Халық қалаулылары журналистермен кездесті

Баспасөз — 2024

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Ақтөбе облыстық филиалында ұйымдастырылған «Мәслихаттардың рөлі мен әлеуетін күшейтудің заманауи тәсілдері» тақырыбындағы Ақтөбе қалалық және аудандық мәслихат депутаттарына арналған семинар тыңдаушылары «Ақтөбе Медиа» ЖШС баспасөз клубында облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері мен «Үш таған» журналы қызметкерлерімен кездесті.

Басқосуда «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин серіктестік құрамындағы басылымдардың алдында тұрған міндеттер, Мемлекет басшысының халыққа Жолдауын насихаттау жұмыстары туралы айтып өтті.

— Ахмет Байтұрсыновтың «Газет — халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген тағылымды сөзі бүгінде де маңызын жойған жоқ. Біздер ел ішінде жиі болып, оқырмандарымыздың ойлы ұсыныстарына, парасатты пікірлеріне құлақ түріп отырамыз. Өзіміз ұйымдастырған «Ауыл аманаты — бабалар аманаты» экспедициясы бағдарламасымен бүкіл өңірде болып, ел тұрғындарының кәсіппен шұғылдануына байланысты өз ықпал-көмегімізді тигіздік. Бұл тұрғыдан сіздер, депутаттар да көптеген жұмыстар атқарып отырсыздар. Бұл туралы біздің газеттерімізде тұрақты жазылып келеді,— деді ол.

Жиында облыстық мәслихаттың депутаты, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директорының орынбасары Айгүл Нұркеева, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Үш таған» журналының бас редакторы Ертай Ашықбаев, облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің бас редакторлары Сәтжан Дәрібай мен Гүлсім Назарбаева, журналистика ардагері Жақсылық Айжан сөз сөйлеп, баспасөздің қоғамдағы рөлі, газет көтеретін мәселелер, тағы да басқа өзекті жайлар туралы әңгіме өрбітті.

Байғанин аудандық мәслихатының депутаты Болат Аяп әріптестері атынан мұндай кездесу ұйымдастырғаны үшін «Ақтөбе Медиа» ЖШС басшылығына алғыс айтып, басқосудың екі жақты пайдалы болғанын айтты.

Жиынға қатысқан ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы облыстық филиалының директоры Саида Сәдуақасова семинар тыңдаушыларының бір апталық бас қосуы барысында журналистермен кездесуін оң бағалады.

Жиын соңында облыстық басылымдардың тұрақты оқырманы, белсенді жанашыры болып жүрген халық қалаулылары Жандос Жаңабай, Қайырбек Таханов, Болат Аяп, Тұрғанбай Сейілханов, Балнұр Ермекбаева, Жангүл Ізғарина секілді депутаттарға баспасөзбен берік байланысы және ынтымақтастық қызметі үшін «Ақтөбе Медиа» ЖШС басшылығы атынан Алғыс хат тапсырылды.

 Өз тілшіміз.