Мәртөк ауданында әлеуметтік тұрғын үйдің құрылысын жалғастыруға қосымша қаржы бөлінеді

 Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Мәртөк ауданына жұмыс сапары барысында аудан орталығы – Мәртөк ауылында баспана кезегінде тұрғандар үшін 39 екі пәтерлі үй салу жобасының іске асырылуымен танысты.

Құрылысқа 2021 жылдан бастап «ҚазПромСтройГруп» ЖШС мердігерлік ұйымы жұмылдырылған. Жұмыстың басым бөлігі аяқталды. Аудан әкімі Алмас Салықбаевтың мәлімдеуінше, қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстарын бітіруге 125 млн теңге қажет.

«Қаржылық қолдау көрсетіледі. Ең бастысы сапалы дүние болуы керек. Асығып, үйді пайдалануға беру мерзімін тездетеміз деп, мәселені ушықтырып алмаңыздар», — деді облыс әкімі Асхат Шахаров.

Сонымен қатар, өңір басшысы балалар шығармашылығы орталығының жұмысын көрді. Бүгінде орталықта 1200 бала алғашқы техникалық модельдеу, сәндік-қолданбалы өнер, әуе және кеме модельдеу, ұлттық қолөнер және т.б. үйірмелермен айналысады.

Сондай-ақ, Мәртөк тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдау өтті. Тұрғын үймен қамтамасыз ету, елді мекендерді абаттандыру секілді аудан тұрғындары түрлі мәселелерді көтерді. Әр өтініш бойынша толық түсініктемелер беріліп, қосымша қарауды қажет ететін мәселелер назарға алынды.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.