Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен Облыстық құқық бұзушылықтың профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының кезектен тыс отырысы өтіп, онда жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы мәселе қаралды. Жиынға құқыққорғау органдары, департаменттердің басшылары қатысты.
Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ардана Саймағанбетовтің сөзінше, жыл басынан бері 375 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 66 адам қаза тапқан және 400-ден астам адам дене жарақатын алған. Бұған – көлік жүргізушілерінің жылдамдық режимін сақтамауы, қарсы қозғалыс жолағына шығуы, жаяу жүргіншілердің жүру ережелерін бұзуы ебеп.
Адам өлімі тіркелген оқыс оқиғалардың көп бөлігі 71,2% республикалық және халықаралық маңызы бар автомобиль жолдарында орын алған. Полицейлер осы жолдарда жол-көлік оқиғалары жиі орын 5 авариялық-қауіпті учаскілер анықтаған. Олар жол апатынан зардап шеккендерге уақытылы көмек көрсету үшін медициналық-құтқару станциялары қажет деп санайды.
Сондай-ақ, автомобиль жолдарына іргелес орналасқан елді мекен маңайларына стробоскоптар, бейне камералар муляждарын, шу жолақтарын орнату, қыс мезгілінде қарға тосқауыл қалқандар орнатуды, кейбір тас жолдардың учаскелеріне интернет тартуды ұсынып отыр.
Жалпы облыс бойынша жол-көлік оқиғалары азайғанымен, 9 айдың қорытындысы бойынша Ақтөбе қаласында 9,8%-ға, Ырғызда 66,7%-ға, Темірде 50%-ға, Қобдада 9,8 %-ға өскен.
Сонымен қатар, жиында мектеп автобустарының қауіпсіздігі де айтылды. Бүгінде оқушылар тасымалымен айналысатын 118 автобус бар.
Облыс әкімі Полиция департаментінің басшылығына осы аймақтардағы жол-көлік оқиғалары жиі орын алатын жерлерге нақты қандай шаралар қолданылу қажеттігі туралы ұсыныс енгізу қажеттігін айтты. Салалық мемлекеттік органдарға Жол картасын әзірлеуді тапсырды.
Отырыс соңында облыс әкімі тиісті мемлекеттік органдарға жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселелері бойынша бірқатар тапсырма берді. Олардың арасында мектеп автобустарын техникалық қарап-тексерудің және осы автобустардың жүргізушілерін медициналық қарап-тексерудің тиісті деңгейін қамтамасыз ету, сондай-ақ өңірдегі автожолдардың ең апатты, қауіпті учаскелерінде қосымша қауіпсіздік шараларын қолдану міндеті қойылды. Мемлекеттік органдарға Ақтөбе облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қажетті барлық шараларды ескеретін Жол картасын әзірлеу тапсырылды.
Биылғы жылы Ақтөбе облысында жергілікті маңызы бар 872,8 шақырым автожолды жөндеуге және салуға 53,6 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 78%-ды құрайды. Сонымен қатар, облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарды күтіп ұстауға 258 бірлік мамандандырылған техникасы бар 50 кәсіпорын жұмылдырылды.
А.МӘЛІКҚЫЗЫ.
Тағы да
Қызмет алушының құқығы қорғалды
Биыл облыста 21 медициналық нысан салынады
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен Терроризмге қарсы және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті