Облыс әкімі бірқатар басшылар мен әкімдерді сынға алды

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында Ақтөбе қаласын дамыту мәселелері қаралды. Өңір басшысы мұның алдында өткізілген жиында облыс орталығын дамытудың негізгі бағыттары айқындалғанын, бүгінде оларды жүзеге асырудың нақты шаралары қолға алынғанын айтты.
«Алдағы жылы Ақтөбе қаласын дамытуға қалалық бюджеттен 53,5 миллиард теңге бөлінеді. Бұл — соңғы бес жыл мерзімдегі бір жылға бөлінген ең үлкен қаржы. Облыстық бюджеттен де айтарлықтай трансферт сомасы қаралып отыр. Сондай-ақ «Бұхара-Орал» газ құбырының үшінші желісінің құрылысы секілді бірқатар ірі жобаға республикалық бюджеттен қаржы бөлінеді. Әлеуметтік маңызы бар жобаларды қосымша қаржыландыру да жоспарланып отыр. Қаржыландыру мәселесінде қиындықтар болмайды, бірақ жұмысты дұрыс ұйымдастыру маңызды», —  деді Асхат Шахаров.

Жиында қаланың коммуналдық, жол-көлік және әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту мәселелері, сондай-ақ, тұрғын үй алаптарындағы, қоғамдық тасымал, санитарлық жағдай және қаланы абаттандыруға қатысты қордаланған мәселелерді шешу жолдары талқыланды.

Облыс әкімінің айтуынша, Ақтөбе қаласын дамытудың негізгі мәселелерін шешу үшін ең алдымен әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қол жеткізу қажет. Өткен он бір айдың қорытындысы бойынша қалада өнеркәсіп өндірісі, көтерме саудаң және инвестиция тарту көрсеткіштері төмендеген.
«Үш инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін жер телімдерін бөлу мәселелері әлі де шешімін таппай отыр. Инвестиция тарту жұмысы Мемлекет басшысының тұрақты бақылауында, инвесторлардың мәселелерін жедел шешу үшін арнайы штаб құрылған. Жобаларға инвестиция салуға дайын инвесторлар жер телімдерін бөлу мәселелеріне қатысты қиындықтарға тап болмауы керек. Қала әкімдігіне осы мәселені жедел шешуді тапсырамын», — деді Асхат Шахаров.

Өңір басшысы қала тұрғындарынан түсетін арыз-шағымдардың басым бөлігі жолға қатысты екенін атап өтті. Биыл шығындардың өсуіне байланысты бірқатар жобалар мерзімінде аяқталмай қалды. Дегенмен, жобаларды реттеу процесі баяу.

Қала әкімі Азамат Бекет көлік инфрақұрылымын дамыту аясында 2024 жылы жалпы құны 15,2 млрд теңге болатын 36 жобаны жүзеге асыру жоспарланғанын баяндады.

Жөнделіп жатқан және салынып жатқан жолдардың ұзындығы — 110 шақырым. Оның ішінде Ақжар тас жолын, Мәскеу, Чехов, Илецкая, Нахимов, Қазанғап көшелеріндегі жолдарды және басқа да көптеген жолдарды жөндеу жобалары аяқталады. Сондай-ақ Астана, Шиелісай елді мекені, Х.Досмұхамедұлы көшесін Мәңгілік Ел көшесінен Оңтүстік айналма жолға дейін, сондай-ақ Мәңгілік Ел көшесін Х.Досмұхамедұлы көшесінен Ғ.Жұбанова көшесіне дейінгі аралықта жол салу жоспарланып отыр.

2023 жылы қаланың санитарлық жағдайын жақсарту және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында мамандандырылған 74 техника сатып алынды. Қазіргі уақытта тағы 67 техниканы сатып алу рәсімдері жүргізіліп жатыр.

Қала әкімінің айтуынша, келесі жылы 112 жаңа автобус пайдалануға беріледі, сонымен қатар төрт жаңа бағытты іске қосу жоспарланып отыр. 2021 жылдан бері 180-нен астам автобус сатып алынды, бұл көлік паркін 60 пайызға жаңартуға мүмкіндік берді.

Жиында әлеуметтік тұрғын үйлер, мәдениет және спорт нысандарын салу, қала көшелерін жарықтандыру, инженерлік инфрақұрылымды, оның ішінде тұрғын үй массивтерін дамыту мәселелері талқыланды.

Өңір басшысы кәсіпкерлік ахуалды жақсарту және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, қаланы көгалдандыру, қалдықтарды қайта өңдеу мәселесін шешу жөнінде жүйелі шаралар жүргізіп, олардың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуді міндеттеді.
«Біз алдымызға облыс орталығын дамыту бойынша ауқымды міндеттер қойып отырмыз. Оның ішінде жаңа театр мен футбол стадионының құрылысы сияқты ірі жобаларды жүзеге асыру жоспары да бар. Бұл ретте біз өзекті мәселелерді ұмытпай, қала тұрғындары мен қонақтары үшін барынша жайлы өмір сүру жағдайларын жасауға күнделікті және сағат сайын назар аударуымыз керек. Баршаңызды жүктелген міндеттердің орындалуына асқан жауапкершілікпен қарауға шақырамын. Жұмысына салғырт қарағандар ескерту не басқаша жазаланбайды, бірден орнын босату жағын да қарастыратын боламын», – деді облыс әкімі Асхат Шахаров.

Д.АЙДАР.