Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру

Меморандум

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданатын шаралардың тиімділігін арттыру мақсатында «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншинмен «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі Ақтөбе облысы филиалының басшысы Асылбек Байменов өзара ынтымақтастық және бірлескен қызмет туралы меморандумға қол қойды.

Негізінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылықтарды болдырмау және оның алдын алу жөніндегі профилактикалық жұмыстарды жетілдіру бүгінгі күн тәртібінде тұрған көкейкесті мәселелердің бірі.

— Біздің «Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрамындағы облыстық қоғамдық-саяси «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері, сондай-ақ «Үш таған» журналы бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Атап айтқанда, осы бағыттағы Президентіміз ұстанып отырған мемлекеттік саясатты ақпараттық қолдау, құқықбұзушылық көріністерін жария ету жоспарымызға берік енді, —деді медиа-компания басшысы Р.Отыншин.

«Әділдік жолы» бірлестігі филиалының жетекшісі А.Байменов өз сөзінде өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданып жатқан шараларға тоқталып, аталған меморандум аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру және парасаттылық идеологиясын ілгерілету жөніндегі жұмыстарды жетілдіру, халыққа кеңінен насихаттау мақсатында өзара іс-қимыл жасасу туралы бірыңғай келісімге келіп отырғандарын айтып өтті.

«Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның комплаенс-офицері Қоянбай Бостанов сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметінің негізгі миссиясы туралы және  сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің ішкі талдау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізудің жұмыс тобы жұмыстарымен таныстырып, ұжым қызметкерлері  арасында  сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамалық актілер бойынша түсіндіріп өтті.

Өз тілшіміз.