Ақтөбелік Азат Алдияров өз өмірін түске ұқсас тіршілікке ұқсатады. Шынында, оның қым-қиғаш тағдыры киноға сұранып тұр.
23 жасында өндірістік жарақат салдарынан I топ мүгедегі боп қалған кейіпкеріміз оқыс оқиғаға қарамастан, отбасын құрып, бала сүйген. Спортта да жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай: ол — Қазақстандағы паралимпиадалық ойындардың чемпионы.
Тылсымға толы…
Хромтау ауданында туып-өскен Азат Алдияров жұрт қатарлы мектепке барып, арнаулы орта білімді игерді. Одан соң үйдің кенжесі әкесі мен ағасының жолын қуды: шахтаға үңгуші болып жұмысқа орналасты. Қарапайым еңбек адамының өмірінде басқалардан бәлендей ерекшелік жоқ-ты. Тек уақыт өте келе түсініксіз жайттарды басынан кешіретін болды…
…16-17 жасында ойда жоқта бір балгермен тілдесіп қалады. Жас жігітке ұзақ қараған әлгі адам: «27 жасыңа дейін абайлап жүр, балам. Сақтанбасаң, мүгедек боп қалуың, тіпті мерт болуың мүмкін. Егер мен айтқан кезеңнен аман өтсең, бәрі жақсы болады» дейді…
Азаттың өмірін күрт өзгерткен жағдайдан 6 ай бұрын жақындарының айтуымен құмалақшыға барғанда, ол да көңілсіз оқиғаны алдын ала болжайды. «Сен жұмыс істемейсің, бірақ үйіңе қаржы келіп тұрады…» деп сәуегейлік танытады әжей. Сол кезде кейіпкеріміз, әрине, балшының бұнымен не айтқысы келгенін түсінбейді.
— Оқыс жағдайдан тура бір апта бұрын түс көрдім. Жаным қатты қиналып, ауруханада жатыр екенмін. Аяғымды мүлде сезбеймін. Шошып ояндым… Тағы бірде түсімде зауытқа кірер қақпаның алдында қап-қара киім киген әжейдің алақан жайып, маған қарап дұға жасап тұрғанын көрдім. Шыны керек, білетін дұға-сүрелерімді оқып, ештеңені елемеуге тырыстым.
Шахтаға баратын тап сол күні де біртүрлі күйді басымнан өткердім. Аяқ астынан тісім қатты ауырды. Шыдатпады. Амалсыздан тіс дәрігеріне қаралып, соны жұлдырдым да, медициналық анықтама жазып беруін өтіндім. «Жағдайым болмай тұр, бүгін жұмысқа шықпай-ақ қояйын». Онымен дәрігер ештеңе етпейтінін алға тартып, бара бер деді. Қарап отырсам, бұның барлығы маған белгі болған екен-ау, Құдай сездіріпті. Сол күні райымнан қайтпай, жұмысқа шықпай қойғанымда, аман-сау жүрер едім деп те ойлаймын. Бірақ жазмыштан озмыш жоқ деген рас екен, — деп сыр ақтарады Азат.
БІЗДІҢ ДЕРЕК
«Ақтөбе қаласының сал аурулар одағы» қоғамдық бірлестігінен білгеніміздей, облыс орталығында жүріп-тұруы қиын 1500-ден астам адам тіркелген. Бұл — ресми статистика, бірлестіктің тіркеуінде жоқ қайсар жандар да болуы мүмкін…
Екінші өмір
2008 жылдың 20 қазаны. Азат денсаулығының нашарлап тұрғанына қарамастан, бәз-баяғы әдетімен 4 жылдан бергі жұмыс орнына келді. Күнделікті тіршілік, бәрі үйреншікті әдіспен қайталанады деп ойлаған…
— «Қазхром» компаниясына қарасты Хромтау қаласындағы шахтада 180 метр тереңдікке түсіп, жұмыс істеймін. Үңгушімін (проходчик), осы саладағы ең ауыр қызметтердің бірі. Бір топ адамбыз. Не болғаны әлі түсініксіз, кенеттен үстіме ауыр тас құлады. Салмағы ауыр зат омыртқама қатты зақым тигізген болуы керек, сол бойда есімнен танып қалыппын. Есімді жисам, әлі сол шахтада жатыр екенмін. Аяғымды сезбеймін… Ауыр жарақат алғанымды бірден түсіндім. Денемнің әр бөлшегі ауырып, сөзбен айтып жеткізгісіз қиын күш кештім. Жағалай топырлаған адамдар, айқай-шу болды, — деп, өткен күндерді еске алған кейіпкерімізге үш рет ота жасалған. Онымен қайтадан жүріп кетуіне тағдыр жазбапты…
Бұған дейін еркін жүріп-тұрып, қалаған жеріне қиындықсыз барған Азат денсаулықтың қадірін енді мықтап біледі. Алғашында қолын да көтере алмай, әбден қиналады. Отыру былай тұрсын, орнынан қозғалудың өзі мұңға айналады. «Өмірімнің ең көңілсіз кезінде маған қолдау білдірген — ата-анам мен бауырларым. Достарым да уайымға берілуіме жол бермей, ылғи жанымнан табылды. Солардың арқасында ғана сынып кетпей, алға
қарай ұмтыламын деп шештім. Бір жағынан, осы халімді әке-шешеме көрсетпейін, олар мені ойлағаннан ауырып қалмасын деген ниет болды. Есімді тез жинауға сол әсер етті. Қысқасы, жаңа өмірім басталды. Әйтпесе кіндіктен төмен ештеңе сезбеймін, денсаулық жағдайым өте мүшкіл еді», — дейді ол.
Тексеріс жұмыстары оқыс оқиғаға кәсіпорын басшылығы да, жұмысшы да кінәлі емес деген шешім шығарады… Бірақ компания Азатқа өмірінің соңына дейін жалақысын төлеп, денсаулық жағдайына байланысты басқа да шығындарын өтеуге міндеттеледі. Соның ықпалымен кейіпкеріміз Германия, Қырымдағы оңалту шараларына барады. Қырымда ақтөбелік тағдырластарымен танысып, мүгедек жандарға бейімделген Саки қаласында ем алады. Сол арқылы өзі секілді қоларбада отырғандардың ұйымы барын біледі. Бұған Қазақстанның Еңбек Ері Құралай Байменованың да септігі мол.
Жаны жабырқап жүрген тағдырласына: «Бізге келіп, спортпен айналыссаңшы. Оқшауланып қалма…» деп жөн сілтейді.
Содан бастап Азат спорттық жаттығуларды үзбей жасап, алғашында жүзуге жазылады. Іле-шала жеңіл атлетикаға бүйрегі бұрып, мұнымен кәсіби тұрғыда шұғылдануға кіріседі. Нәтиже көп күттірмейді. Алматы, Павлодар қалаларында мүгедек спортшылар арасында өткен елішілік спартакиадада жүлдегер атанады. Ал 2019 жылы Ақтөбеде ұйымдастырылған республикалық Паралимпиада ойындарында жеңіл атлетика бойынша алтын медальді жеңіп алады. Сондағы Азаттың қалай қуанғанын көретін көз ғана керек, сипаттауға сөз жетпейді…
— Қазіргі таңда өз үйімде спорттық құрылғыларды жасақтап, жаттығып жүрмін. Арманым — халықаралық Паралимпиада ойындарына қатысып, жеңімпаз болу. Сөйтіп, өзім секілді іні-қарындастарыма үлгі болғым келеді, — деп тілегімен бөлісті ақкөңіл жігіт.
Сериалға бергісіз сезім
Қайсар рухты Азат спортқа ғана көңіл бөліп қоймай, жеке өмірін де реттестіруді мақсат етті. Соның әсерімен 2010 жылы майл-агент (ол кезде көпшілік арасында сұранысқа ие) әлеуметтік желісіне тіркеліп, өзіне сыңар болатын серік іздей бастады. Монитордың арғы жағында танысқан бойжеткендерге бірден қоларбада отырғанын жасырмай жеткізді. Ондағы ойы — уақытты босқа жоғалтпау және өз-өзіне негізсіз үміт сыйламау…
— Сол арқылы Ресейдің Орынбор облысында тұратын Алмагүл деген қызбен таныстым. Суретте кескіні келісті, хат жазысқанда әңгімесі түзу. Медбике екен. Бірнеше күннен соң I топтағы мүгедек екенімді айттым. Басқа қыздардай емес, бұны қалыпты қабылдады. Достығымыз жарасып, 8 айдың қалай өте шыққанын білмей қалдым.
Кейін Ақтөбедегі туыстарына қыдырып келетінін, сол кезде маған да соғатынын айтты. Кездестік. Бір-бірімізді бірден ұнатып, достығымыз махаббатқа ұласты. Болашақта келіншегім болатынын, менің адамым екенін сездім. Түйсігім алдамапты, ол Хромтаудағы туыстарына жиі келуді әдетке айналдырып, ақыры әке-шешесіне құда түсіп бардық. Олар өз келісімін берді. Сөйтіп, шаңырақ көтеріп, Хромтаудан Ақтөбе қаласына көшіп келдік. Әкемнің қолдауымен пәтер алдық, — деп махаббат хикаясы туралы әңгімеледі параспортшы.
Сөзсіз, әр отбасын берік етіп, оны нығайтатын — бала. Азат пен Алмагүл де ата-ана атануға асықты. Бұған жетудің барлық жолын қарастыруға көшті. Көп ұзамай отағасы өзі секілді тағдырласының ЭКО, яғни жасанды ұрықтандыру арқылы балалы болғанын білді. Бұл, әлбетте, жас отбасыға үлкен үміт сыйлады. Ерлі-зайыптылар тәуекелге бел буып,
банктен несие алып, елордадағы емханалардың бірінде қатарынан екі рет жоғарыда аталған медициналық амалға жүгінеді. Онымен екеуі де сәтсіз шығады… Сол аралықта Жаратқанның жақсылығынан күдер үзбеген жас жұбайлар қарыздарынан құтылып, біршама уақыттан соң Алматыдағы орталыққа қаралады. Бұл жолы да қыруар қаржы жұмсалады. Қуантарлығы сол — есіл еңбек пен зор үміт ақталады. Екеуінің қалауымен Алмагүл ұл балаға жүкті болады.
— Қанша рет қарыздансақ та, бұл сезім соған тұратын еді… Келіншегімнің аяғы ауыр екенін білгенде, бойыма қанат біткендей, аспанда ұшып жүргендей болдым. Медицинаның осылай дамығанына шүкіршілік еттім. Сөйтіп, білікті дәрігерлердің арқасында 2019 жылдың басында Ілиясымыз өмірге келді, — деген Азат артында ұрпақ қалудан артық бақыт жоқ екенін атап өтті.
«Көлікті тізгіндеп жүрмін»
Азаттың отбасының көз қуанышы — Ілияс қазір 4 жастан асты. Жас әкенің күн тәртібі кішкентайды балабақшаға апарудан басталады. Одан соң үйдің ауласын реттестіру, спортпен айналысу, басқа да күнделікті жұмыстар жалғаса береді.
— Заң бойынша жұмыс орнында өндірістік жарақат алған мүгедек жандар басшылығынан автокөлік талап етуге құқылы екенін беріректе білдім. Кеңес Одағы кезінде сондай талап болыпты. Соны негіз етіп өндірісте жарақат алған жігіттермен бірге кәсіпорыннан машина сұрап, Үкіметке дейін ұжымдық хат жаздық. Ұзақ жылғы еңбегіміз елеусіз қалмай, 2017 жылы шахтада жарақат алған 6 жұмысшы болып «Лада Гранта» маркалы көлікті иемдендік. Бір жақсысы, компания біздің жағдайымызға қарай оны ыңғайлап берді. Қатты қуанғанымнан болар, бірден жүргізіп кеттім. Мүлде қорыққаным жоқ. Құдайға шүкір, соның арқасында келіншегімнің туған жері — Орынборға, облыстағы киелі жерлерге қиындықсыз барып-келемін. Қайда барсам да жол ашық, — деп күлген Азат кәнігі жүргізуші болып шықты.
«Темір тұлпарды» тізгіндегеннен бөлек, Азат әлеуметтік желілерде де белсенді. Әлеуметтік желілерге өзінің жаттығу, күнделікті шаруаларынан видео салып тұрады. Мүмкіндігім шектеулі демейді, жер үйдің бітпейтін жұмыстарын да «қатырады». Онысын әлгіндегі желідегі жазбаларынан байқадық.
— Үйде мейлінше көп отырмауға тырысамын. Далада жаттығулар жасаймын. Әйтпесе үйден шықпай отырып қалсаң, басыңа түрлі ойлар келеді…
Бүгінгі өміріме Құдайыма мың да бір шүкіршілік етемін. Отбасым, үйім бар. Айналамдағы адамдар аман. Осының өзі неге тұрады?! Кішкентай нәрсенің өзінен жақсылық көре білу керек, — деп ой түйеді 37 жастағы ақтөбелік.
Біз де өмірі анау-мынау кинодан кем түспейтін Азаттың өмірінің ендігі тек жарқын өтуіне тілектестігімізді білдірдік.
АЙТАРЫМ БАР
Гүлмирам СРАЖОВА,
облыстық мүмкіндігі шектеулі адамдардың спорттық клубының жаттықтырушысы:
— Азат алғашқы қатысқан жарыста-ақ II орын алып, өзінің әлеуетін аңғартқан. Ол жеңіл атлетиканың үштік сайысы — ядро, диск және найза лақтыру түрінен жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. Ақтөбеде өткен республикалық жарыста чемпион болды. Бұл — бастапқы кезең үшін керемет көрсеткіш. Оны болашағынан үлкен үміт күттіретін спортшы дер едім.
Ол жастайынан спортпен айналысқан, денесі шымыр. Сондықтан оның мүмкіндіктері зор деп ойлаймын. Тек еңбектену керек. Халықаралық деңгейдегі Паралимпиадаға қатысуға күш-қайраты жетеді. Бірақ тынбай жаттығу қажет. Сосын елішілік, жаһандық жарыстардан жүлделі болып, Олимпиадаға қатысуға лицензия алуы шарт.
Айбек ТАСҚАЛИЕВ.
Тағы да
№12 ● желтоқсан ● 2023 жыл
СӘНІМ ЖӘНЕ ОНЫҢ ШӘКІРТТЕРІ
Ұрпақ