Хосроу ШАХАНИ (1930-2002) — танымал иран жазушысы, новеллашы, сатирик. Туындылары шетел тілдерінде, соның ішінде қазақ тілінде де жарияланған.
Осыдан үш күн бұрын автомобиль апатынан қайғылы қазаға ұшыраған Жамал-ағаның Құдайы тамағына бара жатқанмын ғой. Жолай Жамал-аға екеуміздің ортақ досымыз Сәдек ұшыраса кетті.
— Қайда бет түзедің? — деп сұрады, ол.
— Жамал-ағаның асына. Жүр, бірге баралық!
— Жоқ, мен бара алмаймын.
— Шаруаң шығып тұр ма еді?
— Жоқ. Өле-өлгенше бірде-бір досымның немесе танысымның жаназасы яки Құдайы тамағы туралы естігім келмейтін болған! — деді ол жүрегі өртеніп тұрып.
— Ол ненің ақысы?
— Айтайын. Осыдан он-он екі жылдай бұрын бір армян досым — Арменак қайтыс болды емес пе?! Аңқылдаған адал достың қайғысы қабырғама қатты батты. Ол жаңалықты Арменак қайтыс болған соң үш күннен кейін кездескен оның немере бауыры Жорждан естідім.
— Бұдан бес күндей бұрын біздің Арменак бейшара бір дәмханадан бірдеңе ішіп, тіскебасарына бұзылған шұжық алып жеген ғой, — деді ол.
— Содан уланып…
— Жаназаға мені шақырмағандарың
қалай? — деп реніш білдірдім мен.
— Шынын айтқанда, — деп жауап қатты Жорж мұңайған түрде. — Оны жерлеуге өзіміз де қатыспадық. Марқұмды өлісімен мәйіттамға жөнелтті ғой. Араға бірер күн салып, бізден хабарласа қойған ешкім болмаған соң, оны белгісіз біреу ретінде көме салса керек.
Әрі, қырсыққанда, Арменак бейшараға тұтам жер мұсылмандар бейітінен бұйырғанын қайтерсіз, содан біз әлі күнге дейін оның басына ырым-жырымымызды жасап, христианға тән кәде-кәуметімізді атқара алмай жүрміз.
— Марқұмның мұсылман яки христиан екенін ажыратуға болмағаны ма? — деп сұрадым.
— Христиан біз бен мұсылман сендердің араларыңдағы жалғыз айырмашылық — сендердің жас баланы сүндетке отырғызатындарың бар ғой, ал бізде ол жоқ.
Бірақ соңғы уақытта сол отаның америкалық жаңа тәсілі табылып, оның үстіне медицина сүндеттің тазалыққа пайдалы екенін мойындаған соң біз де оны қолай көрдік емес пе. Жаны жәнатта болғыр Арменак сондай сүндетке отырғандардың бірі еді ғой, сондықтан оның я мұсылман, я христиан екенін дәрігердің біле қоймауына таңырқаудың жөні жоқ. Сорына қарай, оның жанында кім екенін анықтайтын ешбір құжаты да болмаса керек; тек кішкентай ғана фотосуреті бар екен, мәйіттамға барғанда біз де оны сол арқылы ғана таптық.
— Ендігі не түйткіл? — деп сұрадым мен.
— Арменактың денесін армян бейітіне ауыстырсақ дейміз ғой, — деді Жорж күйзеле сөзін жалғап.
— Бірақ онымыздан ештеңе шықпайды деседі, өйткені сендердің діндерің марқұм болғандардың мазасын алғанды қаламайтын көрінеді. Эксгумация тек өлімнің себебі анық болмаған жағдайда әрі сот дәрігері мен прокурордың рұқсаты арқылы ғана жасалады екен.
— Иә, жағдай шатақ. Бұл арада не істеу керек екенін әбден ойласып алмаса болмайды.
— Шіркін, сен көмектессең ғой бізге! — дегенде Жорждың өзегі үзіле жаздады.
— Саған деген алғысымызда шек болмас еді, әрі оның әйелі мен балалары сені Құдайдай көрер еді. Қазір бейшараның өзі дін қарындастарына қосыла алмай, қалай қиналып жатқанын ойлап көрші. Өзің де Арменакпен бірер жыл дос боп жүрдің, жаны қандай сезімтал болғанын білесің!
Жорж осы сөздерді айтқанда Арменак марқұм тірі кезіндегідей көз алдыма кеп тұра қалды. Өткен күндердің естеліктері анталай келіп, көзімнің шарасы жасқа толып кетті. Оның армян, менің мұсылман болғаным достығымызға қылаудай көлеңкесін түсіре алған жоқ-ты. Марқұм ақын Орфи Ширазиге тәнті еді, Хафиз бен Хайямды жанындай жақсы көретін. Осы ұлы ақындардың өлеңдері аузынан түспейтін. Өзі бұл дүниедегі әрбір адам махаббатқа лайық деп білетін, бізді айыратын — қатып қалған соқыр сезім мен күні өтіп бара жатқан ырым-жырымдар, ал шын мәнінде адамдардың арасында ешқандай айырмашылық жоқ дейтін.
Осындай таным-пайымының кеңдігі мен жеке басының сүйкімділігіне бола оған деген ықыласым барған сайын артып, екеуара достығымыз күннен-күнге нығай берген ғой, несін айтасың.
Жан-жақтан жамырай келген естеліктер ақыры көңілімді босатып жіберді, ал о дүниелік болған жан досымның бөтен зиратта жетімсіреп жатқаны көз алдыма келгенде шыбыным шырқырап кетті. Марқұмның жаны жай табуы үшін жауапкершіліктің бар жүгі маған түскенін сезіндім. Ол менен көмек сұрап жатыр. Оның: «Рас, өзге діндегілердің өзімді бөлектеген емеспін, бірақ мұнда туған-туыстарым мен жақындарымнан ешкім басыма келе алмайды. Сонда жатсам жаным жай табар
еді…» — деген дауысы құлағымнан кетпей қойды. Дүниенің бір кем жаратылысына мұңымды шағып, өзіме өзім жігер бердім де Жоржға айттым:
— Енді қайғырғаннан не пайда, ерте ме, кеш пе бәріміз осы жолмен кетеміз! Демек, тағдырдың Арменак бейшараға әзірлеген үлесі осындай болғаны да! Одан да маған айтшы, қайтсем сендерге көмегім тиеді? — дедім.
— Бүгін бе, ертең бе немесе кез келген басқа бір күні өлгендерді тіркеу бөліміне менімен бірге барып, докторға сол ақтық күні Арменакпен бірге болып едім деп айтсаң, жақсы болар еді… Ал біз судьяға арыз беріп, оның өліміне себеп болған жағдай туралы күмән білдіріп, оған сенің қатысың болған дейтін күдігімізді ұсынар едік. Марқұмның қапелімде аяқ астынан қаза болуының жай-жапсарын қалпына келтіру мақсатымен өлікті қайта ашу керектігін талап етсек дейміз ғой. Әрине, мұның бәрі Арменактың мәйітін мұсылман зиратынан армян зиратына ауыстыру мақсатымен жасалатын бос далбаса екенін өзің түсінесің ғой. Соны істегеннен кейін біз сенің зәредей кінәң жоғын, әрі ешқандай кісі өлтіру дейтіннің болмағанын, сондықтан саған қояр талабымыздың да жоқ екенін айтар едік. Іс жабылады, саған ешкім қолының ұшын да тигізбейді.
Бір қарағанға, Жорждың жоспары өте қарапайым көрінді әрі оны жүзеге асыру да оп-оңай сияқтанды, бірақ шындап келгенде істің бәрі оның ойлағанындай болмай шықты ғой.
— Жарайды, ертең таңертең екеуміз осыны істелік, — дедім мен сенімсіздеу түрде, өйткені көңілімде оған дейін Жорж басқа біреумен келісер немесе өзім де мұның неғұрлым бір тиімді жолын табармын деген жұбаныш тұрды.
Сол күні, түні бойы марқұм Арменактың менен көмек сұрап жалбарынған бейнесі түсімнен шықпай қойды. Әлденеше рет оянып, көзімді қайта жұмсам болды, марқұм сонадайдан мөлие қарап тұрады да қояды.
Таңертең ертелетіп Жорж келді. Мен киіндім де екеуміз өлгендерді тіркейтін бөлімге тарттық, содан соң сотқа барып, Жорждың арызын бердік. Талап арызда мен сол түні Арменакпен бірге болғаныма куәлік еттім, ал тергеуші маған беретін сұрақтары бар екенін айтты.
— Сендер қайда болдыңдар? — деп бастады ол.
— Пәлен жердегі дәмханада, — деп жауап қаттым мен.
— Қандай тапсырыс бердіңдер?
— Пәлендей тамақ пен түгендей шарапқа!
— Онда сағат нешеге дейін отырдыңдар?
— Он бірге дейін.
— Одан соң қай жерде ажырастыңдар?
— Пәлен көшеде!
— Содан сен қайда кеттің?
— Өзімнің үйіме.
— Ал Арменак қайда кетті?
— Білмеймін.
Ол тағы да осы сияқты көптеген сұрақтар қойып, әрлі-берлі кіріп-шығып, әлдекімдермен күңкілдесіп жүрді-дағы, ақыр соңында эксгумация жасауға тәртіп берді.
Арменактың мәйітін зерттеп шыққан сот дәрігері сол бір қырсық атқан түнде менің Арменакты жай өлтіріп қана қоймай, оны асқан айуандықпен қорлағаным жайында мәлімдеді. Хаттамада жазылған тергеу қорытындысы мына жайларды айғақтады:
1) мәйіттің мойнында жұдырық тиген соққының ізі қалған:
2) оң аяғы өткір затпен ұрып жараланған, басқа да жарақаттар көп;
3) кеудесінде металл затпен ұрғанның ізі бар;
4) ішегі зақымданған, асқазанынан удың сарқындысы табылған;
5) сол аяғының башпайы жоқ… және тағысын тағылар, тағы сол сияқтылар.
Тергеу хаттамасымен танысып шыққанда зәрем зәр түбіне кетті, бірақ осының бәрі Арменак бейшарының мәйітін ашу үшін ғана қажетті бос сандалбайлар екенін тағы да айтып, Жорж мені жұбатқан болды. Ақыры мәйітті армян бейітіне жерлеуге рұқсат берілді. Жерлеу рәсіміне қатыспақшы болып Жорждың соңынан ілесе бергенім сол еді, мені ойда жоқта тоқтатты:
— Сен қал. Өзгелерің боссыңдар.
— Мен неге қалуым керек?
— Сонда қалай, әлгіде өзің оқыған хаттаманы саған жәй қызық үшін көрсетті деп ойлайсың ба?
— Демек, Құдай сақтасын, Арменакты… олай-былай еткен мен дегілерің келе ме?
— Біз ештеңе деген жоқпыз. Бәрін өз қолыңмен жазып, мойындаған өзіңсің!
— Алланың атымен ант етейін, — дедім жаным шырқырап.
— Оның бәрі Арменактың мәйітін мұсылман бейітінен армян бейітіне ауыстыруға рұқсат алу үшін жазылып еді ғой! Шындығында мен оқиға болатын күні марқұмның қарасын да көрген емеспін!
— Тергеушіге берген мойындауларынан айну айыпталушы біткеннің бәрінің дағдысы. Үйреншікті жарапазан!
— Сонда қалай болғаны? — деп мен байғұс шыр-пырмын.
— Өткен аптада ғана емес пе еді, өздерің өлікті мұқият қарап, денеге түскен ешқандай дақ болмаған соң жерлеуге рұқсат еткен! Енді олар қайдан пайда бола кетті?
— Онда ешқандай арыз-шағым түспеген болатын, сондықтан біз бұл өлімді табиғи себеппен байланыстыруға мүмкін дескенбіз. Ал қазір жағдай өзгеріп кетті.
— Марқұмның інісі Жорж сіздерге бәрін түсіндіріп береді!
— Оның түсіндіруі тек жазаның салмағын жеңілдете алуы мүмкін, бірақ қылмыс үшін бәрібір сенің жауап беруіңе тура келеді!
Қарап тұрсам көз алдымда марқұм Арменактың мәйітін шығарып бара жатыр, жұрттың бәрі кетіп жатыр…
Айғайды салдым кеп:
— Әкетпеңдер оны! Мұқият тергеу жүргізіп, өлімнің нақты себебін анықтасаңдаршы! Алланың атымен, барлық әулие-әнбилердің аруағымен ант етейін, ол түні мен Арменактың қасында болған жоқпын! Өмірімде тауық өлтіріп көрмеген адам едім, мұнда жазғандарың қанішердің ғана қолынан келетін сұмдықтар ғой.
— Босқа даурықпа! — деп жауап қатқандар болды.
— Құдай үшін, — деп жалбарындым, — әйелімнен, балаларымнан сұрасаңыздаршы, менің үйде болғанымды растайды олар, ақиқатты ашуға көмектеседі!
— Сөз жоқ, кезінде олардан да сұраймыз. Ал әзірге сен осында қалуың керек!
— Қалғаны қалай, бастық мырза? Жұмыстағы адаммын, қызметім бар! Ізгі мақсат үшін осында келуге келіскен өзімді де ұрып жығатын адам жоқ! Жіберіңдерші мені!
— Бұл сенің нағашы апаңның үйі емес! — десті маған.
Ұзын сөздің қысқасы, алты ай бойы тергеуде болдым. Күн сайын жауапқа алу, қорқытып-үркіту, ақыл айтқансу. Арменак екеуміз «тонның ішкі бауындай» дерлік тату едік, бәріне кінәлі — менің мұншама жаңсақ басуыма себеп болған әлгі Орфи Ширази деп қанша қақсасам да ешбір көмегі болмады.
— Кім ол Орфи Ширази деген, айт та айт! — деп түп етегіме жармаса кетті емес пе.
Күлермісің бұған, жылармысың! Әрі ең жаманы — ешкімге ешнәрсе түсіндіре алмаймын. Орфи Ширазидің қайдан тауып бере қояйын бұл немелерге?
— Ау, ол өліп қалған ғой!
— Неге өледі?
— Оны мен қайдан білейін?
— Өзі өлген бе?
— Иә!
— Оны қайдан білдің?
— Кітаптан оқыдым.
— Қандай кітаптан?
— Ақындардың өмірбаяндарынан.
— Қашан өліп жүр?
— Шамамен төрт жүз жылдай бұрын!
— Әй, сапбас! — деп ақырды долданған бастық мырза.
— Сотты қылжаққа айналдырайын дедің бе? Мені қылмысқа итермелеген Орфи болды деп өзің айтасың да, енді келіп, ол төрт жүз жыл бұрын өлген дейсің! Заңмен ойнамақсың ба?! Сыбайласың Орфидің мекен-тұрағын айтып, бізге ұстап бермесең, бір өзің екеудің жазасын арқалайсың.
— Құдайым-ау, бастық мырза, садағаң кетейін! Орфиді қайдан тап дейсіз? Оның сүйегі қурап қалғалы не заман. Орфи дейтін ақын болған, он алтыншы ғасырда өмір сүрген, үнді мәнерінде өлең жазған. Ол жайында әдебиет факультетінің профессорлары менен әлдеқайда жақсы біледі.
— Сенің істегеніңе Орфи кінәлі деп айтқан өзің емес пе едің?
— Иә, айттым, бірақ ол мағынада емес. Орфи Ширазидің Арменак екеуміз бірдей сүйіп оқитын өлеңдері туралы еді ғой менің айтқаным! Олай болса, бұл сотқа Хайямды да, Хафиз бен Саадиді де әкелеуім керек болар!
— Несі бар, мархабат! Орфидің мекенжайын білмесең, сол үшеуін әкел.
— Қайдағы үшеуді?
— Әлгі өзің айтқан. Саадиді, Хафизді, Хайямды…
— Ал керек болса! Қатырасың, бастық мырза?
Түсіндірген болып жатырмын:
— Мен аруақтарды шақыра алар ма екенмін?
Оның үстіне, олар мені қалай тыңдасын: Саади мен Хафизді іздеп Ширазға, Хайямды іздеп Нишанураға баруыма тура келетінін айтпағанда.
— Олар Теһраннан қашан кетіп еді?
— Кімдер?
— Әлгі, өзің айтқан Хафиз, Саади, Хайямдар?..
Міне, бақандай алты ай бойы көргенім осындай, қорлық болды.
Ал бұл екі арада Арменактың туыстары мен жақындарына қойылған қым-қиғаш сұрақтардан анықталғаны: марқұмның мойнындағы тыр-
тық — оның бала кезінде сатыдан құлағанда алған жарақатының орны екен. Оң аяғындағы жараны өлерінен екі күн бұрын түн жарымында сылқия ішіп келіп, темір кереуетке соқтыққаннан алса керек. Сол аяғының башпайы туасы болмаған көрінеді. Ішектегі ақау мен асқазандағы зәрдің қалдығы мешкейлік пен уланудың салдары болып шықты, ал кеуде қуысы тұсындағы соққыны ол аурухана күзетшісімен болған текетіресте алыпты. Сол кеште Арменак өзін жайсыз сезініп, ауруханаға барған да сонда жолын кес-кестеген күзетшімен ұстаса кеткен…
Қысқасын айтқанда, менің кінәлі емес екенім де, ешқандай кісі өлтіру дейтіннің болмағаны да анықталды. Мен босап шықтым.
Содан бері тоғыз жылдан аса уақыт өтті, Арменак марқұмның балалары да өсіп-жетілді, бірақ олар күні бүгінге дейін әкелерінің өлімін менен көреді: «Егер сол кеште ол оны жалғыз қалдырмағанда әкеміз өлмеген болар еді!» дейді. Қайда қашып құтылам десем де жердің астынан болсын, судың түбінен болсын мені іздеп тауып, өлген әкелерінің кегін алмақшы көрінеді!
Достарым мен таныстарымның жаназасына да, құдайы тамағына да не себепті бармайтынымды енді түсінген боларсың?
— Түсінгенде қандай! — дедім мен.
Орысшадан аударған
Бекболат ӘДЕТОВ.
Тағы да
№12 ● желтоқсан ● 2023 жыл
СӘНІМ ЖӘНЕ ОНЫҢ ШӘКІРТТЕРІ
Ұрпақ