БІЗГЕ ТАҢСЫҚ БЕС ӘДЕТ

Біз әңгімелегелі отырған мемлекеттерге демалысқа аттануды немесе көшуді жоспарлап жүрсеңіз, сіз мына тұрмыстық ерекшеліктерді білуіңіз керек. Ондай жоспарыңыз болмаса да, бұл ақпараттан хабардар болу артық етпейді…

* * *
АҚШ. Қазіргі поп-мәдениетте америкалық қоғамдық кір жуатын орындар біздің қоғамдағы көп қабатты үйлер алдындағы ағаш орындықтар секілді. Яғни бұл көршілер кездесіп өзара пікірталастар жүргізетін, жаһандық маңызды мәселелер талқыланатын орын.
Шындығында, мұндай кір- жуғыш машиналар мен кептіргіштер — пәтерде орын үнемдеуге және коммуналдық төлемдерді азайтуға арналған таза утилитарлық өнертабыс.
Қоғамдық кір жуу орындары Құрама Штаттарда жеке кір жуатын машиналар халықтың көпшілігі үшін қолжетімді болмаған кезде пайда болды. Дегенмен өмір сүру деңгейі жақсарғанымен, көптеген америкалықтар көршілерімен ортақ машиналарды пайдаланғанды жөн санайды. Бұл үнемдеу мақсатында ма, әлде әдетке айналғаннан ба?! Ол жағы белгісіз…

* * *
ОҢТҮСТІК КОРЕЯ. Сіздің ас- үйіңізде кәдімгі тоңазытқыштан басқа, қырыққабатқа арналған арнайы тоңазытқыш бар деп елестетіп көріңіз. Оңтүстік Корея тұрғындары үшін бұл жағдай әбден үйреншікті. Олар онда қырыққабат емес, кимчи сақтайды. Дәмді хош иістендіріліп ашытылған бұл көкөніс — кәрістердің күнделікті тұтынатын сүйікті астарының бірі. Сол себепті оның қорын бір жерде сақтау керек болғандықтан, олар бұл үшін арнайы құрылғы ойлап тапты. Міне, қызық!

* * *
ГЕРМАНИЯ. Жексенбі барша адамзат үшін ресми демалыс күні саналатыны белгілі. Немістер үшін де солай. Бірақ біз әдетте сол күні дүкен аралауға шықсақ, олар «жексенбіде дүкендер де демалуы керек» деп есептейді. Сондықтан олар жексенбіге ертерек қамданады. Бір апта бойы дүкенге бармаған адам дүйсенбіні күтуге мәжбүр болады. Ресми демалыс күні азық-түлік сатып ала алмайтын болғандықтан, немістер дүйсенбі күнін күтпеу үшін сауданы сенбіде жасаған дұрыс деп санайды.
Бір қызығы, Германияда дүкендер тоқсанына бір рет, яғни жылына төрт рет жексенбі күні де ашылады. Бірақ мұндай кезде сатып алушылардың ағыны «Қара жұма» сатылымына ұқсайды. Адам қарасы көп болады.

* * *
ЖАПОНИЯ. Жапондардың тұрғын үйлері ешқашан жылытылмайды. Сол себепті олар арнайы жылытқыш құрылғылар мен кондиционерлерді пайдаланады. Мұндай ыңғайсыз өмір сүру жағдайы жергілікті халық арасында офуроның үлкен танымалдыққа ие болуына әсер етті. Офуро — ағаштан жасалған дәстүрлі жапон ваннасы және жылынудың жалғыз қолжетімді жолы… Бұның басты ерекшелігі, оның ішінде жуынуға болмайды… Үстін жуу үшін жапондар алдын ала душ қабылдайды. Ал ағаш ванна жылыну көзі ретінде ғана қолданылады. Ваннаны күніне бір рет қана жылы сумен толтырады, содан кейін барлық отбасы мүшелері суды бірінен кейін бірі пайдаланады.

* * *
ИСЛАНДИЯ. Бұл елдегі бүкіл сумен жабдықтау жүйесі термалды бұлақтардың есебінен жұмыс істейді. Сондықтан ағынды суды ішу, сонымен қатар онымен тамақ пісіру өте пайдалы және қолжетімді. Табиғи қайнаған су үйлерді жылыту үшін де қолданылады. Мұндай әдіспен жыл бойы жылытылатын үйлерді пәтер тұрғындары батареялардағы арнайы рет-
тегіштің көмегімен жылыту деңгейін өздері бақылай отырып, жазғы уақытта өшіріп қояды. Исландия тұрғындарының жалғыз мәселесі — күкіртті сутегінің жағымсыз иісі. Дегенмен бұл суда зиянды зат бар дегенді біл-
дірмейді. Керісінше, ол пайдалы заттармен толтырылады және ағзаға пайдалы әсер етеді деседі.
Әзірлеген Алау АЙБЕКҰЛЫ.