Қаламыздағы №34 мектептің оқушылары «Ақтөбе Медиаға» келіп, ақын, «Үш таған» журналының бас редакторы Ертай Ашықбаевпен кездесті.
Редакцияға келген балалар алдымен ғасырлық тарихы бар «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің, сондай-ақ өткен жылы шыққанына бес жыл толған «Үш таған» журналының тарихымен танысты. Оқушыларды қызықтырғаны — редакцияның музейі болды. Музейде баспа машиналары, бұрынғы кездегі пайдаланған фотоаппараттар мен диктофондар, газеттің бірнеше жылғы тігінділері сақталған. Мамандар балаларға мұнда қойылған әр экспонаттың құндылықтары туралы айтып берді.
Бұдан соң оқушылар Баспасөз орталығында ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Үш таған» журналының бас редакторы Ертай Ашықбаевпен кездесіп, ашық пікір алысты.
Ақын балаларға болашақта қай саланың маманы болуды көздесе де, алдымен газет-журнал, әдеби кітап оқу керектігін айтты.
— Қазір интернеттің заманы. Уақыттарыңның көбі әлеуметтік желіде өтеді. Бірақ арасында уақыт тауып, әдеби кітаптар оқыңдар. Өйткені әдеби туындылар миды шынықтырады, ойлау қабілеттеріңді арттырады. Ал миы шынықпаған адамнан мықты маман шықпайды.
Сендер айтып отырған Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» атты кітабы біз оныншы сыныпта оқып жүргенде шықты. Бір-бірімізден сұрап алып, үйімізге алып кетіп оқитынбыз. Жақсы шығарма. Ол кезде қазіргідей интернет жоқ, тіпті теледидар да болған жоқ. Қолымыз босай қалса кітап оқитынбыз, — деді ол.
Кездесудің әсерлі өткені сондай, оқушылар ақынның туған жері Темір ауданына қарасты Бабатай ауылына барып қайтқандай болды. Балалар Ертай ақыннан оқушы кезінде оқыған шығармалары мен студент кезіндегі қызықты оқиғалары туралы сұрады. Шара соңында ақыннан қолтаңба алып, естелік суретке түсті.
— Ертай Ашықбаевтың есімі бізге жақсы таныс. Бұған дейін Сағи Жиенбаев атындағы кітапханада ағаймен кездесу болады деп күткен едік. Бірақ Ертай ағай кездесуге белгілі бір себептермен қатыспады. Сол сәтте іштей өкініп қалған едім. Бүгін ағаймен кездесіп, сұрақтарымды қойып, ол кісінің жұмыс орнын көрдім. Өте қуаныштымын. Естелік болсын деп ағайдың қолтаңбасын алдым. Мен үшін тарихи сәт, — дейді кездесуге қатысқан 9-сынып оқушысы Анар Есенгелдинова.
Ақерке САТЫБАЛДЫ
Тағы да
Алматылық көлік жүргізуші өңір басшысымен бірге жолдағы жағдайды бағамдады
ҒАСЫРЛЫҚ ТОЙ ЖӘНЕ БАСПАНА
Ғасырлық той және баспана мәселесі