Журналистер ұлттық дәстүрлерді ұлықтады

«Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамын «Салт-дәстүр — сарқылмас байлығымыз» атауымен өткізді. Құрамында облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері мен «Үш таған» журналы бар шығармашылық ұжым ұлық мерекені сән-салтанатпен қарсы алды.

Жыл басы — әз Наурызды тойлау үшін редакцияның мәжіліс залы талапқа сай безендіріліп, шағын киіз үй тігілді. Жерге ұлттық ою-өрнектермен бедерленген текемет жайылып, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын көшпелі көрме жасақталды. Оған қазақтың шапан-қамзолы сынды ұлттық киімдерімізбен бірге, ұлттық музыкалық аспаптар, ер-тұрман, келі-келсап, т.б. жәдігерлеріміз қойылды. Ортаға, әрине, кең дастарқан жайылып, наурызкөжеден бастап, ұлттық тағамдар ұсынылды.

Ең бастысы, бұл күні ұлттық тағам, ұлттық өнім және ұлттық қолөнер мәртебесі алға шығарылды.

Редакциядағы Наурыз тойы қалам иелері дайындаған мерекелік бағдарламамен басталды.

Уа, халайық!

Ақыл-ойдың зерегінен жаралып,

Салт-дәстүрдің тереңінен нәр алып,

Наурыз келді! Наурыз келді, жарандар,

Күн нұрынан шуақ болып таралып.

Наурыз келсе, құт келгені халайық,

Айналаға мейіріммен қарайық.

Елге сыйлы азаматтар келеді,

Алдарынан әнмен қарсы алайық! — деп кештің тізгінін ұстаған газет қызметкері Талғат Тілеулесов ортаға құрметті қонақтар — ақсақалдарды шақырып, олардың әрқайсысын ән-жырмен қарсы алды. Сол арада Қыдыр ата келіп, ақ батасын берді.

«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Раукен Отыншин жиналғандарды Наурыз мейрамымен құттықтай келе, ізгі тілегін арнап, ардагер журналистердің еңбегіне тоқталды.

Аға буын өкілдеріне ерекше құрмет көрсетілді. Ауыл шаруашылығы саласының ардагері, баспасөз жанашыры Келдібай Еспағамбетов Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Сағындық Ниянқұловқа «Елеулі еңбегі үшін» медалін тапсырса, мемлекеттік қызмет ардагері Қанатбай Елеусізұлы облыстық «Актюбинский вестник» және республикалық «Казахстанская правда» газеттерінде ұзақ жыл еңбек еткен журналистика ардагері, Ақпарат саласының үздігі Жұбаныш Байғуриновтің кеудесіне «Елеулі еңбегі үшін» төсбелгісін тақты. Ал облыста ұзақ жыл ауыл шаруашылығы саласында басшылық қызметте болған Серік Ботағарин қырық жылдан астам уақыт бойы телевизия саласында еңбек еткен Ақпарат саласының үздігі Жексенбай Құлдановқа «Елеулі еңбегі үшін» төсбелгісін табыстады. Сондай-ақ серіктестік басшысы Раукен Отыншин Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Ақтөбе» газетінде еңбек еткен әріптесіміз Зәуреш Басығараеваны «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапаттады (өкінішке қарай, Зәуреш Басығараева осы шара өткізілгеннен кейін екі күннен соң дүниеден өтті).

Жоғарыда аталған төрт адамға Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамотасы да тапсырылды.

Бұдан кейін облыстық газеттердің ұжымы әзірлеген шағын театрландырылған қойылым көрсетіліп, ән айтылып, жыр-терме төгілді. Шығармашылық ұжым қазақтың келін түсіру салтын бар жөн-жоралғысымен көрсетті. Айдай жүзін жасырып, шымылдықтың ар жағынан «үйге» енген жас келін босағадан аттай бере артынан қуғыншылар да келіп үлгерді. Наурыз-думанның көркін аша түскен қуғыншылар: «Жерде жатқан қызымыз жоқ, шығарыңдар мұнда қызымызды», — деп екі бүйірін таянып, келін алған жақты сапқа тұрғызғандай қылған газет беттеушілері Нұрша Биданова мен Динара Сангулова барлығын күлкіге қарық қылды. Айыпты тараптың белді өкілі — су жаңа ене — жарнама бөлімінің аға менеджері Зәуреш Баетова да тосылып қалмады, жаңа құдағайлардың асты-үстіне түсіп, сый-сияпатын беріп, ақыры дегеніне жетті: екі ел өзара ымыраға келді. Жас келін — жазылу бөлімінің менеджері Салтанат Қиынбаеваның сәлем салуы, әп-сәтте асабаға айналған жүргізушінің өткізген беташары да сәтті шықты. Құда бала мен құдашалардың жараса билеуі, өзара әзілі мерекелік бағдарламаның көрігін қыздырғаны анық.

Бұл күні ұлттық киім киіп, өнерін көрсеткен журналистер де аз болмады. Ән салғаннан бөлек, билеп, айналаны шаттыққа бөлегендер, арасында асық ойнап, гір көтергендер кездесті. Мәселен, «Ақтөбе» газетінің бөлім меңгерушісі Айбек Тасқалиев «Шаттығым» әнін орындаса, «Актюбинский вестник» газетінің тілшісі Татьяна Токарь мен корректор Светлана Мельник бастаған топ халық әндерін құйқылжытты, мекеменің көлік жүргізушісі Азамат Жалмағанбетов «Ауылға барам» әнін әуелетті. Көлік жүргізуші Жақсылық Елеу гір көтеруден алдына жан салмады. Жігіттер жағы шиырып асық атты, арқан тартуда да бір-біріне есе жібермей, ұзақ егесті. Қыздар жағы дастарқанды жайнатты. Үлкендерге Наурыз мейрамына арналып сойылған қойдың басы тартылып, табақ-табақ ет ұсынылып, қазан-қазан көже асылды.

Жастардың өнеріне риза болған ақсақалдар да байырғы әндерді шырқап, оралмас шақтарды еске алды. Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінің әншісі Ұлан Досмұратов пен облыстық халық шығармашылығы орталығының әншісі Жалғас Тоқабаевтың өнері мерекелік кешке өзгеше реңк берді.

Шара барысында ардагер журналистер Аманқос Орынғалиұлы, Жақсылық Айжан, т.б. сөз сөйлеп, лебізін білдірді. «Үш таған» журналының бас редакторы Ертай Ашықбаев, облыстық екі газеттің бас редакторлары Сәтжан Дәрібай мен Гүлсім Назарбаева да ұжым атынан мерекемен құттықтады.

Соңында ата дәстүр бойынша Наурыз бата берген еңбек ардагері Келдібай  Еспағамбетовтің иығына шапан жабылып, сый-құрмет көрсетілді.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ