«БІР ЖЫЛАП АЛАР ЖҮРЕК БАР…»

«Желтоқсан сайын жетім боп, Бір жылап алар жүрек бар» деп Есенғали жырламақшы, мына желтоқсан айы жақындаған сайын көңілдерді әлдене құлазытады. Әрине, әлдене емес, мұң, қайғы, уайым — бәрі аралас. Рас, не болғанда да, тәуелсіздігімізге қол жеткіздік қой әйтеуір, дейтін алдамшы жұбаныш та бар. Бірақ сол алдамшы жұбаныш үшін соншама адамның қаны төгіліп, соншама адамның тағдыры қақпақылға түсуі тиіс пе еді. Биліктің небір ірі баспалдақтарында жүріп, ақыл айтуға әбден құмарланып алған біреудің (бәлкім, екеудің, үшеудің…) әлі күнге дейін дүйім жұрттың алдында сайрауға көшкенде қазақша екі сөздің басын құрап айта алмайтынын көрген сайын «жүрек бір жылап алады». Бұларға ұлт не керек, бұларға тәуелсіздік қажет пе еді деген ойға батасың. Оларға бұрынғы коммунистік партияға құлдық ұру дәуірі ыстық сияқты көрінетіндей. Комсомолдың бірдеңе жылдығы деп ұлан-асыр жиын өткізіп жүргендер де солар. Кешегі Жаңаөзен оқиғасынан соң тым-тырыс қалғандар да солар.
Қайткен күнде де, кешегі Желтоқсанда кім не істеді деген сауалдарға жауап іздемей қалмайсың. Масқара болғанда, небір қайраткер ағаларымыз бен апаларымыз анау уыздай жастар ел егемендігі үшіп ақырып теңдік сұрап, Алматыдағы әйгілі алаңға топ-топ боп шығып, бірінің үстіне бірі құйылып жатқанда, оларды (жастарды) жерден алып, жерге салған ғайбат сөздердің мәтініне қол қойып жатты ғой. Рас, кейін кейбірі «мен олай дегем жоқ, сыртымнан қол қойып жіберіпті» деп ақталғансыды. Бірақ тап сол мәтін газет бетіне жарқ етіп шыға келгенде, онсыз да ішін ыза-кек қысқан, таяқ жеген, оқуынан қуылған, жұмысынан шығарылған… жастардан солардың бір де бірі кешірім сұраған жоқ, жанашырлық сөз айта алмады.

* * *
Дегенмен аға-апаларымыздың барлығына күйе жаға алмаймыз. Мысалы, айтулы ақын Жұбан Молдағалиевтің есімі осы желтоқсанда жиі аталып жатса, қазіргі жұрттың ештеңені ұмытпағаны, ертең де ештеңені ұмытпайтыны. Қазақстан Жазушылар одағын басқарған, неше мәрте депутат болған, кеудесіне қаншама орден-медальдар тағылған Жұбан ағаның тап сол тұста үндемей қалуына да болатын еді. Бірақ кешегі Екінші дүниежүзілік соғыста қан кешкен қайсар жауынгер бұл жолы да алғы шептен шегінбеді. Ел басқаруға қан төгу арқылы келген Колбинге айтарын ашық айтты.
«…Менi мына мәселелер толғандырады: өкiмет органдары тәртiптi қалпына келтiруге көмек көрсетуге шақырғандардың және жуасытушы құралдармен қаруланғандардың бәрi етегiне намаз оқыған интернационалист екенiне бiздiң көзiмiз жете ме? Олардың арасында тәртiпсiздiкке қатысушыларды ызаландырып, ашындыру үшiн алауыздықты қоздырған жаны да, қолы да таза емес адам болмады ма екен? Көзiмен көргендердiң айтқанындай, 17-18 жастағы қыздарды шашынан сүйреп сабаған солар емес пе екен? Ақырында сонан кейiнгi күндерi қалалық транспортта, көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда тiл тигiзу, қоқан-лоққы жасау солардан шығып отырған жоқ па екен? Мен осындай ұят оқиға және оның артынша не болғанын естiгенде, жасырып қайтейiн, осы күнге дейiн өмiр сүргенiме өкiндiм», — деді Жұбағаң 1986 жылдың желтоқсанының соңғы күндерінің бірінде Колбин жазушылармен кездесуге келгенде.

* * *
…Желтоқсан көтерілісі — 1986 жылы 17-18 желтоқсан аралығында Алматыда болған қазақ жастарының КСРО үкіметінің отаршылдық, әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы наразылық іс-қимылдары.
Көтерілістің басталуына Мәскеудегі орталықтың республика халқының пікірімен санаспастан Ресейдің Ульянов облысы партия комитетінің бірінші хатшысы Г.В.Колбинді Қазақстан Компариясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы етіп тағайындауы түрткі болды.
17 желтоқсан күні таңертеңгі сағат 8-де қаладағы Л.И.Брежнев атындағы алаңға (қазіргі Республика алаңы) саяси тәуелсіздікті талап еткен ұрандармен алғашында 300-дей адам жиналып, кешкісін көтерілісшілер саны 20 мыңға жетті. Бірақ көтерілісшілердің қойған талап-тілектері аяқ асты етіліп, «бұзақыларды» күшпен тарату мақсатында алаңға құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен арнайы әскери күштер тобы жеткізілді. КСРО Ішкі істер министрлігінің бұйрығы негізінде дайындалған «Құйын — 86» операциясы бойынша көтеріліс қатыгездікпен басып жаншылды.
18 желтоқсан күні алаңға қайта жиналмақ болған көтерілісшілерге қарсы әскер күші қолданылды. Көтерілісшілердің қалған топтарын ығыстыру үшін жедел отряд, милиция мен жасақшылардан арнайы топтар құрылып, қала көшелеріне аттандырылды.
Осы әскери күштер 19 желтоқсан күні қаланың әр тұсында қайтадан шеруге шықпақ болған 6 топты басып, таратты. Алаңдағы көтерілісшілер таратылған соң ішкі істер бөлімдеріне 2401 адам жеткізілген (Алматы түрмесіне сыймағандықтан, қала сыртына апарып тасталғандарды қосып есептегенде барлығы 8,5 мың адам ұсталған). Желтоқсан көтерілісі құрбандарының қатарында Е.Сыпатаев, С.Мұхаметжанова, К.Молданазарова, Қ.Рысқұлбеков, М.Әбдіқұлов, Л.Асанова сынды ержүрек қазақ жастары бар.
Желтоқсанның 19-23 аралығында халықтың наразылық шерулері мен митингілер Қазақстанның Жезқазған, Талдықорған, Көкшетау, Қарағанды, Арқалық, Павлодар, Жамбыл, Талғар, Сарқан, т.б. қалалары мен Сарыөзек, Шамалған, Шелек елді мекендерінде жалғасты.

* * *
…Ал келесі жылы мамырда (1987) Желтоқсанға қатысты репрессия
жалына қол апартқызбай, әбден дәуірлеп тұрған кезде аталы сөзді тағы бір жазушы Сафуан Шаймерденов айтты.
Бұл ағамыз да мәселені тікесінен қойды. Ол Америкада Хайдер деген ғалым 220 күн бойы жамбастап жатып, аштық жариялағанын, оған президент Рейган ешқандай жаза қолданбағанын, шыдамдылық білдіргенін айта келе, «… ал біз болсақ алаңда бейбіт демонстрацияға шыққан жастарға шыдамдылық, байсалдылық білдіре алмай, соққыға жыққанымыз қалай?» деп сұрақ қойды.
Тағы да Колбинге қарата: «…Комсомол съезінде сіз ұлтшылдықты көп сынайсыз, ал шовинизм туралы бір ауыз сөз айтпайсыз, мұныңыз қалай? Шовинизм бізде бар ма, жоқ па деген сұраққа, шовинизм бар, бірақ мен ол туралы сөзімде ұмытып кетіппін дедіңіз. Осыдан кейін мен Орталық Комитетте ұлтшылдықпен күресудің жоспары бар да, шовинизмнің белгілерімен күресудің нақты шаралары жоқ екен деген пікірге келдім» деді.
Жазушы одан да басқа біраз мәселелерді қозғады. Аралас неке ұлтаралық қатынастардағы асқынған жайдың бәріне бірден-бір ем екені туралы пікірге қатысты «бұл кещелік» деген баға берді.
Жалпы жазушылар қауымы алдында бұл сөз желтоқсандағы Жұбан Молдағалиевтің сөзінен кейінгі естен кетпес екінші пікір болды.

* * *
…Бұл ретте жазушылардың барлығына бірдей мінбеге шығу мүмкіндігі берілмегенін де ескеруіміз керек. Ал Жұбан Молдағалиев пен Сафуан Шаймерденовтің орындары бөлек еді. Екеуі де Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, екеуі де Қазақстанның халық жазушысы, екеуі де кезінде Қазақстан Жазушылар одағында лауазымды қызмет атқарғандар.
Дегенмен сол кезде бірі Қазақстан Орталық партия комитетінде, бірі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумында қызмет еткен екі қаламгер туралы да айтпасқа болмайды.
Күні кеше ғана «Қазақстанның халық жазушысы» атанған Софы Сматаев Желтоқсан көтерілісінен соң жастар туралы ғайбат сөздерге әзер шыдап жүреді де, бір күні айтарын ашық айтады. Сол кезде Орталық Комитеттің үгіт-насихат бөлімін басқаратын А.Устинов әзірлеген үндеудегі «Қазақтың қара ниет ұлтшылдығы» («Казахский махровый национализм») деген жолдарға қарсы шығып, бұл үндеуді қазақ тіліне аударудан бас тартады. «Республиканың творчестволық одақтары, әсіресе Қазақстан жазушылар одағы — ұлтшылдықтың ордасы» деген үкімге келіспей, және мінез көрсетеді. Осындай шиеленістер көбейе берген соң Орталық Комитет одан әрі С.Сматаевтан құтылып тынғаны түсінікті жай ғой.
Ал жазушы Бейбіт Қойшыбаев сол көтерілістен соң өзі қызмет етіп жүрген Жоғарғы Кеңесте өткен, қазақ жастарын жерден алып, жерге салған ведомстволық жиналыста жұртты сабырға шақырады, әрине, сөйлеушілер тым асқынып бара жатқан соң қаттырақ айтпасқа болмайтынын түсінеді. Былайша да, саяси да сауатты жазушының нақты уәждеріне бұдан соң болған жиындарда да жауап таба алмаған бұл мекемедегілер Б.Қойшыбаевты қызметінен шеттетіп тыным табады.
Осы күні жұртшылық әлдебір нәрсенің шешімін таба алмағанда жазушыларға алаңдайтындығының осындай да себептері бар. Егер сол кезде жұрт алдында Ж.Молдағалиев пен С.Шаймерденов әлгідей сөз айтпағанда, өз мекемелерінде С.Сматаев пен Б.Қойшыбаев қызметінен ар-намысын жоғары қоймағанда, онсыз да қыл үстінде тұрған әлсіз үміт біржола үзіліп тынар ма еді?!

* * *
Әлбетте арада әлденеше жылдар өткен соң әркімнің әр кезгі әрекетінен қате табудан оңай ештеңе жоқ. Біз де Желтоқсан көтерілісінен соң, істің ақ-қарасы ашылмай тұрған шақта жаза басқан жайсаңдарымызды сынап-мінеуді мақсат етіп отырғанымыз жоқ. Басты кінә, әрине, қоғамдық құрылыста. Жетпіс жыл бойы бір ғана идеологияны насихаттаушылар, расында да, біраз нәрсеге қол жеткізді. Қыруар жұрт дұрыс жолда келе жатқанымызға, осы жол бай етіп, барша мұратқа жеткізетініне имандай сенді, солардың арасында небір жайсаңдарымыз бен қасқаларымыз да жүрді.
Кейінгі ұрпағымызды енді қадам басқан әділет жолынан ешкім адастырмасын деп тілейік.

Дастан АЗАМАТҰЛЫ.