Тұрақты оқырмандарға тарту

Баспасөз — 2024

 Дүниежүзілік пошта күні әрі «Қазпошта» акционерлік қоғамының 30 жылдығына орай «Жазылушылар күні» акциясы өтті. Дәстүрлі шараға құрамында екі облыстық газет, журналы бар «Ақтөбе Медиа» ЖШС ұжымы да қатысты. 

Салтанатты шараны ашқан «Қазпошта» АҚ облыстық филиалының директоры Шынар Нұрмұханбетова жиналғандарды екі атаулы датамен құттықтап, тұрақты жазылушыларға құрмет көрсетті. Атап айтсақ, биылдыққа басылымға бірінші боп жазылған Шойынбай Баекин, тұрақты жазылушы Асқар Сисен, ең кішкентай жазылушы Аян Таңсықбайға Алғыс хат табыстап, естелік сыйлықтар тапсырды.

Одан соң «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин сөз алып, газет пен пошта арасындағы байланыс туралы айта келе, белсенді оқырмандар мен пошташыларға сый-құрмет көрсетті. Облыстық газеттерді ұзақ жылдардан бері үзбей оқып келе жатқан Асхат Жұмағалиев, Ермекбай Мүрсәлімов, пошта қызметкері Самал Серікқызына Алғыс хат берілсе, «Ақтөбенің» 60 жылдан бергі оқырманы — 86 жастағы ақсақал Ниеталы Мырзатаевқа Алға ауданындағы «Шипагер» санаторийіне жолдама берілді.

— Ұзақ жылдар бойы Шалқар ауданындағы мектепте жұмыс істедім. Жас кезімнен облыстық «Ақтөбе» газетін тұрақты түрде оқып келемін. 60 жылдан бері «Ақтөбенің» оқырманымын. Әлі күнге дейін руханият тақырыбындағы мақалаларды назарымнан тыс қалдырмаймын. Осылай ескеріп, сыйлық жасап жатқандарыңызға қуаныштымын. Таралымдарыңыз көбейе берсін! — деп ізгі тілегін білдірді қарт.

Айта кетейік, шара барысында «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның көшпелі көрмесі ұйымдастырылып, жазылушыларға облыстық «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттері мен «Үш таған» журналы таратылды. Оқырмандарға арнап жас өрен Дияр Болатов әннен шашу шашты.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.