Күндердің бір күнінде КазГУ-дің (ол кезде С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің) журналистика факультетінің №5 жатақханасына «Жалын» баспасының қызметкерлері кездесуге шақырылды. Кездесу әдеттегіше фойэде өтті, қонақтардың ортасында ақын Өтежан Нұрғалиев отырды. Кім сөйледі, не айтты, бұл жағы басқа бір әңгіменің еншісі.
Ал мына кездесуде шешілген мәселе — журналистика факультеті студентерінің топтама жыр жинағын шығару жөнінде шешім қабылданды. Өте-ағаң бастаған қонақ қаламгерлер уәде берді.
* * *
Ол кезде (1980-жылдарда) факультет жанындағы Мұхаметжан Сералин атындағы әдеби бірлестіктің абыройы жоғары еді. Бес бірдей курстың өлең шығаратын, проза жазатын нанталап қыз-жігіттері осы бірлестіктің отырыстарына келетін. Батылы барғандар балауса туындыларын өздері тәрізді талапкерлердің талқысына ұсынатын. Біреулер мақталатын, біреулер әжептәуір сын еститін, ал бұл басқосуда не айтылатынын барлағысы кеп келген тағы біреулер барың мен жоғыңды бармақ басты, көз қыстысыз әділ таразылап беретін мынадай ортаны көріп, көркем дүние жазудан безіп шыға келетін. Әдеби бірлестіктің есігін тарс жабатын.
Сол шамада студенттер — Жүсіпбек Қорғасбековтің «Жылантөбе хикаясы», Сәбит Дүйсенбиевтің «Қызыл алма», Нұрғали Оразовтың «Долана» әңгімелері, басқа да бірқатар студенттердің өлеңдері «Жалын» журналында, «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» газеттерінде басылып, әжептәуір әңгімеге өзек болғанын да ұмытпау керек. Жолтай Әлмашевтің немесе Бейсебай Кірісбаевтың соңғы курста жүргенде жұқа кітапшалары шыққаны да есте.
* * *
Әйтеуір, «Жалын» баспасы қызметкерлерімен кездесу аяқсыз қалған жоқ, ағалар берген уәдені орындады. Расында да, 1981 жылы журфак студенттерінің өлеңдерінен құралған «Темірқанат» деп аталатын топтама жинақ жарқ ете қалды. Толық анықтамасы мынау:
«Темірқанат», өлеңдер. Құрастырған Жұмабай Әбілев. Алғысөзін жазған Зейнолла Серікқалиев. Редакторы Өтежан Нұрғалиев. «Жалын» баспасы, 1981 жыл. 104 бет. Тиражы — 2000 дана.
Бағасы — 35 тиын».
Жинақтың аннотациясы қысқаша жазылды:
«Оқырман қауымға ұсынып отырған «Темірқанат» атты өлеңдер жинағы КазГУ-дің Мұхаметжан Сералин атындағы әдеби бірлестігінің мүшелері туындыларынан түзілген. Балауса жырларда әлі қалыптасып үлгермеген балаң саз, жастыққа тән шыншылдық қуат бар».
Кітаптың көлеміне сай авторлар да көп бола қойған жоқ, 10 жас ақын:
Бақытжан Абызов, Үмітхан Алтаева, Ертай Ашықбаев, Самат Асқаров, Мұратбек Дүйсенбеков, Заря Жұманова, Қайролла Жәкенұлы, Мәди Қайыңбаев, Қайнар Олжаев, Гүлнар Шәмшиева.
Мынаны ескеріңіз, қазір ғой әркімдер-ақ кітап шығара беретіні. Ол заманда, шағын болса да, кітап шығару небір емен есіктердің әр жағында отыратындардың бірауызды шешімімен ғана жүзеге асатын.
Осылай жарық көрген жинақтан бірер өлеңдер оқиық.
* * *
Мәди ҚАЙЫҢБАЕВ
Он үшінші ай
Айтып едің уақыт жетті келем деп,
Мен сенген ем Бақытымды көрем деп,
Қиялымның мұхитына тереңдеп,
Күні-түні күтуменен елеңдеп…
Келер күнді тәтті қылып тамсанып,
Жасыра алмай шаттығымды ән салып…
Күттім… бірақ… сен келмедің
Отырмын
Жалғыз міне жаңа жылды қарсы алып…
Тежесем де сезімімді болмай ма,
Телміремін қар суырған шалғайға.
Тереземнің алдындағы теректе
Бүріседі темірқанат торғайлар.
Күтуі мен сағынышы тағы бар,
Арши берсең азабы да табылар.
Көкірегімде шырақ болып жағылар
Он үшінші ай болды-ау осы январь…
Бақытжан АБЫЗОВ
Қыс. Көше. Кеш
Ақ түбіт болып қар жауып еді алғашқы,
Суық ауаның аязға демі жалғасты.
Әбігер болып көшеге шығып жұрт енді,
Тон киіп еді, Алматы шапан бүркенді.
Бойыңыз жылып алған соң біраз демалып,
Соңғы хабардан тыңдайсыз соңғы жаңалық.
Қалғыған түнде
тербейді сосын қысқы өлең,
Жылы бөлмеде
сені ойлап жатып түс көрем…
Заря ЖҰМАНОВА
Түнгі сағыныш
Тыныстайды ақырын түнгі қала…
Тыншу таппай төсекте дөңбекшідім.
Сезем іштей жатырсың аласұрып,
Шырмалғандай торына өрмекшінің…
Светофорлар қалғиды ен көшеде,
Ұйқылы-ояу көздерін ашып-жұмып…
Сен де ұйықта, мен қазір түсіңе енем,
Сол қалпымда: тентектеу, ашық қылық…
Тыныстайды ақырын түнгі қала,
Тыныстайды ақырын,
тыныстайды…
Үмітхан АЛТАЕВА
Тамшылар
Сен тұрдың, жаным, сезімнің отын шақырып,
Мен тұрдым сонда жанарды мұңға батырып.
Біз айтар жырдың желісі бүгін біткен бе,
Ұстатпай қойды әңгіме етер тақырып.
Қалайша маған серік боп кетті мұң-қайғы,
Жүректің күйін енді кім естіп, тыңдайды?
Жанарды жуды жауын боп мөлдір тамшылар,
Тамшылар енді мөлдіреп әсте тынбайды…
* * *
Айтпақшы, бұл жинақтың алғысөзін жазған Зейнолла Серікқалиев: «…Ақыл жасқа қарамайды, басқа қарайды» дейді халық даналығы. «Жалын» баспасы жарастық тілеп, жолға аттандырған біздің жас ақындарымыз алдындағы еріншектеу, «мешеулеу» дамыған кейбір «ақылгөй» әріптестерінің көп өкінішін қайталамай, ел-жұртын, тұрғыластарын телміртпей, тезірек есейсе игі!» деген ақ тілегін айтқан екен.
Сыншы ағаның тілегін орындауға алдымен кіріскен, сірә, Мәди Қайыңбаев болса керек. Оқу бітірген соң «Қырық бірінші қақпа», «Каталаун қырғыны», «Үркердің Сұлусарысы» жыр жинақтары бірінен соң бірі жарияланған жас ақынға 1992 жылы Қазақстан Жастар одағы сыйлығы берілді. Ал Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын алуы, «Құрмет» орденімен марапатталуы бертінгі жаңалықтары.
Ал Қайнар Олжай (Олжаев) университет бітірген соң «Лениншіл жас», «Егемен Қазақстан» газеттерінде қызмет істеп, одан бірыңғай телевизия саласына ауысты. ТМД Журналистер Конфедерациясы сыйлығының лауреаты, ҚР Президенті грантының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанды. Көптеген кітабы жарыққа шықты.
Университетті аяқтаған бойда Ақтөбенің облыстық газетіне келген Ертай Ашықбаев та біраз жетістіктерге жетті, 10-нан астам жыр жинағы жарияланды. Бұрын Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты атанып, «Құрмет» орденімен марапатталса, биыл Мәдениетаралық және этносаралық бірлікті нығайтудағы айрықша құнды үлесі үшін тағайындалған, мемлекеттік сыйлықпен теңестірілген, екі жылда бір рет берілетін сыйлықтың тұңғыш лауреаттарының бірі болды.
Қазақстан Жастар одағы сыйлығы лауреаттарының бірі — осы жинаққа өлеңдері енген ақын Гүлнәр Шамшиева.
Жалпы осы жинаққа туындылары енгендердің қай-қайсысы да поэзияда да, прозада да, қара сөздің басқа жанрларында да өз қолтаңбаларын таныта білді. Ал темірқанат деген сөздің мағынасы қанаты қатая бастаған, ұшуға талпына бастаған құс екені мәлім. Енді өз биіктеріне жеткен аға-апаларының жолын жаңа темірқанаттар жалғастырып келе жатыр.
Диас ӘЛИХАНҰЛЫ.
Тағы да
№12 ● желтоқсан ● 2023 жыл
СӘНІМ ЖӘНЕ ОНЫҢ ШӘКІРТТЕРІ
Ұрпақ