Бүгінде тігіншілік ісі — еңбек нарығындағы ерекше сұранысқа ие кәсіптердің бірі. Көп- балалы отбасынан шыққан Света Ермекбаева тігіншілікпен бала кезінен айналысып келеді.
— Негізінен тігіншілік шеберлігі менің бойыма әжемнен дарыған деп ойлаймын. Анам да осы істің ісмері. Әжем Рахила кезінде ауылға танымал шебер болған. Киіз басып, алаша тоқыған. Анам осы әжемнен үйренген болар, қолынан келмейтін ісі жоқ. Құрақ құруды осы анам Айғайшадан үйрендім. Бала кезімнен оның сан түрлі тоқымалардан небір керемет дүние шығарғанын көріп еріксіз қасына отырып кірісіп кететінмін, — дейді ісмер апамыз.
Бала кезінен тоқыманың, кестелердің түрін үйренген Света апамыздың бұған дейін бұл істі кәсіп қылу ойында болмаған. Өзінің отбасына, көрші-көлем, дос-жаранға, сұраған адамға қызметін көрсетіп жүрген-ді. Кейін бұл кәсіптің нарықта жақсы сұранысқа ие болып жүргенін байқаған ол қолөнерді кәсіп қылуға түбегейлі бет бұрады. Қазақтың мүйіз, қосмүйіз, өркеш, шыныгүл, шытырман, түйетабан, сыңарөркеш, тарақ, қосалқа, жіліншік, бөрікөз, құсқанат, тұмарша, бұған өрнек секілді оюларын бес саусағындай біледі. Сонымен қатар ұлттық нақыштағы кәжекей, камзол, соңғы кезде трендке айналған тақияға сұраныс артып келеді. Бұрындары тігіншілікті сауда үшін емес, жай ғана демалу үшін ермек ететін Света Ермекбаева бүгінде түрлі бұйымдарды тапсырыспен тігеді.
— Осыдан бес жыл бұрын тігіншілікті кәсіп еткім келіп, жұмыспен қамту орталығы арқылы үш айлық курсқа жазылғаным бар. Балаларымның қатарластарымен бір партада отырып, шәкірт болдым. Шәкіртақы алдым. Негізінен бұл іспен бала кезімнен айналысып, қыр-сырын үйреніп өскен адаммын ғой. Алайда қазіргі таңда кәсіппен айналысу үшін сенің шеберлігіңді растайтын қандай да бір құжат керек екен. Сол себепті курсты ойдағыдай тәмамдап, сертификат алдым. Дегенмен қанша жерден білем десең де, білмейтінің көп екен. Осы курста жастардан тігіншіліктің заманауи тұстарын, лайфхактарын үйрендім, — дейді Света апа күлімдеп.
Расында, қазіргі құрақтардың, тоқыма бұйымдардың бұрынғыдан өзгешелігі көп. Заман талабына сай ісін дамытып келе жатқан Света Ермекбаеваның бүгінде 3D, Versace көрпелеріне сұраныс жиі түседі.
— Анам үйдегі құрақ көрпелерді өзі тігетін. Оған қоса киіз басып, қоян, түлкі терілерінен ішіктер, бас киімнің түр-түрін тігетін. Ертелі-кеш тігін машинасында отырып жұмыс істейтін анамызды біз аяйтын болсақ керек. «Үйдің бәрі көрпеге толды ғой, енді болған шығар, шаршамай, қойсаңызшы» десек, анам «Бұл шаршау емес, керісінше, рахат табу. Көңілі сүйген кәсіппен айналысқан адам шаршаушы ма еді?» деп жауап қататын. Сөйтсек, шынында да, адам жанына жақын жұмыспен айналысса, шаршамайды екен ғой, — дейді ісмер апа.
Бүгінде тігіншіліктің құрақ көрпе тігу бағытына аса көңіл бөліп отырған апамыз қыз жасауларын қолға алып келеді. Қандай құрақ болсын, тапсырыс берушінің қалауына қарай тігіп береді. Света Ермекбаеваның әлеуметтік желідегі kurak_korpe_sveta инстаграм парақшасына кіріп, жұмысымен өзіңіз де таныса аласыздар. Ұлттық нақыштағы көрпелер мен киімдерге қазіргі таңда сұраныс артып келетініне қуанатынын сөзге тиек еткен ісмер апамыз бұны ұлттық құндылықтарымыздың жоғалмағаны деп қатты қуанады.
— Ұлттық киім киюдің өзі қазақы тәрбиеміздің жоғалмағанын көрсетеді. Бұрын-соңды қазақы көйлектерді тек Наурыз тойларында, сахнаға шыққанда киетін қыз-келіншектеріміз, бүгінде тойларға тапсырыс беріп тіккізіп, тіпті күнделікті өмірде киімінің бір элементіне қазақы ою қосқызып жатады. Осыған менің көңілім толып, кеудемді қуаныш кернейді, — дейді ол.
Кәсібін баласындай жақсы көретін ісмер апамыз бүгінде ұмыт болған тікпе текеметті қолға алып, жаңғыртқысы келетінін айтады. Кезінде анасынан үйренген өнерге екінші дем беріп, өз кәсібі арқылы жандандыру ойы бар. Жастайынан анасының жанында жүріп, өнеріне тәнті болып өскен ол анасының шеберлігін болашақ ұрпаққа қалдырғысы келеді. Бұл талабын анасы да құп көріп, қолдан келгенше білгенін әлі де үйретіп бағады. Он саусағынан өнер тамған анасы да өзіне тартқан қызын барынша қолдап, тігіншілік өнерінің сырларымен бөлісіп, үйретуден шаршамайды.
Мадина БОЛАТБЕК,
Алға ауданы.
Тағы да
№12 ● желтоқсан ● 2023 жыл
СӘНІМ ЖӘНЕ ОНЫҢ ШӘКІРТТЕРІ
Ұрпақ