Асхат Шахаров «Жаңа Қазақстан. Таза табиғат» республикалық экологиялық акциясына қатысты

 Бүгін еліміз бойынша «Жаңа Қазақстан. Таза табиғат» экологиялық акциясы күні өтуде. Облыс әкімі Асхат Шахаров акцияға үлес қосып, Ақтөбедегі «Триатлон» саябағында шырша отырғызды.

Сондай-ақ, экологиялық шараға облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдар, кәсіпорындар мен оқу орындарының басшылары, «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздары мен еріктілер де қатысты.

Акцияның мақсаты — ел халқын өңірлердің экологиялық жағдайын жақсартуда біріктіру.

Барлығы 300-ден астам адам 83 түп шырша екті. Ағаштар Мәртөк ауданындағы және жеке тәлімбақтан алынған.

Өңір басшысы акция қатысушыларына экошараның маңыздылығын айтып, ағаштарды күтіп-баптау, өсіру әрбір ақтөбеліктің міндеті екенін еске салды. Аймақтың экологиялық тазалығы үшін жасыл-желектерді егу жұмыстары бұдан әрі қарай да жалғаса беретінін алға тартты. Ақтөбенің жасыл белдеуін дамыту көзделіп отыр.

Жалпы ағаш отырғызу акциясы биылғы жылдың 15 қазанынан басталды. Бір ай көлемінде облыс бойынша жергілікті тәлімбақтарда өсірілген шырша, қарағай, қайың сияқты ағаш түрлерінен 14 мың түп көшет егілмек. Оның 3 мыңын қала аумағында жерсіндіру көзделген.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.