Оқырмандермен кездесу
Әйтеке би ауданында болған кездесулерде жергілікті тұрғындар осындай пікірлерін ортаға салды
Алдыңғы буын үлгісімен
Ауданда болғанымызда аға буын өкілдерінің бойында қалыптасқан баспасөзге құштарлық дағдысы жастардың да жүрегіне жақын екенін байқадық. Олар да облыс аумағында болып жатқан жаңалықтар мен өзгерістерді газеттер арқылы біліп отыруды қалайды екен.
Аудандық кітапхана ұжымымен, мектеп және колледж оқушыларымен, жалпы тұрғындармен кездесу барысында облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің тілшілері осыған көз жеткізді.
—Біздің ауданымыздың жастары негізінен жаңалықтарды әлеуметтік желілерден алғанымен, бұқаралық ақпарат құралдары да айтарлықтай сұранысқа ие, газеттердің де өз оқырмандары бар, —деп атап көрсетті облыстық газеттердің өкілдерімен кездесу барысында Әйтеке би ауданының әкіміДәулетияр Тоғызбаев. —Бұл бір жағынан алғанда, аға буыннан жалғасқан жақсы дәстүр ғана емес, сонымен бірге қажеттілік те. Өйткені әлеуметтік желілерде ақпараттар кейде бұрмаланып, кейде белгілі бір топтың мүдделерін көздеп беріліп жатады, ал дәстүрлі басылымдар бұрыннан қалыптасқандай нақты, шынайы ақпараттар береді. Бұл ретте біз облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің ұстанымын қолдаймыз. Сондықтан ауданымызға келген сапарларыңызға сәттілік тілейміз, бұл газеттің оқырмандармен тікелей байланысын нығайтудағы оңды қадам деп түсінеміз.
Әйтеке би ауданы облыстағы астықты өңірлердің бірі. Жалпы алғанда өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бөтен емес. Аудан әкімі Дәулетияр Тоғызбаев орын алып отырған кейбір проблемалар бар екенін де жасырмады.
—Бұл бірінші кезекте биылғы жылдың астығын жинауға байланысты, — деді ол. — Жиі жауған жаңбыр салдарынан әлі де біраз өнім жиналмай жатыр, бұл шаруа қожалықтары үшін қиындық тудыруда. Облыс басшысы жақында ауданда болып, ауыл шаруашылығы құрылымдары жетекшілерімен кездесіп, бұл жайды талқылады, қазір де қадағалап отыр.
Тұрақты оқырмандар — тірегіміз
Қазақтың керемет ақыны Мағжан Жұмабаев атындағы мектептегі кездесу өте әсерлі болды. Мұнда облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің тұрақты оқырмандары аз емес екен. Білім ғимараты 1975 жылы тұрғызылған, қазіргі уақытта мұнда 749 шәкірт білім алады. Мектепте химия, физика, технология, информатика пәні кабинеттерінен басқа, би, қолөнер, музыка, ментальды арифметика үйірмелері жұмыс істейді. Балалар футбол, волейбол, тоғызқұмалақ, шахмат, теннис бойынша спорт секцияларына қатысады.
Мектеп оқушылары талай мәрте пәндік олимпаиадалардың, түрлі конкурстардың жүлдегерлері атанып жүр.
—Біздің мектебіміздің ұжымы газет-журналдарды үзбей алдырады.Оқушыларымыз облыс өңірінде болып жатқан жаңалықтарды білуге құштар, сондықтан газеттерді тұрақты оқиды. Біздің балаларды сіздердің газеттеріңізде жарияланатын өлкеміздің тарихы, адамдар тағдыры, басқа да сан тақырыптар туралы мақалалар қызықтырады,— дейді мектеп директоры Сағыныш Іздина.
Оқырмандармен кездесу барысында «Ақтөбе» газетінің жауапты хатшысы Мұратбек Ержақып облыстық басылымдардың қызметі туралы баяндап, оқушыларды журналистер жұмысымен жақынырақ таныстырды.
—Біздің газеттеріміздің ғасырлық тарихы бар, бұл басылымдарда журналистердің бірнеше буыны еңбек етті, олар өздері куә болған кезеңдер мен уақыттың шежіресін жазып келеді. Облыстық «Ақтөбе» газеті алдағы жазда өзінің 100 жылдығын атап өтпекші. Қалам иелері өңірдің тарихи мекендері, ту ұстаған тұлғаларымыз, даңқты ата-бабаларымыз туралы ұдайы жазып келеді.
Біздің газеттерімізде Әйтеке би ауданының өмірінен де мақалалар тұрақты беріледі. Осы өңірдің белгілі еңбек адамдары туралы да жазып тұрамыз. Сол жарияланымдардың барлығы да жақсы жасақталған музейімізде сақтаулы, кез-келген мектеп оқушысы бізге келіп, осы жәдігерлермен кеңірек танысуына болады, — деді ол.
«Ақтөбе Медиа» ЖШС-ына қарасты облыстық газеттердің журналистері қалам ұстаған әріптестерінің мамандық таңдауы, журналистиканың бүгінгі бағыты, ерекешеліктері туралы әңгіме өрбітті.
Шынайы ақпарат алу маңызды
Темірбек Жүргенов атындағы мектепте өткен кездесуде білім ордасы оқушылары мен ұстаздары қоғамдағы бүгінгі ахуал, ақпараттық қамту жайына қатысты өз пікірлерін ортаға салып, белсенділік танытты. Облыстық газеттердің өкілдері бұқаралық ақпарат құралдарында оқырмандарға шынайы ақпарат ұсынудың маңыздылығына тоқталды.
—Жалпы, басылымдарды, оның ішінде облыстық газеттерді оқу аға буынға ғана емес, жастарға да қажет.Біз «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері арқылы облыстағы, аудандардағы, шалғай ауылдардағы жаңалықтар мен өзгерістерді біліп отырамыз. Біздің мұғалімдеріміз үшін ғылыми бағыттағы жарияланымдар өте маңызды, сондай-ақ бала тәрбиесі, білім сапасын арттыру жайы тұрғысындағы мақалалар да ынтамен оқылады,— деді мектеп директоры Ләззат Еспанова.
Журналистер еліміздің қандай танымал тұлғаларымен кездесіп жүр, жаңалық-хабарлар қалай жиналады, қалам иелері қалай еңбек етеді — міне, осындай ауқымдағы оқушылардың сауалдары да осы кездесуде өз жауабын тапты.
Мұратбек Ержақып басылымдардың қызметі туралы айта келіп, оқушыларды газет редакцияларында болуға, журналистер жұмысымен көзбе-көз танысуға, «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның сирек экспонаттары бар музейді көруге шақырды.
Темірбек Жүргенов атындағы орта мектеп 2006 жылдан бері жұмыс істейді. Класс бөлмелері қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Спортзалы да қажетті деңгейде жабдықталған.
2022 жылы мектеп республикалық олимпиаданың екінші кезеңінің қорытындысы бойынша екінші орынды иеленді. Мектеп оқушылары пәндік олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр.
Облыстық газет тігінділері оқырмандар қажетін өтейді
Аудандағы көппрофильді колледждің студенттері мен оқытушылары, оқу орнының директоры Мақсұт Жиенқожаев айтып өткендей,облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің тұрақты оқырмандары.
—Барлық тың жаңалықтарды, біздің өңіріміздің тыныс-тіршілігі мен адамдары туралы жазылған мақалаларды қызыға оқимыз. Жұртшылыққа мәлім байырғы басылымдардың оқырмандарға тарих тағылымы, археология, ескінің ескерткіштері туралы бұрын беймәлім болып келген деректерді ұсынуы құптарлық жай,— деді ол.
Кездесу барысында студенттер бұқаралық ақпарат құралдары жұмысына қатысты өз сауалдарын қойды, газеттерге жастарға тәрбие беру, білім беру саласы қызметкерлерінің тәжірибесін таратуға қатысты мақалалар беру жайын білді.
—Біз ынтымақтастықпен еңбек етуге, өзіміздің газеттеріміз беттерінде ауданның шалғай елді мекендерінің өмірін, тыныс-тіршілігін тұрақты көрсетіп отыруға дайынбыз, — деді Мұратбек Ержақып.
Ал «Ақтөбе Медиа» ЖШС өкілдері кездескен аудандық кітапхана ұжымы өздерінің жұмыс барысында енгізілген тың жаңалықтармен таныстырып, келген қонақтармен қуаныштарын бөлісті.
– Біз өз жұмысымызды жетілдіріп, жаңаша жобаларға қадам бастық.—Қазір «Web-РАБИС» бағдарламасын пайдаланып отырмыз, оның өзі «Кітап қорын толықтыру», «Каталогизатор», «Іздеу және тапсырыс беру», «Кітап беру» және «Оқырмандарды тіркеу» сияқты бес модульді біріктіреді. Бұл сәйкестендірудің күшті құралы, бағдарлама оқудың әртүрлі варианттарын ұсынады, анықтамалық ақпаратты құрайды. Кітапханада оқу залы бар, коворкинг-орталық жұмыс істейді.
Облыстық газеттердің тұрақты жаздырып алушылары ретінде «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің тұарқты тігінділерін жасап қойғанбыз. Өзіміздің оқырмандарымыз қалаған уақыттарында осы жерден өздеріне қажетті мақалаларды тауып алуға мүмкіндігі бар, — деді кітапхана директоры Медет Аяғанов.
Санат РӘШ,
Әйтеке би ауданы.
Тағы да
Алматылық көлік жүргізуші өңір басшысымен бірге жолдағы жағдайды бағамдады
ҒАСЫРЛЫҚ ТОЙ ЖӘНЕ БАСПАНА
Ғасырлық той және баспана мәселесі