Ырғыз ауданында жол апатынан зардап шеккен балалардың жағдайы тұрақты

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Құрылыс ауылы маңында орын алған жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен балалардың жағдайы тұрақты. Бүгін науқастардың халін білу үшін Ақтөбе облысы әкімінің тапсырмасымен құрылған жұмыс тобы Ырғыз аудандық ауруханасына барды.

Күні кеше, 19 желтоқсанда оқыс оқиғада жарақат алған мектеп оқушылары осы ауруханаға жеткізілген еді. Облыстағы дәрігерлер консилиум өткізген, емдеу шаралары жүргізілуде. Бүгінде балалардың жағдайы тұрақты, өмірлеріне қауіп жоқ. Бәрі де – дәрігерлердің қадағалауында.

Облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова, Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев, Білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан бастаған жұмыс тобы балаларының амандығын тілеп отырған ата-аналармен жолықты. Олардың сұрауымен, ем-дом шаралары Ақтөбедегі облыстық балалар ауруханасында жалғастырылады. Зардап шеккен оқушылардың денсаулығы толықтай тексеріледі. Балалардың жағдайы жұмыс тобының тікелей назарында болады.

Облыстық әкімдік тарапынан жан-жақты көмек көрсетіледі.

Сондай-ақ, жұмыс тобының өкілдері жол апаты салдарынан көз жұмған бір мұғалім мен екі оқушының отбасыларына барып көңіл айтты. Қаза тапқандардың барлығы – Жаныс би ауылынан.

Еске салайық, 19 желтоқсан күні таңертең Ырғыз ауданы Құрылыс ауылының маңайында «Самара-Шымкент» автожолында жол-көлік оқиғасы болды. «Toyota Alphard» автокөлігі мен «Volvo» жүк көлігі соқтығысып қалған. Нәтижесінде «Toyota Alphard» жолаушылары – ер адам және 2007 және 2008 жылдары туған екі оқушы оқиға орнында қаза тапты.

Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Д.АЙДАР.