Ақтөбе облысында қаржы пирамидасына қатысты 5 қылмыстық іс тергелді

Қазақстанда жыл басынан бері қаржы пирамидаларына қатысты 51 қылмыстық іс тіркелген. Ал Ақтөбе облысында 5 компанияға қатысты іс тергеп, тексеріліпті.  Бұл туралы Ақтөбе облыстық Экономикалық тергеу департаменті бастығының орынбасары Арай Шадиев облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен ведомствоаралық комиссияның бірлескен отырысында мәлімдеді.

Департамент тыңғылықты зерттеген қаржы пирамидаларының қатарында «Qnet», «АвтоСеллер», «Crowd 1», «Sincere Systems» (S-Group), «Eolus»  бар. Бүгінгі таңда оның екеуі, яғни «Qnet», «АвтоСеллер» компаниялары жойылып, істері сотқа берілген. Келтірілген залал көлемі – 426 млн теңге.

Компания иелерінің 662,5 млн теңгені құрайтын мүлкі тәркіленді. 17 жәбірленушіге келтірілген залалдың 27 млн теңгесі қайтарылды.

Сондай-ақ, жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қаржы пирамидаларына ақша салуға шақырған 600 сілтеме жойылды.

Экономикалық тергеу департаменті лудоманияға қарсы қысқаметражды әлеуметтік фильм әзірлеп, оны кинотеатрларда көрсеткен, сонымен қоса, қаржылық қауіпсіздікті арттыру бойынша білім беру орындарында оқыту семинарларын ұйымдастыруда.

Өңір басшысы тұрғындардың қаржылық сауаттылық деңгейін көтеру, лудоманияға қарсы насихат шараларын күшейтуді мүдделі органдарға жүктеді.

«Қаржылық пирамидалар – қазіргі таңда ең өзекті проблема, тұрғындарымыз солардың құрбаны болуда. Күмәнді ұйымдарға қаржы салып, халықтың кірмесі үшін ең алдымен қарапайым қаржылық сауаттылық қажет. Бұл бағытта қандай білім беру бағдарламалары бар, соны қарап, мәселені жан-жақты зерделеу керек. Қала және аудандардағы лэд экрандарда лудоманияға қарсы, күмәнді компаниялар туралы бейнероликтер көрсету, БАҚ және әлеуметтік желілерде ескертулер жариялап, ақпараттық жұмыстарды жүргізуді жандандыру керек», — деді өз сөзінде Асхат Шахаров.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.