаттылығы 57 мегаватты құрайды.

2027 жылға дейінгі Ақтөбе жылу электр орталығының инвестициялық бағдарламасы 22 миллиард 510 миллион 127 мың теңгені құрайды. Бұл қаржы стансаның 43 пайызға тозып тұрған жабдықтарын жаңартуға және экологиялық көрсеткіштерді жақсартуға жұмсалмақ.

Облыс әкімі уәкілетті мемлекеттік органдарға станцияның жұмысы мен жабдықтардың жай-күйін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Басты міндет — жылыту кезеңінде Ақтөбе тұрғындарына үздіксіз жылу беруді қамтамасыз ету.

А. Айдар