ЖАҢА ФИЛИАЛ Ақтөбеде археологтар көп

Соңғы жылдары Ақтөбе облысына қатысты археологиялық жаңалықтар әлсін-әлсін жұрт назарын аудара бастады. Соның нәтижесі деуге де болатын шығар, Ақтөбеде Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының Батыс Қазақстан аймағы бойынша филиалы ашылды.
Орталық Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғимаратында орналасқан.
Филиалдың ашылу салтанатына облыс әкімі Асхат Шахаров, Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Ақан Оңғарұлы қатысты. Сондай-ақ шараға тарихшы ғалымдар мен студенттер жиналды.
Жиында алдымен облыс әкімі Асхат Шахаров сөз алды.


— Соңғы жылдары ел басшылығы Қазақстан аумағында өмір сүрген, қоныстанған ежелгі тұрғындардың тарихы мен мәдениетіне айрықша көңіл аударып келеді. Республикамызда осы мақсаттағы археологиялық мұраларды зерттеуде Әлкей Марғұлан атындағы археология институты, оның ғалымдары жүйелі жұмыс жүргізіп, әлемдік қоғамдастық пен ғылыми ортада еліміздің, оның ішінде Ақтөбе өлкесіне тиесілі бірегей ашылымдардың насихатталуына күш салып отыр.
Бүгін тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Төрт облыстағы құнды зерттеулердің орталығы Ақтөбеде ашылып жатыр. Бұл — облыс үшін үлкен мерей. Зерттеу жұмыстарын жасау үшін тиісті қаржы бөлінетін болады.
Ақтөбеде ашылған Батыс Қазақстан филиалы Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының ғылыми әлеуетін біріктіруге жол ашып, әр өңірдегі зерттеу жұмыстарын жаңа деңгейге көтереді деп сенеміз, — деген облыс әкімі филиал ұжымына сәттілік тіледі.
Археология институтының Батыс Қазақстан аймағы бойынша филиалы осылайша Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарының ғылыми жұмыстарын бір орталыққа біріктіреді. Ғылыми орталықтың ашылуы аталған өңірлердегі жоғары оқу орындарының, облыстық тарихи-өлкетану музейлерінің және өзге де ғылыми ұйымдардың тарихи-мәдени мұраларды зерттеу, сақтау және насихаттау жұмыстарын үйлестіруді жақсартады. Сондай-ақ мектеп оқушылары мен студенттерге бағыт-бағдар беріп, олардың ғылымға деген қызығушылығын арттырады. Филиалдың біздің өңірде ашылуы тек ғылыми-зерттеу жұмыстардың ғана емес, өңірдің туристік әлеуетінің арта түсуіне де мүмкіндік бермек.
— Біздің филиал бұған дейін Астана қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысында ашылған-ды. Бүгін үшінші филиалымыз Ақтөбеде ашылып жатыр. Биыл Қазақстан бойынша 58 экспедиция ұйымдастырдық. Соның 12-сі Ақтөбе өңірінде облыстық әкімдіктің қолдауымен өткізілді, — деді Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры Ақан Оңғарұлы.
2006-2013 жылдары Ақтөбеде облыстық мәдениет басқармасына қарасты тарих, этнография және археология орталығы жұмыс жасады.
— Бүгінгі филиал сол орталықтың ізімен ашылып жатыр. Мақсат — еліміздің батыс аймағында археологиялық зерттеу, қазба жұмыстарын жүргізу, жас археологтарды тәрбиелеу. Жалпы еліміз бойынша Ақтөбеде археологтар көп. Облыста археология мектебі жақсы дамыған. Қазірдің өзінде Жұбанов университетінің студенттері бізбен бірге экспедицияларға шығып жүр. Олар өңдеу, қалпына келтіру жұмыстарын жасап жатыр.
Негізінен, тас дәуірінен бастап орта ғасырға дейінгі аралықты зерттейміз. Әсіресе ғұн кезеңін зерттеуге басымдық береміз, — деді Батыс Қазақстан филиалының директоры Аслан Мамедов.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.