Ақтөбеде қызылшаның алдын алу және оған қарсы күрес шаралары талқыланды

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында қызылша ауруына қатысты облыстағы санитариялық-эпидемиологиялық ахуал және жұқпалы аурудың таралуына қарсы күрес мәселелері қаралды.

 Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев, Санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Райхан Қойшанова баяндама жасады.

Қызылшаның алдын алудың ең тиімді жолы – вакцинация. Ақтөбе облысында қызылшамен ауырғандардың 84%-ы (1744) – екпе егілмеген балалар мен жасөспірімдер.

Ақтөбе облысында қызылшаға қарсы қосымша иммундау аясында 20,1 мыңнан астам адам вакцина алды. Облыста вакциналардың жеткілікті қоры бар. Медициналық мекемелер диагностикалық және емдеу іс-шараларын жүргізудің клиникалық хаттамаларына сәйкес, қажетті дәрілік заттармен қамтамасыз етілген, деп атап өтті Рүстем Исаев.

 Өз кезегінде Райхан Қойшанова қазіргі уақытта Ақтөбе облысының аумағында қызылшамен сырқаттанушылықтың тұрақсыз эпидемиологиялық жағдайы байқалатынын алға тартты. Жұқпалы ауру Ақтөбе қаласында және облыстың барлық ауданында анықталған. Оның алдын алуға бағытталған бірқатар қосымша шаралар іске асырылуда.

Жиын қорытындысында облыс әкімі уәкілетті органдарға санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру жұмыстарын күшейтуді, тұрғындар арасында екпе алудың қажеттілігі мен тиімділігі туралы түсіндіру бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеп, тиісті жұмыстарды жүргізуді, сондай-ақ облыс аумағында санитариялық-эпидемиологиялық жағдайды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.