Мәртөк ауданында бөгеттерді қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда

Мәртөк ауданындағы «Қазан-2» бөгетін күрделі жөндеу аяқталуға жақын. 2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралардың Жол картасына енген жобаның жүзеге асырылу барысымен ауданға жұмыс сапары аясында облыс әкімі Асхат Шахаров танысты.

Жобаны іске асыру бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде, еш мәселе жоқ, деп хабарлады Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Сәбит Дүйсекенов.

Күрделі жөндеудің негізгі мақсаты – су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу. Сонымен қатар, бөгет қалпына келтірілсе, жергілікті халық ауыл шаруашылығы алқаптарын суару мен тұрмыстық қажеттіліктері үшін жерүсті су көзін пайдалануға, бөгет айналасындағы жасыл желектердің сақталуына мүмкіндік алады.

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылы «Қазан-1» бөгетіне күрделі жөндеу жүргізілді. Бұл жоба – су тасқынына қарсы іс-шаралардың Жол картасының бөлігі.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.