Облыс әкімі Шалқарлық шаруалармен кездесті

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың Шалқар ауданына жұмыс сапары Жылтыр ауылындағы шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесуден басталды.

Кездесуде агроөнеркәсіптік кешен дамуының өзекті мәселелері, жемшөп дайындау, проблемалық мәселелер мен шаруалардың ұсыныстары тыңдалды.

Мал шаруашылығымен айналысатындарға облыс әкімі мал азығына берілетін субсидия қайта қарастырылып жатқанын айтып өтті. Жайылым жерлердің көлемін арттыру, нарықты жергілікті өніммен қамту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін назарда ұстауды аудан мен мемлекеттік орган басшыларына тапсырды.

Айта кетейік, биылғы жылдың қаңтар-тамыз айларында ауыл шаруашылығы саласы бойынша Шалқар ауданында өндірілген өнім көлемі өскен. Қаржылай түрде өндіріс көлемі 15,4 млрд теңгеге жетті.

Шаруалармен кездесу Greenhouse Shalkar ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің базасында өтті. Жобаны жергілікті тұрғын Нағашыбай Қазин «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында іске асырып, қазіргі уақытта «Ауыл аманаты» жобасының арқасында әрі қарай кеңейтуде.

Атап айтқанда, он жазғы және екі қысқы жылыжай салынуда. Жеңілдетілген несиелердің жалпы сомасы 23 млн теңгені құрайды. Жұмыс істеп тұрған жылыжайларда жылына екі рет – 36 тоннаға дейін құлпынай, қияр және басқа да көкөністер жиналады. Барлық өнімдер Шалқар ауданының дүкендеріне қолжетімді бағамен жеткізіледі. Нағашыбай Қазиннің тәжірибесі – бұл еңбекқорлық пен табандылықтың арқасында үлкен жеңістерге жетуге болатындығының жарқын мысалы іспеттес, өйткені құм басып жатқан Жылтыр ауылында жеміс-жидектер мен көкөністерді өсіру мүмкін емес еді.

Д.АЙДАР.