Биылғы қазан айының басында Әбілқайыр ханды ақтөбеліктер және бір рет еске алды.
Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен және облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен қазақтың ұлы ханы Әбілқайырдың туғанына 330 жыл толуына орай «Әбілқайыр хан: қолбасшы, билеуші және саясаткер» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Бұл конференцияға тарих ғылымдарының докторы, профессор, Шығыс елдерінің Халықаралық архитектура академиясының корреспондент-мүшесі Серік Әжіғали бастаған бір топ тарихшылар қатысып, сұңғыла ханның тарихтағы орны, ұрпақтары, Ресейге жазған хаты, 2015 жылы ашылған «Хан моласы» кешені туралы әңгімеледі.
Соңғы уақытта Алтын Орда, Қазақ хандығы тарихына деген қызығушылық арта түсті. Оның бірнеше себебі бар.
Олар — ұлттық сана-сезімінің өсуі, тарих ғылымының посткеңестік тұжырымдамалардан арылуы.
Сөйтіп, енді қазақ халқы тарихының күрделі тұстарын қайта қараудың және жаңаша түсіндірудің қажеттілігі туды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларының бірінде ұлттық код туралы айтқан болатын. Бұл — қазақ тарихын қайта зерттеуге арналған маңызды қадам еді.
Кіші жүздің ханы болған Әбілқайыр ханға қатысты екіжақты пікірлер көп. Тарихи тұлға Ақтөбе облысында жерленген. «Хан моласы» мемориалды кешені қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылуы жайдан-жай емес. Бүгінде Әбілқайыр хан жатқан жер Қазақстанның киелі жерлер географиясына еніп, туристік аймаққа айналып отыр.
Осы орайда қазақ тарихындағы жеке тұлғалар қызметін зерттеп, саралап көрсету өзекті мәселе екені белгілі.
* * *
Ресей және Кеңес үкіметінің тарихнамасында ХVІІІ-ХХ ғасырлардағы қазақ халқының хандары мен батырларының жеке тұлғасына назар аударылмады, есімдері халық жадынан өшірілді, олардың қоғамдағы атқарған қызметтері жоққа шығарылды.
Тіпті кейбір саясаткерлердің ойынша қазақтарда мемлекет болмаған. Ресей империясының отарлау әрекеттері ұлттық мүддеден жоғары қойылып, ондай саясат «прогрессивті» деп дәріптелді. «Қазақстанның Ресейге қосылуын «өз еркімен» жүзеге асты және бұл қазақ халқының күнделікті шаруашылығының, мәдениетінің дамуына «тек алға ілгерілеу» тұрғысынан ықпал жасады» деген сыңайдағы монографиялар жарық көрді.
Ал кемеңгер тұлғалардың тарихтағы орны бір жақты және тар шеңбер аясында баяндалды.
«Соңғы жылдары қазақтың ХVІІІ ғасырдың алғашқы жартысындағы бас ханы, бас қолбасшы болған Әбілқайыр хан тарихы жұртшылықтың назарын тағы да өзіне аудара бастады. Айтулы қолбасшы, жоңғарларға қарсы қазақ халқының Отан соғысының бас сардары, кемеңгер мемлекет қайраткері әрі дипломатияның майталманы Әбілқайырдың саяси қызметіне ғылыми зерттеу
жүргізіп, қорытынды жасауға жаңа замана мүмкіндік туғызып отыр», — деп жазады тарихшы С.Мәшімбаев.
Сөз жоқ, Әбілқайыр ханның өмірі мен қызметі — халқымыздың тарихының күрделі кезеңінде өрбіген құрамдас бір бөлігі. Әбілқайыр есімі және оның мемлекет басшысы ретіндегі іс-әрекеттері, дипломатиялық және соғыс алаңындағы жеңісі ХVІІІ ғасырда еуразиялық кеңістіктегі тарихқа өзіндік құбылыс болып енді. Бұлар — ұлы географиялық жаңалықтар, халықаралық саясаттың жаңа белестері, әлемнің империялар мен отарларға бөлінуі халықтардың арақатынасының өзгеруіне жетелеп әкелген негізгі себептер еді.
* * *
Әбілқайырдың алғашқы уақытта дәрежесінің көтерілуі және хан болып сайлануы қазақтардың жоңғарлармен, еділ қалмақтарымен, башқұрттармен және жайық казактарымен әскери қақтығыстар жиілеп келе жатқан жағдайында болған еді.
Осы тұста көшпенділер арасында әскери көсемдер немесе батырлар тобының маңызы және беделі ерекше арта түсті.
Осындай жағдайда билеушінің жеке басының қасиеттері және халықтың көшпелі элитасының қолдауы шешуші мәнге ие еді. Ал Әбілқайыр болса сыртқы жауларға қарсы күресте басқа хандармен және сұлтандармен салыстырғанда оқ бойы жоғары тұрған, белсенді ұйымдастырушы екенін көрсете білді. Ол өзінің жағына мықты және беделді халық батырлары Есет батыр, Бөкенбай батыр, Жәнібек батыр сияқты тұлғаларды топтастыра алды және қазақ жүздерінде басқа билеушілермен салыстырғанда беделі арта түсті. Демек, Әбілқайыр хан жоңғарларға қарсы күресте бүкіл қазақ халқының ұйымдастырушы бірден-бір тұлғасына айналды.
Қазақ халқы үшін ең ауыр және қайғылы болып келген кезең «Ақтабан шұбырынды алқа көл сұлама» кезеңінде Әбілқайыр хан, Шыңғыс хан ұрпақтары билеушілерінің ішінде алғашқысы болып Жоңғар әскерлері оңтүстік-шығысқа басып кірген уақытта, өзіне қарасты халықты абыржу және үрей тудырған психологиялық күйден алып шықты. Қысқа уақыттың ішінде әскери жасақтарды құрып, жауға қарсы жұмылдыра білді. Осы жағдайға байланысты ХVІІІ ғасырда қарақалпақ тарихына арналған жинақта 1725 жылы 15 қаңтарда жазылған мынадай дерек келтірілген: «Шоно Лаузан: Чрез войну с Абулхаир-ханом город Туркестан взял было и 32 улуса, но потом он, Абулхаир-хан, соединясь с казаками, чрез войну в Туркестан пришел и содержит оный даже и доныне в своем владении».
Өзінің батырлығымен, әскери өнерімен және ұйымдастырушылық қабілеттерінің арқасында Әбілқайыр хан ХVІІІ ғасырдағы 20-жылдардың ортасына қарай жоңғар агрессиясына қарсы қазақ халқының азаттық күресінің жетекші көсеміне айналды. 1726 жылы Шымкент маңында Орда басы деген жерде үш жүздің құрметті өкілдері — билер кеңесінде Әбілқайыр қазақ әскерінің бас қолбасшысы болып сайланды.
Сөйтіп, 1726-1729 жылдары Әбілқайырдың қолбасшылығымен үш жүздің әскери жасақтары ұзақ жылдарға созылған Жоңғариямен отан соғысында ірі жеңістерге жетті. Соның ішінде Бұланты өзенінің жағасындағы және Аңырақайдағы жоңғарларды талқандаған соғыс-
тарда қолбасшылық қабілеті ерекші көрінді. Тарихшылар Әбілқайырды Жоңғар және патша басқыншыларымен өмір бойы
соғысып кеткен хан болды десе, тарих ғылымының докторы, профессор С.Мәжитов қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы 1731 жылдан басталғанын, ал Әбілқайыр хан сол күрестің бел ортасында жүргенін айтады.
Жоңғарлармен отан соғысы кезінде Әбілқайыр ханның беделі артып «аға хан» немесе «бас хан» деген атаққа ие болған. Алайда бұл ұстаным әрі қарай ұмыт қалды. Тек тәуелсіздік кезеңінде бұл пікір қайта дамытылып, шамамен 1719 жылдан бастап аға хан болғандығы көрсетіледі және соңғы зерттеулерде осы мәселе туралы деректер келтірілген.
Орыс казактары Жайық бойына ХVІ ғасырда келе бастады. Орал бекінісі 1640 жылы, ал Гурьев қамалының негізі 1644 жылдары қалаған болатын. Ал Семей мен Өскемен бекіністерінің іргетасы, тиісінше — 1718 және 1720 жылдары қаланған. Яғни Ресей империясы батыстан да, шығыстан да ентелеп енуді 1731 жылдан әлдеқайда бұрын бастап кеткен.
Келісілмеген келісім
1731 жылы Әбілқайыр ханмен қатар, Орта жүз ханы Сәмеке Ресей қамқорлығын өз қалауымен қабылдайтынын айтып, ант беріп, хат жазады. Ал Әбілқайыр хан мен оның айналасындағылар құжатқа 1738 жылы қол қойған. Құжатқа қол қойған 56 старшын-билердің жартысы, яғни 28-і Орта жүздің, қалған жартысы, 28-і Кіші жүздің рубасылары болған.
Қол қойғандар — Ресеймен шекаралас аймақтардағы рулардың ғана өкілдері. Демек, бұл жерде сөз Ресей империясының құрамына толық өту емес, жер, жайылым, қалмақ, башқұрттар тарапынан шапқыншылықты тоқтату төңірегінде қозғалғанын байқауға болады.
Кіші жүз ханы Әбілқайырдың Ресей қол астына енуі жөнінде шешім қабылдауы қазақ тарихындағы маңызды шара екенін ешкім жоққа шығармаса керек. Қол астына кіру дегенді шартты түрде қабылдауы Әбілқайырдың сол дәуірдегі лажсыздан мойындаған мемлекеттік саясаты деп түсінген жөн. Бұл мәмілегерлік әрекет арқылы қазақ халқының тоқырауға ұшыраған ұлттық мүддесін қорғаудың тиімді жолдары қарастырылды. Халық қалаулылары ортақ мүддеге сәйкес қызмет атқаруға тырысты, алайда олардың барлығы бірдей тарихнамадан өз орнын ала алмады.
Белгілі ғалым, Қазақстан Ғылым академиясының академигі К.Нұрпейісов: «Біздің тарихнамада саяси портрет жасау аз. Оның сыры көп жылдар бойы тарихты халық жасады деп келдік, бірақ солардың ішіндегі халық өкілдері екенін ескермедік. Билердің, батырлардың, хандардың саяси портреті жасалмағандықтан алып-қашты әңгіме көп. Мысалы, Әбілқайырды біреу мақтаса, екіншілері даттап жатады. Есесіне Абылайды түк қатесі жоқтай аспанға шығара дәріптеумен келеміз. Бұл дұрыс емес», — дейді.
Оның шабандоз тұлға екенін академик М.Қозыбаевтың мына пікіріне сүйеніп айтуға болады. Ол: «Осыған байланысты Әбілқайыр ханның тактикалық желісі де тартымды болып көрінеді. Оның ұлы қолбасшы, стратег және азаттық соғысының тактигі және бірдей шебер дипломат болғанына күмән жоқ. Әбілқайыр хан сол бір тарихи кезеңнің күрделілігін, сөз жоқ, сезді. Оның мемлекет қайраткері ретіндегі ұлылығы да біздің пікірімізше, Қазақстанның империя құрамына кіретінін күні бұрын білуінде», — деп тұжырымдайды.
Қазақ тарихын зерттеушілердің бірі академик Н.И.Веселовский Қазақстанның Ресейге қосылуына баға бере келе, былай дейді:
«Көшпенділердің келісім жөніндегі түсініктерінің біздің түсінігімізден әлдеқайда айырмашылығы бар. Олар үшін бодандық дегеніміз, ешкімді белгілі мемлекетке ештеңе міндеттемейтін, сондай-ақ қазақтардың пайдасына шешілген сауда-саттықтың бір келісім сияқты әсер етеді».
Олай болса, Әбілқайыр ханның Ресеймен жасаған келісімі — патшаға тәуелді болмай, өз саясатын жалғастырып, екі елдің арасында сауда-саттықты дамытуға жағдай жасау еді. Оны Оренбург әкімшілігімен бірге шешіп отыруға бағытталған шаралар деп түсінді. Сонымен қатар ғалым бодандық-
қа анықтама бере отырып, оның мән-мағынасына тоқталды. Орысша «подданство» деген сөзді қазақтың хандары мен сұлтандары «қамқорлық», «қорғаушылық» деп түсінгенін айтады, «бұл сөзді «өзіне қаратып алу» немесе «отарлау» деп түсінбеу керек, — деп жазады тарихшы.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қазақ хандарының тарихи тұлғаларын зерттеуде, оның ішінде Кіші жүз ханы Әбілқайыр туралы қомақты ғылыми еңбектер жазып, оның Ресейге бодан болу саясатын бір жақты қарастырмай, ханның саясаткерлігін бүгінгі ұрпаққа жеткізе білудің қажет екенін көрсеткен көрнекті тарихшылардың бірі — Ж.Қасымбаев.
Оның пікірінше: «ХVІІІ ғасырдың 40-жылдарындағы Кіші жүз ханы саясатының басты мақсаты — Орынбор әкімшілігінің отаршылдық қысымшылығына төтеп беру және өмірінің соңына дейін тәуелсіздік үшін күресу болды».
Ғалым И.Ерофеева Әбілқайыр тұлғасын біршама іргелі зерттеді. Оның атқарған қызметтерін сан қырынан көрсетіп, бұрынғы тарихнамада кедергі болып келген жайттарды бүкпей айтты. Әсіресе Оренбург әкімшілігінің басшысы И.Неплюев пен Кіші жүз ханы Әбілқайыр арасындағы текетіресті империялық отарлау саясатымен ұштастыра жазған автордың тұжырымдамалары көңіл аударарлық. Ғалым Әбілқайырды өз заманының көрнекті саясаткері, әскери қолбасшысы ретінде бағалап, ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысындағы аса ірі тұлға екендігіне көпшіліктің назарын аударып, ханның атына осы кезге дейін айтылып келе жатқан сыңаржақты пікірлерге жаңа замана тұрғысынан пайымды дәйектер ұсынып, сол кезеңдегі оқиғаларды архив деректері негізінде талдады.
Әбілқайырдың бар күш-жігерін жұмсап көздеген мақсаты — сыртқы жаулардың шапқыншылығын тоқтату, тәуелсіздікті сақтау, шекараны нығайту мен халықтың бірлігі жолында хандық билікті күшейту болды.
Тарихшы К.Есмағанбетов: «Ресей мен Кіші жүз арасындағы жасалған келісімді екі жақ екі түрлі пайымдады. Бұрынғы Алтын Орда кеңістігіндегі елдер мен халықтарды билеп-төстеуден бай тәжірибе жинақтаған Ресей қазақтарды да жаулап алынған татарлар мен башқұрттарға теңегісі келді. Әбілқайыр бастаған топ көшпелі елдің басшылары ретінде бұл құжатты шығыстық дәстүр тұрғысынан түсінді, яғни олар аталмыш келісімді дағдарысты жағдайда қуатты мемлекеттің қамқорлығында (протекциясында) болуы да, ес жинап, әлденген кезде бас тарта салатын дағдыда қабылдады. Бұл тұрғыдан алғанда, әдет бойынша сюзереннен алшақтаудың алдында оған қарсы әрекеттер (шабу, яғни тұтқындар алу, мал-мүлкін тонап кету, т.б.) орын алатын. Көшпелі халықтардың түсінігі бойынша мұндай мінез таныту бұрынғы «қамқоршы» мемлекетке қарсы бағытталған күрес тәсілі еді».
Мұндай тұжырым И.Ерофеева, Ә.Мұхтар, тағы басқа да белгілі тарихшылардың еңбектерінде де кездеседі.
Сөйтіп, ХVІІІ ғасырдың басында екі ел де өзара келісімге мүдделі болды. Келісім арқылы қазақтар шекаралық мәселелерді шешуде және сауда-саттықты дамытуда көмек күтсе, патша үкіметі отарлау жоспарын жүзеге асырып, қазақ елін Азияның кілті деп есептеп, өзіне қосуды көздеді. Осындай мақсатына байланысты Ресей үкіметі 1731 жылдан бастап-ақ қазақтарды ашық түрде өзінің боданы деп жариялады.
Орыстың революцияға дейінгі зерттеушілерінің бірі, орыс географиялық қоғамы Орынбор бөлімшесінің мүшесі Александр Добросмыслов 1901 жылы жарық көрген еңбегінде «Торғай облысының басым бөлігін ХVІІ ғасырдың аяғында башқұрттар мен қалмақтар мекендеген, тек Торғай және Ырғыз уезінің оңтүстігіндегі шөлейтті бөлігінде ғана қазақтар көшіп-қонып жүрген» деп жазған.
Зерттеуші жазған кездегі Торғай облысы құрамына төрт уезд енген: Қостанай, Ырғыз, Ақтөбе және Торғай. Қазақтар осы жерлердің шөлейт аймақтарына қарай ығыстырылған. Яғни қазақтың ғасырлар бойы еркін жайлаған ата қоныстары жау қолында қалған еді. Жайылымдар тарылған. Қалмақтар тіпті Елек, Жем бойына дейін келген. Ал осы өңірлерді қазақтар Әбілқайырдың күш-қайраты арқасында қайтарып алды.
Бүгінгі Батыс өңірдің қазақтың қолында, өз елімізде қалғанында Әбілқайыр ханның үлесі зор.
Академик М.Қозыбаев Әбілқайыр ханға ұлы қолбасшы, стратег, қарымды мәмілегер (дипломат) ретінде баға берсе, белгілі ғалым Ж.Қасымбаев Әбілқайыр қазақ еліндегі билеушілердің ішінде оқ бойы алда тұрды және ұлы ханның тарихи рөлі сонау ХІХ ғ. А.Добросмыслов, И.Крафт, А.Левшин, тағы басқа тарихшылармен біршама нақты анықталған деп есептейді.
Сонымен бірге Әбілқайыр өмірінің соңына дейін ата-бабалары өсиет қылып қалдырған құндылықтар үшін үздіксіз күрескенін паш етеді.
«Қамқорлықтың» қақпаны
Әбілқайыр хан өз заманында тек қазақ арасында ғана емес, көршілес жұрттарға да беделді, әйгілі тұлға болған. Сондай-ақ қаһарлы жоңғар қоңтайшысы да Әбілқайырмен құда болуға ұмтылып, мұрагер ұлына Әбілқайырдың қызын сұраған. Хан бұған бастапқыда келісім бермеген. Бірақ араға біраз уақыт салып, келісім беретінін жеткізіп, жоңғар жағына хабар жіберіпті. Ресей бұдан қатты сескенген. Екі жақ тіл табысып, одақтасып кете ме деп қорыққан. Ондай одақтың Ресейге қауіпті екені түсінікті. Бірақ 1748 жылы Әбілқайыр хан қаза тапты. 1749 жылы Нұралы әкесіне ас берген жиында бұл мәселе көтеріліп, бірақ бұл іс түрлі себептерге байланысты соңына дейін жетпеген.
Әбілқайыр мемлекет қайраткері, мәмілегер ғана емес, қол бастаған атақты сардар да бола білді. Өзінің күреске толы ғұмырында Әбілқайыр хан талай жорықтарды бастап кешірді. Сондықтан да, ол өз дәуірінің ел таңдаған қолбасшысы, сарбаздарының ұйытқысы. 1726 жылы Ордабасындағы билер кеңесінде Кіші жүз ханы Әбілқайыр биліктің тамаша үлгілерін көрсете білді.
«Қалмақ қырылған» Бұланты-Білеуті шайқасы, Аңырақай аталған екі ірі шайқаста да қазақ жасақтарының бас сардары Әбілқайыр еді. Шындығында, егер Бұланты мен Аңырақайдағы жеңістер болмаса, Қазақ ордасы осыдан жүз жыл бұрын мүлде тозып, жойылған Ноғай ордасының кебін киері анық-ты. Тоқтау көрмеген Жоңғар қалмағы енді бірер серпіннен соң Еділ қалмағымен тоғысар еді де, Сарыарқадан айырылған соң қазақтың барар жері, басар тауы қалмас еді. Хандық садаға, халқының өзі құрып кетер еді», — деп жазады белгілі ғалым, жазушы Мұхтар Мағауин.
Әбілқайыр ханның мемлекет қайраткері ретінде стратегиялық шешімі қазір әбден түсінікті, ол кезде қазақтар үшін басты қауіп енді жоңғарлар емес, Ресей бодандары — башқұрттар, Еділ бойы қалмақтары, Жайық және Сібір казактары еді. Елдің бір бөлігі солардың қыспағында қалды. Кезінде Ә.Бөкейхан атап көрсеткен, «Жауларымен Горький линиясы деп аталатын шептерге ығыстырылған қазақтар орыстардың билігін мойындауға мәжбүр болды» деген тұжырымы да мәселені айқындай түседі.
Осы арада шетелдік зерттеушілер қазақтардың түсінігімен «бодандық» жөнін былай көрсетеді: «1731 жылғы Әбілқайыр ханның қазақтары Ресей бодандығына енгізу туралы нақты байламы жоқ, сөз жүзінде ғана жасалған, кез келген тиімді уақытта бас тарта салатын біржақты, өз еркімен біреудің патронаждық статусын қабылдау жөніндегі қадам болды. Ресей сюзеренитетін (билігін) мойындай отырып, қазақтар орыстардан сыртқы жауларына қарсы көмек сұрауға, шекаралы жерлердегі жайылымдарды пайдалану мүмкіндігіне ие болуға тырысты. Бірақ патша үкіметі қазақтар өтінішіне тым ынта қоя қарады және олар шын мәнінде өз еркімен Ресей бодандары болды деп есептеді».
Сондықтан қазақ хандарына жіберілген алғашқы грамоталардың өзіне «қол астына алу» термині енгізілді. Ал іс жүзінде қазақ хандарының көздегені мүлде басқа — келіссөз арқылы күшті одақтастың қамқорлығына негізделген тәуелсіз мемлекеттердің достығын орнату еді. Қандай да бір мәселелерде келісімге келе алмаған жағдайда, тараптардың қай-қайсысы да мұндай достастықтан оп-оңай шығып кете алатын. Ал патшалық Ресей «қамқорлық» ұғымына басқа тұрғыдан қарады. Генерал Неплюев қазақтарға бағыныштылықтың ресейлік нұсқасын таңғысы келді де, Әбілқайыр хан ондайды қабылдамады. Оған Әбілқайырдың 1748 жылы қаза тапқанға дейін жүргізген саясаты дәлел бола алады. Айталық, Әбілқайыр ханның жетекшілігімен кіші жүз қазақтарының 1734 жылы Сахмар қалашығына, 1735 жылдың 8-9 мамырында Жайық казак-орыстарына, 1737, 1739, 1741 жылдары Еділ қалмақтарына шабуыл жасауы, 1737 жылы башқұрттардың Ресейге қарсы көтерілісіне қатысуы, 1745-1746, 1747 жылдары орыс елді мекендеріне ұйымдастырған шапқыншылықтары, империяға қарсы әскери қимылдары дәлел бола алады.
Сөйтіп, Әбілқайыр хан сыртқы жауға қарсы күресте қазақ халқының басын қосып, шекараларын нақтылап, қазақ хандығын күшейтуді көздеді. Осы күрес тарихындағы басты тұлға болды. Қазақ елінің батыс, солтүстік аймақтарының қоныстарын кеңейтті. Көрші елдермен арада дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, сауданы дамытуға күш салды. Әбілқайырдың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі қазақ мемлекеттігін сақтауға, елінің тұтастығы үшін жасаған іс-әрекеті халық жадында мәңгілік сақталады.
Самат ЕСҚАЛИЕВ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор.
Ақтөбе қаласы.
Тағы да
№12 ● желтоқсан ● 2023 жыл
СӘНІМ ЖӘНЕ ОНЫҢ ШӘКІРТТЕРІ
Ұрпақ