Ұстаз мерейі

Тәрбие

Байғанин ауданы Ебейті ауылындағы Қопа орта мектебінде ардагер ұстаз Нұрбаулы Есқазиев атындағы математика кабинеті ашылды. Салтанатты шараға зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері, аудан жұртшылығы қатысты.

25 жыл ғұмырын білім саласына арнаған Нұрбаулы Есқазиев  — парасат-пайымы мол, өз мамандығын ерекше құрметтей білген, туған жеріне адал қызмет еткен ұстаз. Ол Байғанин ауданы Қопа селосының Ебейті ауылында туып, осы ауылда бастауыш мектепті бітірген. Одан кейін 8-10 сыныпты ауданның сол кездегі орталығы Жарқамыс ауылында оқыған. 1957 жылы Гурьев педагогикалық институтынан математика пәнінің мұғалімі мамандығын алып шықты. Сол уақыттан бастап білім беру саласында ұзақ жыл жемісті еңбек етті. 1964 жылы  Қопа орта мектебінде мұғалім болып, 1972-1981 жылдары мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, совхоздың кәсіподақ, партком хатшысы, кейін Байғанин орта мектебінің директоры қызметін абыроймен атқарды. Алдынан талай шәкірттер түлеп ұшты. Ұлағатты ұстаз өзінің саналы ғұмырын жас буынға білім беруге арнаған.

Нұрбаулы Есқазиевтің білім саласына қосқан үлесі, оның дара тұлғасы  өзі еңбек еткен Қопа орта мектебінде тағы бір рет дәріптелді. Ұстаздан тәлім алған шәкірттері мен ұрпағы салтанатты шараның жоғары деңгейде өтуіне бар ықыласын салды.

Шара басталмас бұрын философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов пен «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы Раукен Отыншин мектеп ұстаздарымен кездесу өткізді. Басқосуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында айтылған өзекті мәселелер мен педагогтер съезінде алға қойған бағыттар айтылды.

— Қай саланы дамыту үшін де білім мен ғылым керек. Президент Жолдауында: «Біз мәдениетті, білімді, ғылымды дамыту арқылы қазіргі ашық әлемнің бір бөлшегі болуға ұмтылуымыз керек», —  деді. Әрине, бұл мақсатқа бірден жету оңай емес. Бірақ ел болып, бірігіп іс қылсақ, алынбас қамал жоқ, — деген профессор білімді, ғылымды дамыту арқылы өркениетке ұмтылу керектігін жеткізді.

Серіктестік директоры Раукен Отыншин Президенттің білім саласы бойынша көтерген мәселелерінің өзектілігіне тоқталды.

— Мектеп бар жерде тіршілік бар. Президент педагогтер съезінде осы мәселеге айрықша көңіл бөлді. Оның ішінде қала мен ауыл мектептерінің білім сапасының теңсіздігін жою мәселесін айтты. Мемлекет басшысы «Білім беру жүйесін мүлде жаңа деңгейге шығару үшін ауқымды цифрлық трансформациялау жұмыстарын жүргізуіміз керек. Ең алдымен, 2027 жылға дейін интернет желісі әлі тартылмаған мектептердің бәрін жылдамдығы жоғары интернетке қосу қажет» —  деген еді. Әрине, білім беру үдерісін цифрландыру қажет екені анық. Себебі осы арқылы озық тәжірибеге қол жеткізуге болады. Кейінгі кезде өңірде шалғай ауылдарды интернет желісімен қамтамасыз ету мәселесі біртіндеп шешілуде, – деді Раукен Отыншин.

Кездесуден кейін салтанатты шара басталды.

Нұрбаулы Есқазиев атындағы кабинеттің лентасын ардагер ұстаздың өзі мен педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Ниетжан Беріков қиды. Ауылдың әжелері шашу шашып, батасын берді. Кең әрі жарық кабинеттің ішін заманауи құрал-жабдықтармен жарақтауға Нұрбаулы Есқазиұлының ұрпақтары көп еңбек сіңірген.

Нұрбаулы Есқазиевтің тәлім-тәрбие алған шәкірттері қазір әр салада еңбек етіп жүр. Бірі— инженер, енді бірі — мұғалім, дәрігер, экономист, бухгалтер болып абыройлы қызмет атқарса, бірқатары басшылық қызметте жасайды. Шарада шәкірттері ұстаздарының  қамқорлығын, ізгі қасиеттерін айтты.

— Ағай маған 1977-79 жылдары жоғары сыныпта сабақ берді. Өте биязы адам. Оқушыларға ұрысып, жекіп жатқанын көрмедік. Сабақты өте керемет өткізетін еді. Мен де ағайдың жолын қуып, ұзақ жылдар осы мектепте математика пәнінің мұғалімі болып еңбек еттім. Кейін оқу ісі жөніндегі орынбасар, мектеп директоры болдым. Қазір зейнеткерлік демалыстамын. Ағай — біз үшін үлкен тұлға, — деді шәкірті Ақмарал Иса.

Салтанатты шара мектептің салтанат залында жалғасты. Педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, Ақтөбе облысының құрметті азаматы Ниетжан Берікұлы, философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, ұзақ жыл Байғанин ауданын басқарған Түрікпенбай Айжарықов, Байғанин ауданының құрметті азаматы Бердіхан Кемешов өздерінің ыстық ықыласын білдіріп, Нұрбаулы Есқазиевтің өңірдің білім саласына қосқан зор үлесін айтып, жылы лебіздерін білдірді.

«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы Раукен Отыншин мектеп ұжымын ұстаздар күнімен құттықтады.

— Мұғалім — қадірлі мамандық. 2019 жылы «Мұғалім мәртебесі» деген заң қабылданды. Соңғы төрт жылда мұғалімдердің еңбекақысы екі есеге дейін өсті. Мұғалімдерге жағдай жасалып жатыр. Кеше ғана ел бойынша ұстаздар күнін атап өттік. Ал бүгін мереке  Байғанин өңірінде жалғасып жатыр.

Бүгін ашылып жатқан ардагер ұстаз Нұрбаулы Есқазиев атындағы математика кабинеті жас өрендерді үлкен жолға бағыттайды  деп сенеміз. Жаңа кабинет оқушылардың сапалы білім алуына одан әрі ықпал етеді деген ойдамыз. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында: «Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – «сапа». Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет» — деген еді. Білім ордасының осы талапқа сай қызмет жасайтынына сеніміміз мол, — деді серіктестік директоры.

Сондай-ақ Раукен Отыншин  Нұрбаулы Есқазиұлына «Елеулі еңбегі үшін» медалін, «Құрметті ардагер» төсбелгісін жәнеоблыс әкімдігінің Құттықтау хатын тапсырды.

Сонымен қатар  еңбегімен ел құрметіне бөленген бір топ ардагер де назардан тыс қалмады. Шаруашылықта ұзақ жыл тракторшы болған еңбек ардагері Жолбатыр Ерпан,білім беру саласының ардагері  Шандыбай Нәбиев, техника саласында еңбек еткен Қошымхан ЕсболайІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен және ұзақ жыл көлік жүргізуші болып еңбек еткен Қойлыбай Табынбаев ІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды. Облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бағила Аманбекова және тарих-география пәнінің мұғалімі Жайнагүл Отарова марапатталды.

Мектептің математика пәнінің мұғалімі, жаңашыл ұстаз Айгүл Ожырай Нұрбаулы Есқазиев атындағы сыйлық пен дипломға ие болды. Білім ордасының директоры Аралбек Есболаев облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталды. Қопа орта мектебінің мектепалды даярлық тобы тәрбиешісі Гүлнұр Қалменова, педагог-психолог маманы Гүлсамал Тащанова, денешынықтыру пәні мұғалімдері  Есенгелді Ерпанов пен Нұрасыл Қалмырзаұлы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы филиалы Ақтөбе облысы бойынша кәсіби даму институтының Құрмет грамотасына ие болды.

Салатанатты шараға қатысқан қонақтардың бірі ардагер ұстаз атындағы кабинетке арнайы сыйлығын табыс етсе, енді бірі Нұрбаулы Есқазиевтің иығына шапан жапты.

Шараның соңында ардагер ұстаз жиналғандарға  алғысын білдірді.

— Мұғалім — мәртебелі мамандық. Ал ол үшін  шәкірттерінің  жетістігі — зор марапат. Балаларыма да, жастарға да үнемі осыны айтып отырамын. Ұстаздық жолды таңдаған жастар үнемі іздену керек. Бүгін құрметтеп, кабинет ашқан балаларға, мектеп ұжымына алғысым шексіз. Осы білім ордасында біраз жыл еңбек еттім. Ол кезде қандай қиындықтар болса да сапалы білім беруге тырыстық. Ал қазір заман басқа. Оқушылардың ізденуіне, ғылымға талпынуына мүмкіндік мол, — деген ақсақал ақ тілегін айтты.

Жиын соңында өнерлі оқушылар ән айтып, күй тартып, қонақтарға ерекше көңілкүй сыйлады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.