Ырғыз ауданында әлемге танымал, миллион жылдық тарихы бар жерге метеориттің құлауы нәтижесінде пайда болған дүниежүзінде теңдесі жоқ бірегей табиғи ғарыштық нысан — Жаманшың кратері орналасқаны қазір көпке мәлім.
Қазақстанның киелі жерлер географиясының республикалық тізіміне енген Жаманшың кратері соңғы кездері ғалымдардың зерттеу нүктесі ғана емес, туристік қызығушылық танытқан нысанға да айналды.
Бұл нысанды зерттеп, танымал туристік объектіге айналдыру бағытындағы жұмыстарға біздің жоғары оқу орнының профессор-оқытушылық құрамы да белсене араласуда. Сонымен қатар Батыс аймақтағы туризм нарығында мамандарға деген сұраныстың артуы университеттің осы бағыттағы стратегиясының заман талабына сай екендігін көрсетеді.
Енді бұл нысанның тарихына тағы да назар аударсақ, Жаманшыңды алғашқы болып 1937-1939 жылдар аралығында зерттеген ғалымдар А.Л.Яншин мен В.А.Вахрамеев жер бетінен палеозой дәуірінің жыныстарын табады.
Ал ресейлік білікті ғалым, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор Петр Васильевич Флоренский 1975-1976 жылдары Жаманшыңның жарылыстан пайда болған ойпат екендігін ғылыми түрде дәлелдеп, кейін осы туралы «Метеоритный кратер Жаманшин» атты еңбегі жарық көрді.
1989 жылдың қыркүйегінде АҚШ, Канада, ГФР және Франция елдерінің ғалымдарынан құралған халықаралық экспедиция ұйымдастырылып, Жаманшың әлем назарын аударды.
Бұны қысқаша баяндасақ, бұдан миллион жыл бұрын осы жерге оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай салмағы 36-40 миллион тонналық космостық дене салмағы бар метеорит құлаған. Он мыңдаған мегатонна бомбаның қуатындай жары-
лыстан аумағы 5-6 шақырым, тереңдігі 700 метрдей қазан шұңқыр, түскен жерде төңкерілгеннен шыңдар пайда болған. Метеориттің диаметрі 500 метрге дейін жетеді.
«Бұл — аспан мен жердің соқтығысуы. Екеуі де шексіз қуатты. Адамзат мұндай метеориттің құлағанын көрген емес. Әрі көз ілеспес жылдамдықпен келіп, жерге түсті де жоқ болып кетті. Сол кезде метеорит құлаған жерде табиғи жыныстар түзілді. Ал адамзат мұндай қысымды еш уақытта қолдан жасай алмайды. Жаманшың дәл осындай жағдайды бастан өткерді», — деді ғалым П.Флоренский.
Жарылыс толқынының, шектен тыс температура мен қысымның әсерінен жер қойнауындағы жыныстардың ауқымды бөлігі араласып, нәтижесінде импактит, тектит түрлері пайда болған.
Бұл екі тау жынысының жер бетінде бір жерден табылуы алғашқы рет Жаманшың кратерінің үлесіне тиіп отыр. Табылған импактиттерге — «Жаманшинит», тектиттерге — «Иргизит» деген ғылыми атаулар берілген.
Жаманшың кратері — еліміздің аумағындағы бірегей орын. Ол туралы жүздеген мақала жазылып, зерттеу жұмыстары жүргізілді. Ақтөбеге бірнеше мәрте келіп, халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларда сөз сөйлеген П.Флоренский кратерді қорғауға алып, туризмді дамыту жұмыстары кезінде жерді жалға бермеу қажет деген ойын білдіреді.
«Зерттеуші Павел Флоренский кратердегі 20 шақырымды қорғауға алып, қоршауды ұсынып отыр. Біз 100 шақырымды астрофизикалық, тарихи, табиғи ендік бағытты қамтитын кешенді туристік геопарк немесе орталық құрылуы қажет деп есептейміз. Зерттеуші Серік Әжіғали 30 жылдан бері осы туралы айтып келе жатыр. Себебі Жаманшың маңында Әбілқайыр хан 45 мың әскерін жинаған, Алмат тамы, Жаныс би тамы, Балғасын мовзолейі бар. Мәселен, Балғасын маңындағы емдік тұз Қырымның кез келген курортындағы ем тұзынан сапалы, Ырғыз-Торғай резерваты бар. Бәріне ортақ туристік маршрут қажет», — дейді белгілі өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай.
Жаманшыңға құлаған метеоритті геологтар осыдан жарты ғасыр бұрын зерттеген. Бүгінде кратердегі жыныстар тоналып, көлденең табыс көзіне айналды. Бірақ бұл тәрбие орны болуы керек. Жастарды патриоттық сезімге тәрбиелейтін, туристік орынға айналдыратын жер. Сонымен қатар жас ғалымдарға арналған зерттеу алаңы болуға тиіс.
Ақтөбенің бұл аймағы соңғы жылдары туризм картасына еніп, осы аймақтағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының жандануына себепші болды.
«Қазақстанның киелі жерлері географиясы» базалық бағыты аясында бұдан бірнеше жыл бұрын облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, облыстық планетарий және университетіміздің «География және туризм» кафедрасы ұжымының қатынасуымен Жаманшың метеорлы кратеріне жүргізілген халықаралық ғылыми-зерттеу экспедициясы зерттеулерінің нәтижесі ретінде ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды.
Бұл шараға академик П.Флоренский бастаған Ресейдің және Қазақстанның бір топ ғалымдары қатысты.
Басты мақсат — облыс аумағында орналасқан бірегей табиғи объектіге әлемнің назарын аудару, нысанды қорғау, кратерлік геопарк құру мүмкіндігін қарастыруға бағытталған еді.
«Жаманшың» кратері геоғарыштық тегі бар нысан ретінде туристер үшін қызықты болады, геотуризмді дамыту әлемде жоқ кратермен танысуға зор мүмкіндік береді. Геопарк жобасы жүзеге асырылса, облыс бюджетіне де қаржы құйылатындығы даусыз.
Өңірімізде өскелең ұрпақты рухани құндылықтар негізінде тәрбиелей отырып, ішкі танымдық туризмді дамытуды пайдаланумен қатар, шетелдік туристердің де қызығушылығын тудыру артық болмасы айқын.
ҚОСЫМША ДЕРЕКТЕР
Жаманшың атауы туралы аңыз көп.
Бұл жерге өсімдік те шықпай, жәндіктер де жолай алмағандықтан жұрт Жаманшың деп атап кеткен делінеді.
Жаманшың аумағынан табылған тектиттер ТМД елдері территориясында бірінші рет тек Ақтөбе облысынан ғана табылып отыр. Бағзыда адамдар бұл заттан түрлі бұйымдар жасағаны да зерттеушілерге мәлім.
* * *
Жаманшың кратері ҚР Үкіметінің 2010 жылғы 18 қарашадағы №1212 Қаулысымен бекітілген «Республикалық және халықаралық маңызы бар мемлекеттік табиғи-қорық қорының геологиялық объектілерінің тізбесінде» 25 нөмірімен тіркелген.
* * *
Метеориттер тасқынынын ізі Жаманшыңнан Қаратау жоталарының солтүстігі, Бетпақдала, Алатау, Жетісу өлкесі арқылы Оңтүстік Қытайға жетіп, одан әрі Индонезия мен Австралияны басып өтіп, Тасманияға жеткені картаға түсірілген.
Қазақстан аумағында метеориттер тасқыны өткен жерлердің барлығында далалық тайпалардың суретшілері салған таңбалар кездеседі, бұл жерлер таңбалы тас деген атпен белгілі. Солардың бірі — Алматыдан батысқа қарай 160 км-дей жердегі Аңырақай тауларындағы таңбалы тас ескерткіші.
* * *
Жаманшың кратерінде түзілген жаманшинит пен иргизит жынысы, жоғарыда айтылғандай, бірде-бір жерде кездеспейді.
Кеңестік кезеңде ғалымдар бұл жерден алмаз іздеген екен.
Ярослав Бойко, ардагер геолог:
…«Запказгеология» зерттеу институты Жаманшың кратерінің құрылымын, ол жердегі жыныстарды зерттеуге жұмылдырылды. Кратердің негізгі формасын анықтау үшін қашықтығы үш шақырым болатын жерде қазу жұмыстары жүргізілді. Бізге «арнайы шикізатты іздеу» тапсырылды.
Бұл не?
Әрине, алмаз.
Ол кезде алмаз іздеп жүрміз деп ашық айтуға тыйым салынған болатын. Ғарыштан суретке түсірілді, Жаманшың кратерінің жанынан 50-ге жуық түтікше анықталды. Суретті көрген академик Павел Флоренскийдің «ғажап» деп айқайлағаны әлі есімде.
Зерттеу жұмыстарына Новосибирск, Ленинград секілді онға жуық қаланың ғалымдары қатысты. Іздегеніміз табылмады. Кейін метеорит жерге құлаған кезде алмаз түзілетін қысымға жетпеген деген шешімге келді. Бәлкім, біз дұрыс зерттеу жүргізе алмаған шығармыз, бәлкім, қателескен болармыз. Әлі де зерттеу керек шығар. Сондықтан жұмысты жалғастыруымыз керек. Алтын, хромит те табылар.
Мен Жаманшың Қазақстан қазынасы деп айтамын.
Әлем алдындағы мақтанышымыз осы жер».
Кейін академик Павел Флоренский Жаманшыңда алмаздың ұшқыны бар екені ғылыми зерттеулер арқылы дәлелденгенін жеткізді.
* * *
Деректер бойынша жерге жыл сайын 10-20 тонна метеориттік заттар құлайды екен. Жер қыртысы өзінің қалыптаса бастаған кезінде, яғни осыдан 3,5-4,0 млрд жыл бұрын, орасан зор метеоридтер бомбалауына ұшыраған. Алып метеориттер соққылаған кезде бөлінген қызудан жер қыртысы балқып кетіп, магмаға айналып отырған. Содан бері әртүрлі жиілікпен метеориттер жер бетіне құлауын жалғастырып келеді.
* * *
Бір қызығы, XVІІІ ғасырдың соңында Париж Академиясы аспаннан жерге құлап түскен тастар туралы мәліметтерді қабылдамауға жарлық шығарған. Жарлықта аспаннан тас жауа алмайды, өйткені аспан қатты деп көрсетілген. Бірақ метеорит-тастар жерге құлаған және құлауын жалғастырып тіршілікке қауіп туғызып келеді.
Жерде метеориттер қалдырған белгілер өте көп. Адамдар мекендеген материктерде олардың 2000 сынығы жиналған, ал Антарктида материгінен 4000-нан аса метеорит сынықтары табылған..
БАҚ материалдары бойынша әзірленді.
Айдын ӘБДЕНОВ,
тарих ғылымдарының кандидаты,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті жоғары колледжінің директоры.
Тағы да
№12 ● желтоқсан ● 2023 жыл
СӘНІМ ЖӘНЕ ОНЫҢ ШӘКІРТТЕРІ
Ұрпақ