Еңбек ардагерлері Келдібай Еспағамбетов, Серік Ботағарин, «Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Раукен Отыншин және бір топ ел азаматтары баспанасыз қалған қобдалықтардың жай-күйін барып көрді. Оларға тұрғын үй-коммуналдық мекемесінің мамандары аудан орталығы мен Сарыбұлақ ауылының арасындағы жол қатынасын қалыпқа келтіру жұмыстарының жүргізілу барысы туралы айтты.
Күні кеше облыс әкімі Ералы Тоғжанов Наурыз мерекесін қобдалықтармен бірге қарсы алғаны белгілі. Өңір басшысы іссапар барысында көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге арналып салынатын 24 үйдің қазығын қағуға қатысты.
— Қобда ауылында орын алған табиғи апаттан зардап шеккендерге көмектесу мақсатында біз бірлігімізді, ынтымағымызды көрсетіп, үлкен іс бастағалы отырмыз. Құрылыс барысында өздеріңізбен бірге боламын. Көп созбай, екі айдың ішінде құрылысты бітіреміз, — деді Ералы Тоғжанов.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Арман Қабыловтың айтуынша, жаңа үйлер Қобда ауылының Жаңақоныс шағын ауданында бой көтереді. Барлық инфрақұрылым бар, көгілдір отын, ауызсу, электр қуаты тартылған.
Аудандық төтенше жағдайлар департаментінің дерегі бойынша 100 үйге су кірген. Құлау қаупі бар 17 үй тіркелген. 25 адам эвакуациялық пункттерге орналастырылып, ыстық тамақпен, киім-кешекпен қамтамасыз етілген.
— Төтенше жағдай орын алған сәттен бастап ауыл тұрғындары көмек қолын созып жатыр. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, айтып келмейтін апат салдарын бірге жеңуге күш салып жатырмыз. Алғашқы күндері 50 шақты адам спорт мектебіне орналастырылса, қазір 12 адам уақытша тұрып жатыр. Жағдай тұрақталғанша, топан судан зардап шеккендер спорт мектебінде болады, — дейді аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ольга Жәнібекова.
Қобда ауданында болған төтенше жағдайға байланысты қобдалықтарға қаржылай көмек көрсеткіңіз келсе, төмендегі реквизиттер бойынша аударуға болады:
«ШАПАҒАТ» қоғамдық қоры
ИИК KZ57563D350000066806
Қобда аудандық пошта байланыс торабы «Қазпошта» АҚ
БИК KPSTKZKA
КБЕ 16
БИН 160940011217
Мекенжай: Қобда ауылы, Астана көшесі, 46, тел.: 8(71-341)21-6-33.
Үй-жайын су алған қобдалықтарға қолдау көрсеткендер көп.
— Аудан бойынша судың деңгейі түсті. Келтірілген шығындардың есебі жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік қызметкерлер мен еріктілер бір күндік жалақысын аударды. Қаладағы ірі компаниялар 100 үйге арналған азық-түлік жіберді. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес су басқан үй иелеріне 500 мың теңгенің сертификаты берілді. Аудандық «Шапағат» қоғамдық қоры 20 миллион теңге көлемінде қаржы жинақтады. Мерекелік демалыстан соң олар көмекті қолма-қол алатын болады. Сондай-ақ іскер әйелдер ассоциясының төрағасы, жеке кәсіпкер Рәзия Галиева да төтенше жағдайдан зардап шеккендерді төсек-орын жабдықтарымен, киім-кешекпен, азық-түлікпен қамтамасыз етіп, еріктілермен бірге етене жұмыс жасап жатыр, — дейді аудан әкімі Болат Құлов.
Ерекше дархандықты сезінгендердің бірі — Валентина Проскурина.
— Қазақ халқының ауызбіршілігінің берік екеніне тағы да куә болдым. Үйім жарамсыз болып қалды. Жаңадан үй беріледі дегенде қуанышымда шек болмады. Қиын күндер артта қалып, Наурыз мейрамы жақсылығын әкелсін, — дейді ол.
Ақтөбе облысының құрметті азаматы Келдібай Еспағамбетов қобдалықтарды қиындықты бірге еңсеруге шақырып, ол өз тарапынан қаржылай көмек беретінін жеткізді. Сонымен қатар «Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұжымы зардап шеккен қобдалықтарға арнап «Шапағат» қоғамдық қорына қаржы аударды.
(Материалдың толық нұсқасын газетіміздің келесі сандарының бірінен оқи аласыздар).
Ақмарал МҰҚАШЕВА
Тағы да
Алматылық көлік жүргізуші өңір басшысымен бірге жолдағы жағдайды бағамдады
ҒАСЫРЛЫҚ ТОЙ ЖӘНЕ БАСПАНА
Ғасырлық той және баспана мәселесі