Ғарыштан ғұмыр тартқан ғұлама

Биыл қазақтың көрнекті ақыны Өтежан Нұрғалиевтің туғанына 85 жыл толды.
Байғанин өңірінде дүниеге келген ақынның Алматыға өзінен бұрын сөзі жетті. Балауса өлеңдері «Жұлдыз» журналында жарияланған жас Өтежанның алыс түкпірдегі Жарқамыс ауылынан астанаға келуі әдеби ортаны елең еткізген оқиға болды. Сезімтал лириканы эпикалық поэзиямен жалғастырған Ө.Нұрғалиев туындылары қазақ әдебиетінің алтын қорына енді.

Қазақтай тарпаң жұрттан табиғаты бөлек тұлғалар аз шықпаған. Көңілі биік, үні асқақ ұлыстың ұлағатты шаңырағынан ұрпаққа үлгі болар толғаулар қалдырып талай шайыр да өтулі. Заманның зарына көнбейтін, намысын бермейтін, қайыңның қатты безіндей, сахабалардың сөзіндей, болмысы бөлек сол шайырлардың бірегейі (мен үшін) — Өтежан ақын.
Ақын деген киелі атқа нағыз лайық жан (Әйтпесе, бүгінде көрінген өлеңшіні ақын атап, киелі сөздің қадірін кетірдік). Тірі тұрқын бір-ақ рет көре қалдым. Жасамыс шағы емес, шау тартқан тұсында. Басында дағарадай ақ қалпағы, салдардың шалбарындай балағы кең шалбар, үстінде ақ көйлек, формысы айрықша ақшыл, шапан деуге келмейтін бешпент. Нағыз серінің кейпі. Көзіме өзім көрмеген, көп естіген серінің бейнесі елестей кетті. Қалың топтан бойы да, сойы да оқшау тұрды. Қайран қалдым. Жанына жақындауға батпадым. Ныспысын жиі естігем, оғаштау мінезі барына қанық едім. Қайдан білейін кетіп қалатынын. Білсем тілдесер едім ғой.
Осы көргеннен соң өлеңдерін іздеп оқыдым. Іштей тоқыдым. Қолыма іліккені — «Афина мектебі». Аты да айғайлап тұр. Мен сыры беймәлім кітаптың кез келген тұсын ашып, бірер парасын оқып, көңіліме жақпаса жаба салатынмын. «Афина мектебін» жаба алмадым. Теңіздей тұңғиық. Тарта жөнелді. Сүңги бердім. Бойлатпады. Тым терең екен. Санама сан тарау ой салды. Бағдарымнан жаңылдым. Жол нұсқар абыз іздедім. Мұндайда сөзіне малданар «Темірқазығым» Ертай ақын еді. Іздеп бардым. Ой тарттым. Табыстым.
Үйге асыға жетіп, Өтежанға қайта жармастым. Тірліктің сырын ұғына бастағандаймын. Фәлсапа! Өтежан-жырға құныға түстім. Асау жыр кеудемді кергендей болды. Қалам алдым. Параққа телмірдім. Жаза алмадым. Шымыр ұйқас, шұрайлы шумақ кептеліп тұр, қуыс кеудемде. Шығаруға ұялдым. Өзімнен емес. Өзгеден емес. Өтежан ақыннан.
Ойым өзгерді. «Шырылдауық шегіртке» құсап сауық аулап жүре беріппін-ау! Бағытым басқа арнаға бұрылды. Академик Ғарифолла Есімнің дәрісін тыңдап, Өтежанның жанын ұға бастағандаймын. Жан тазалығын аңсадым. Арсыз күлкі, өтірік өлең екен менікі. Ғарифолла ұстаз: «Фәл-сафа — саф ой. Тұнық ой. Үңгірден шығу керек», — дейді. «Қайдағы үңгір?». Мағжан айтады: «Бұл өмір абақты ғой саналыға». Абақтысы несі? Қазақтың даласы кең-байтақ қой.
Ойшыл Платон адамдардың көбі үңгірдегі адамдарға ұқсайтынын жазыпты. Олар үңгірдің артқы қабырғасына қарайды. Адамдардың артында аласа қабырға бар. Заттардың бәрі соны жағалай орналасқан. Осы аласа қабырғаның арғы жағында от жанып тұр. Үңгір қабыр-
ғасына қарсы отырған адамдар не көреді? Олар үңгірдің артқы қабырғасына осы заттардан түскен көлеңкені көреді. Бірақ бұлай емес қой. Заттардың қандай екенін көру үшін адам күн сәулесі түсіп тұрған жерге шығуға тиіс.
Кері бұрылдым…
Аритотель, Сократ, Анахарсис, Платон, Солон…
Малтығып келем…
Өтежанның ойын ұға бастадым. Ұстазым Ғарифолла ағайдың жөні бөлек екен.
«Ақыл-ой Құдайдан берілген, — дейді Аристотель қарт, — Демек, ақыл-оймен үйлесімді өмір де — Құдайдың бергені. Егер солай өмір сүрсек, бізге ажал құрығы жетпейді». Аристотельдің пікірінше, бұл — жеке тұлғаның ажалға мойынсұнбауы емес, Құдайдың тылсым мәңгілігінің бір бөлігі ғана.
Әй, бәрекелді! Мағжан шайыр ғұлама екен ғой…
Өтежан айтады:
Не десең де, сол Сократ бала сүйіп, қатын ап,
Арғы-бергі Дүниеге жүрді жаяу қатынап, — деп.
Е-е, Сократ та біз сияқты адам екен ғой! Артықшылығы — арғы-бергі Дүниеге жаяу қатынап жүргені.
«Сағындық шал айтушы еді шыққан кезде ығыры,
Мынау дүние — дүние емес,
Сағындықтың шығыры».
Жарқамыстағы Сағындық шал Сократша толғайды. Расы сол. Сұм жалған — Сағындықтың шығырындай шыр айналған дүние ғой. Пенденің көргені — азап. Ит тірлік дейді мұны, қазақ! Қазақы дүниетаным сорабы. Ғажап!
…Сол жылғаның бастауында Сағындықтан
аумайтын,
Сократ тұр Дүниенің ақыл-ойын жаулайтын…
Ғұлама Сократ Жарқамыстағы Сағындыққа ұқсайды екен. Түрі емес, ойымен. Биіктік. Ой заңғарлығы. Сократты Сағындыққа теңейді-ау. Қазақтың қара шалы ғұламаның ғұламасы ғой… оларға Алла қара ақыл берген. Қара ақыл деген парасат қой. Парасатты адам — қара ақылдың иесі.
«Қара» сөзі «аға, негізгі, үлкен, бастапқы» деген мағынаны білдіреді. Мысырлықтар өз елін ертеде «Кеми» — «Қара жер» деп атаса, шумерлер, мысырлықтар, қытайлар және басқа халықтар қазақтар сияқты өздерін «қара көздер», «қара
бастар» деп атаған. Бұл нақты фактіні ғана емес, сонымен қатар ежелгі, үлкендік идеясын да аңғартады.
Қара сөз, қара өлең — бас сөз, алғы сөз, үлкен сөз мағыналы. Бас сөз — бұл ілім. Басты нәрсе — білім. Өтежан ақын секілді бұрынғының жыраулары сөз өнерін киелі санап, үлкен мән берген. «Қара өлең», «қара сөзбен» елді тәрбиелеген.
«Өсиетке терең бол!», — дейді Әнет баба. «Әркім сөз жазса, қара сөзбен жазсын», — дейді Қожа Ахмет Яссауи, «Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады», — деген Алаш ардақтылары.
Сөз өнерін киелі санап, қастерлеген көшпенділердің отты жыр шумақтарымен толғануы заманаға зор әсер еткені ақиқат. Биікте Көк Тәңірі, төменде қара жер жаралғанда ортасында адам баласы жаралғаннан беріде Күлтегіннің бітік тастағы толғауларынан кеудесі басылмаған асқақ рух лебі өзегі үзілмей Махамбет пен Өтежанға ұласқан. Болмысы заңғар, тұлғалар заманының сарқыты.
Өтежанды, білетіндер болмысы бөлек, сөзі кесек тұлғаға теңейді. Оған сөз бар ма? Десек те әлі шалшық кешіп келеміз. Тұнықтан сіміре алмай, шөліркеудеміз. Айдыннан алшақтап (дұрысы алшақтатты), таңдай кебірсіп, қау жан қуыршаққа айналды. Бұрынғы асқақ, пәк рух елеске айналды.
Өтежанға бағыт берген Сократ боқ дүниеден жиреніп, жан байлығын іздеген.
Не қылса да — жеңді жауын,
жауы болды Өтірік,
Өтірікке езген сабын шындық болды көпіріп.
Сократты айтады.
Ең соңында өлімді де жеңді дейді у ішіп,
Бұл Дүниеде жеңген жаумен о Дүниеде
туысып.
Боқ дүниеге малданып, бес күн тірлікті базаршылап пайда қуған мықтыларға қияли жанның түкке тұрғысыз қысыр сөзі мынауың. Тәннің қажеттілігін ғана өтеп жүрміз, расында. Жан тазалығын ұмыттық. Жан тазалығы — рух азығы. Рух ластанған соң кеудеміз бос, қуыс. Жан тазалығы не нәрсе?
«Көрмейсің бе, адам жалаңаш туады, жалаңаш көмеді. Дүние жинау не үшін керек, қайта тастап кеткен соң?» демей ме Хакім Жүсіп Баласағұн.
2016 жылы Жаңаөзен қаласына шежіре іздеп бардық. Жасы тоқсаннан асқан Молдағали есімді қарияға жолықтық. Түрікмен жағынан осында қоныс аударған Молдекең бүй дейді.
«Әкем Айшуақ, елге сыйлы, бес намазын қаза қылмаған діндар кісі еді. Ауыл-аймақ әулиедей құрметтейтін дініне берік жан болатын. Аласапыран жылдары елден қысым көріп Түрікмен жұртына бас сауғаладық. Ірге нықтаған соң көрші ерулік берді. Бардық. Толы табақ ет келтірілді. Сонда әкем, аузына бір кесек ет салып, тамсап, «ыңқ» етіп түйіліп, шығарып тастады. «Мынау
арам ет қой», — деді. Содан ұшынып, сап-сау адам, үш күн науқастанып жатып, кете барды».
Не деген әулие! Жан тазалығы осы ғой. Қандай асыл текті еді бабалар?! Сондай тектілердің ұрпағымыз деуге ұялатын шаққа жеттік. «Мен қазақпын» деп құрғақ ұрандатуды әдет қылдық. Өзіміздің ісімізден көзіміз ұялатын кептеміз.
«Қазақтар — өте адал халық; берген сөзін ешқашан бұзбайды… тыйым салынғанға қарамастан, көпестер оларға орасан зор сомаға сеніп қаражат береді, қазақтар егер төлегілері келмесе, оларды төлеуге мәжбүрлеуге болмайтынын біле тұра, көбінесе тіпті асырып төлейді, қиналса да төлейді! Тіпті оларға қарыз берген көпестің өзі қарыз туралы ұмытып кетсе де немесе оны жоғалды деп санаса да төлейтіндігі жиі орын алып тұрады, кейде адал қырғыздар оның мұрагерлеріне, олар тіпті білмейтін қарыздарын да төлейді», — деп таңғалады Троицкий деген орыс зерттеушісі.
«Қазақтар берген уәдесін қатерлейтіндіктен, құдалық балалардың сәби шағында жасалып қояды», — деп таңданады орыс саяхатшысы Ф.Назаров.
Мұның бәрі құр мақтаншылықтың көрінісі емес. Бұның бәрі — жанның саулығы. «Алдымен өзің сауық, сонда маңайыңдағылар да сауыға
бастайды». Еуропалық шоң психолог айтып отыр.
Балаңды тәрбиелеме, өзіңді тәрбиеле. Балаң саған қарап өседі. Өзің есектің тірлігін кешіп жүріп, балаңа қандай өнеге көрсетесің? Не деп ақыл айтпақсың?
Таза мінсіз асыл тас,
Су түбінде жатады.
Таза мінсіз асыл сөз,
Ой түбінде жатады.
Абыз Асан бабам-ай! Қалай-қалай толғайды, шалың! Ой түбіндегі асыл сөзді неге шығарып, жар салмаймыз? Қалай шығарамыз дейсіз бе? Абыз Асан бабаң айтып тұр ғой. Құлақ түріңіз:
Ой түбінде жатқан сөз,
Шер толқытса шығады.
Шер деген — мұң, қайғы деген сөз ғой. Мына заманда шерді пенде аз болып тұр-ау.
«Менің білетінім — ештеңе білмейтінім», — депті ғой сол Сократ. Ол — мойындау. «Өзіңнің білмейтініңді білгеніңнің өзі бірдеңе білгенің ғой», — дегенді айтқан торы төбел атын тебініп жүріп өткен даланың бір қазағы. Еркін ойлы қазақ.
Қазақтың, ой-да, ойы да еркін еді-ау. Біз де еркінбіз. Тым еркінбіз. Бірақ құлмыз. Кімге? Әрине, Жаратушының құлымыз, бәріміз! Жауапкершілік аздау, тек. Жауапкершіліксіз еркіндіктің түбі — құрдым, — деп тұжырады батыстық бір ғұлама. «Адамға Алла ерік берген, сол ерік — бірінші жауы», — дейді Құл Қожа Ахмет Яссауи.
Нақ солай. Ерік — нәпсі. Нәпсі — құмарлық, құштарлық. Мұны жеңуге адамға ақыл берілген. Ақылды адам ақиқат жолынан адаспайды. Тірлікте ең оңай нәрсе — біреуге ақыл айту. Ең қиыны — өзіңді жеңу. Өзін-өзі жеңген адам — жарты құдай.
Сонда қалай өмір сүрмек керек? Ақиқатқа көз жеткізуге бола ма?
Ақиқатты іздеген, Сократ та, Солон да, Дерида да. Абай да, Өтежан да.
«Адам — бір боқ көтерген боқтың қабы,
Боқтан сасық, боласың өлсең тағы…».
Хакім Абайдың толғауы. Терең фәлсапа. Расында, адам — боқ көтерген қап. Тәнді қимылдатып, шірітпей ұстап тұрған жан, рух. Жан шығып кетсе, өлдің. Өлсең тәнің шіріп,
сасиды. Тән қартаяды, тозады. Ал жан қартаймайды. Әлгі ақылды мақұлық — адам, жаны кеудеде тұрғанда тәнін қорғап бағады. Ақылымен жол табады. Нақтырағы, ақылымен жол табуға, ақиқатқа жетуге тиісті.
Абайдың ойын Өтежан ақын жалғайды:
Далада емес менің досым… Қалада да
Көшер бар…
Алматыда ұшып жүрер жел толтырған
не Шарлар.
Іштерінде Көшері бар Тоқішектер, Бүйендер,
Қара қарға қарқылдаған Қаңтарлар
мен Июньдер…
…Жүректегі мұзы ерімей, күлкідегі от еріп,
Сенбілікте бөрененің жеңіл жағын көтеріп…
Түйсігі бар жанға бұдан артық сын бар ма? Бұдан артық қалай айтуға болады? Абай заманындағы ішіне жел толған қуыс кеуделер,
етке тойынған іркілдек бүйен, боқ қарын. Қарынның қамы ғана…
Оңай жерден оқу іздеп дым білмейтін ұлына,
Сиыр сатып… Алматыға екі барып жылына…
Әй, надандық-ай! Бала емес, сиыр оқып шығады. Сиыр бас бала елге қызмет қылады. Содан көпшілік сорлайды. Сордың басы — осында.
Жерім үлкен. Халқым үлкен. Көңілім
үлкен, салтым кең,
Кең сарайын сырлап алған менің
халқым алтынмен.
Алайда деп… айта аламын… бар ақындық
даусыммен,
Шешілмеген мәселе көп талай-талай дау сіңген.
Шешімін таппаған даулы мәселелер шешімін табар, біреулердің пайдасына, қалың қазақтың пайдасына емес. Заманының зарын азулы ақын ғана айта алар. Ақиқаттың жолы — ақын үшін
аяулы жол.
…Тек сол үшін – борыш үшін, арқалаған АР үшін,
Ақындығың шыдаса да, шыдамайды НАМЫСЫҢ.
Ақындығынан ар-намысын биік қояды, шайырың! Бұрынғының сойы. Нарлардың сарқыны. Қазтуғанша қамығып, Доспамбетше долданып, Шалкиізше шамданады. Өзінің қамы емес, ұлысың жайына.
Оқитыны сол баяғы «Жұлдыз»
бенен «Балдырған»,
(«Балдырғанды» ол, әрине, баласы
үшін алдырған).
Баяғы таз қалпындағы жамағаттың қатып қалған қағидасы — осы. Өмір өтеді. Ит үреді, керуен көшеді. Баяғы қазақ — бір қазақ! Бірақ сол қазақ үшін шырылдайды шайыр. Жаны ашиды да. Өмірге бекер келіп, бекер кетпесін дейді дағы. Оны көп ұға ма? Көп — терең, батырады. Көп — тобыр, таптайды.
Рим жауынгерлері Архимедті шаншып өлтіріп, чертежін жыртады. Қисық қоғам Өтежанның жанын жабырқатады. Өтежан ақынның өз әлемі, өз чертежі бар. Ол біреуге еліктеп, біреуше толғанбайды. Болмысы ерек, ой емшегін еміп, сөз саумалын ішкен шайыр шыңға көз тігеді. Заманының ырқына көнбейді. Қоғамының жазған заңын қаламайды, Солон қалыптаған ғұламалық салт пен дана жыраулар дәстүрін ұстанады.
Менің сөзім күнелтеді айран-шалап сұрамай,
Әкімдерден машинаға гараж сұрап жыламай.
Шабылатын сәтін күтіп… тұрады ылғи қынапта,
Мейрамда емес, майдандарда —
сыналады сынақта.
Жанған өрттен бала қыздың
қуыршағын көтеріп,
Диспансерде қырық үштің аязымен жөтеліп.
Сотталып та кете жаздап… шындық
үшін шаталып,
Жүреді ылғи пайдасы жоқ
туысқаннан хат алып.
Аңқау қызға ғашық болып,
түнде кезіп бау ішін,
Қара түнде адасады, әнге бөлеп тау ішін.
Жекпе-жекке шақырады өтіріктің шоқпарын,
Қашан атып бітіргенше ең ақырғы оттарын.
Ойнай-ойнай өмір бойы балалықтың ойынын,
Көтереді Әділдіктің жіңішкерген мойынын!
Олай болмай, басқа болса, ұйқы
көрер таңы жоқ,
Бұдан басқа бұл өмірдің мен білетін заңы жоқ.
АҚИҚАТТАН АЙНЫМАЙТЫН
тура бидей жалғыз заң —
Қажет болса, айыратын нағашыдан,
балдыздан.
Ақынның өмірлік ұстанымы — осы. Осыған лайық ғұмыр кешкенін ешкім жоққа шығармас. Яссауидің түзу жолындай. Құл Қожа Ахмет
жолы — әліп (әлиф). «Әліпті таяқ деп білмейді» дейтін атам қазақ. Тура жол. Бұлжымас ұстаным. Талапшыл ерік. Айрықша адами қағида.
Табиғаты бөлек адамдар қай дәуірде де ортадан оқшау жүрген. Олардың тобы көп болмайды өзі. Қабылан жал, қасқыр сұс, қыран қанат, арыстан айбат, айрықша келбет мұның бәрін бір адамның бойына сомдап құя салған. Жаратушының құдіреті демеске шараң кәне. Ол адам және ақын болса…
Жалпы ақын жанға Алла Тағала ерекше тірлік, өзгеше өң береді. Ақын да Алланың әулиелік құйып сомдаған тұлғасы. Ақынның бойында ерекше қасиеттер болатыны айқын. Өтеағаң ол жағынан да кенде емес.
Пифагор, Декарт, Аристарх, Диогендер де, Қадыр, Жұбан, Жұмекендер де жұмбақ әлемді жандар. Әлемдік үлгіге татитын тұлғалар.
«Мен Грекияда болған емеспін, оның тілін де оқыған емеспін, өнеріне де етене қанық емеспін. Мүмкін, сондықтан ба екен, мұсылман пәлсапасының өзегіндей Зұлқарнайынға тәрбиеші болған Аристотель, оның ізгілік, ар, иман туралы қалдырған мұрасы мені қатты тебірентті», — дейді Өтежан.
Грек ғұламаларына туған даласы Жарқамысты, Оймауыттың өңірін, ондағы әпенді адамдарды таныстырады.
Жарқамыстағы Құштайды мысалға алып ұшу қабілетін талқыға салады. Құштай болып ұшады.
Жарқамыста Құштай деген кісі өтті…
Біреулерге тілі тиді, біреулерге тісі өтті…
— Мен бір жүрген бейшарамын. Зияны
жоқ Құштаймын,
Жерде жүрсем — құмырсқамын, Аспанға
ұшсам — Құстаймын…
Ақын сомдаған бейне — Құштай нағыз әпенде. Мұндай әпенделік — ақындарға да тән қасиет. Есениннің де, Маяковскийдің де әпенделігі жетеді. Ол өз алдына бөлек тақырып.
Біздің айтпағымыз, Өтежандай өткірдің тылсым табиғаты. Өресінің өрісі. Кеудесінің кеңдігі. Ақылының ауқымдылығы.
Өтежан Анаксагор мен Сократтың көзқарасын тоғыстырып, екшейді.
Анаксагор: «Ақыл деген — нар
түйенің бұрауы», —
Деген сөзге жетіп еді жауап тапқан сұрауы.
Ал Сократ одан әрі берді ақылға түсінік,
Берер кезде: «Ақыл, — деді ол, — кісілік…»
Одан соң ақылдылықтан да асқақ қылып мейірімділікті атайды да, мейірімнен де жоғары, ең бастысы ізгілік деп түйеді. Ақылдың
шоқтығы — парасат. Қазақы дүниетанымда парасат деген — қара ақыл.
Адамды жаратқанда Алла Тағала қауағына ақыл салады. Біреуге аз, біреуге көп салады. Осы қауаққа Алла салған ақыл — парасат деулі. Бұл ақыл — парасат ешқашан, ешқандай жағдайда өшпейді, өшірілмейді. Адамның кісі қалпын сақтайтын да осы Алла берген ақыл. Қазақ ұғымында мұны «қара ақыл» дейді. «Қара» сөзі басқы, бірінші, алғашқы деген ұғым береді дедік қой.
Әуелі ұлық — Алла. Алла оқытқан адам парасатқа кенеледі. Ізгілікке ұмтылады. Платонша пайымдасақ: «Игілікке кез келген жан ұмтылады, сол үшін қолдан келгенін жасайды; ол игіліктің белгілі бір нәрседен тұратынын, онда бір нәрсе бар екенін сезеді, бірақ оның не нәрсе екенін түсіне алмайды». Бұл — тылсым. Сырын ашам деп ұмтылмаңыз. Құпия қалғаны жөн. Сонда жаның тыныш.
Біздің ойымызша, ақылды адам жарлы да, құл да болмайды. Мәмлүк Бейбарысты еске түсіріңіз. Ол басында Сұлтан емес-ті, құл еді. Құлдыққа күштеп ұстағанымен, ақыры билікке қол жеткізді.  Бейбарыс құл еді. Алланың алдында ғана құл болып өтті. Аллаға құлдық қылмай өткен пенде бар ма? Пенденің құдайшылығы денінің саулығында, өмірінің тамашалығында ғана. Балтыры сыздап, бүйрегі мұздаса Жаратушысына жалбарына кетеді.
Құнанбайды дәретсіз, тіпті омырауын жумай, бісмілләсін айтпай емізбеген Зередей асыл аналар аз ба? Осындай алтын құрсақ анадан туған тектінің бірі Өтежан ақын ғой.
Құрсақтан құт асап туу да ұлы жол. Тегінде тектілік адамға құрсақтан бітеді.
Текті әжелер жаңа түскен келінді қамқорлыққа алатын. Жас келінді «лас жерді баспа», «түнде жалаңбас далаға шықпа», «жаман сөзге үйір болма», т.т. деген сөздермен тәрбиелейтін-ді. Өйткені олар білетін. Жас келіннің құрсағына сәби бітеді. Сәби құрсақтан сезеді. Жаны таза адамнан арлы жан туады. Тәрбиенің басы осында жатыр ғой. Саналы кісі солай жасайды. Осылайша табиғаты асқақ Өтежандай ақындар пайда болатыны айдай ақиқат.
Тегінде, Өтежан — сері кісі. Сері — қазіргі біздер айтып жүргендей жеңіл мінезді, қатынқұмар, жын қуған далбаса әнші емес еді. Сері — еркіндікті аңсаған, қара басының ғана емес, күллі жұртының еркіндігін ойлаған тұлға болатын. Серілер — табиғаты мен шығу тегі жағынан жауынгерлер, яғни әскери ақсүйектер. Жауынгерлік жолдың екі негізгі архетипі бар — Махаббат пен Өлім. Фрейд бойынша Эрос және Танатос. Өмірдің түйіні — өлім.
Көне дәуір қолжазбаларында «жеті өлшем» деген түсінік бар. Жеті өлшемге — мәрттік, бекзадалық, тектілік, жомарттық, батырлық, байлық, сақилық секілді қасиеттер жатады. Осы жетеуін ұстап тұратын білім керек. Білім дегеніміз — иман. Осы жеті өлшем бойынан табылған, яғни осы қасиеттерге лайықты кісіні көпшілік ардақ тұтып, хан көтерген. Осынау тұжырымның тереңіне бойласақ, нағыз тұлғалық бейнені көреміз.

Осы ойды Л.Толстой «Соғыс және бейбітшілік» романында әлдебір жаңылыс басып тақуалыққа бет бұрған кейіпкерінің тағдыр-талайында талдайды. «Франк-масондар» тобына мүшелікке кірген әрбір масон өзін-өзі тәрбиелеуі тиіс жеті шарт: 1) кішіпейілділік, орденнің ғұрып-салтын орындау, 2) орденнің жоғарғы шендеріне бағыну, 3) жақсы мінез-құлық, 4) адам баласын сүю,
5) ерлік, 6) жомарттық, 7) өлімге деген махаббат.
Адами құндылықтар туралы мәнді шығармалар қалдырған абыз Толстойдың жеті шартының өзегі адами жақсы қасиеттерге толы. Соңы өлімге деген махаббатпен бітеді. Тағы да Фрейдтің Эрос-Танатос тұжырымына тірелеміз.
Ғылымға, фәлсапаға иек артсақ, «Халқы үшін ерлік жасап өлгендерді тәңірлер мен адамдар қастерлейді. Себебі өлім қаншама даңқты болса, оның берер абыройы да молырақ» (Гераклит).
Даңқ! Осы бір сөз әркімді аздырары анық. Ойлы ақын даңққа, мансапқа қызықпайды. Оның даңқы — биік тұлғалық, адамдық.
Даңқ деген — дақпырт. «Өлгеннен кейінгі даңқ қана аруақтың жанына жақын… ал қазіргі, көзіңнің тірісіндегі даңқ, әсіресе қолдан жасалған даңқтың құны — көк тиын». Бұл — даңқты Гоголь.
Жалпы, пенде атағын шығаруға құмар, ал атағы дүркіреп шыққаннан соң одан шаршай
бастайды. «…Даңқ ұдайы дерлік шындық сезімін бұрмалайды әрі адамның жеке басына ылғи қауіп төндіреді». Даңқты Габриэль Гарсиа Маркес даңқтан жиренген.
Сөз өнерін киелі санаған ұлыс ақынын төбесіне көтереді. Қастерлейді. Бұрынғылар тіліне, сөзіне абай келген. Сөз жүректен шығады деп, жүрегін, өне бойын таза ұстаған. Жамандық айтқан сайын ұлғая түседі. Сөз материалданады. Сөз қуаты керемет.
Қазақта сөз өнері — өнердің шыңы. Яғни тіл өнері. «Қызыл тілден бал да тамады, у да тамады» деуі содан. «Жақсы сөз — жарым ырыс» деуінде де үлкен мән бар. Бата киелі. Өсиет жүйелі. Қазақ халқы ұғымында қызыл тілден шыққан әрбір сөз Жаратушының құлағына шалынып, қабыл болып кетуі мүмкін. Сондықтан әр кез жақсы сөз айту маңызды. Әгәрәки, абайламай айтып қойған бірауыз жаман сөзің қабыл болып кетсе, бүкіл өміріңді өзгеріске ұшыратуы ықтимал.
Сананы сөз өнері арқылы тәрбиелеу қиын һәм тиімді.
Шәкәрімнің түйіні: «Ескі заманның білімділері әр нәрсенің түпкі негізі неден жаралғанын тексеріп, тамам нәрсенің негізі төрт нәрсе деп білген. Онысы – су, от, топырақ, ауа».
Әулиесі күңіренген Маңғыстауда Шақпақ ата мешіті — киелі мекеннің бірі. Сол Шақпақ ата мешітінің сәулеті тіпті өзгеше. Ішкі өрнегінде мешіттің төрт бұрышы төрт түрлі құбылыс бейнесімен оюланған: Су, От, Ауа, Жер (топырақ).
«Қазаққа философтар аспанынан жұлдыз теретін, оны ақын арқылы жазып беретін күн туды. Менің айтарым — осы», – депті Өтеағаң. Айтары бар адам ғой.
«Ұлы шеберлердің шығармалары — таңда атып, өз жолын өткен соң бататын жарық сияқты. Міне, осылай әрбір ұлы шығарма, күн сияқты
батып кетсе де, уақыты келгенде біздің көкжиектен қайта көтеріледі» (Виттенштейн).
«Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары». Шалғынын кешіп, көбелек қуған, атақонысын әнге қосып толғанбаса сері болар ма?
Орыс зиялыларында «имение» деген ұғым бар. Әр аймақтың кәдімгі мәдени орталығы болып кеткен жері болатын. Мысалы, Пушкиннің Михайловскоесі, Толстойдың Ясная Полянасы сияқты.
Өтежан да шалғайдағы Жарқамысын жырлаудан танбайды.
«Мен кішірек қалада тұрамын, оны одан да кішірейтпеу үшін сонда тұра бермекпін», — депті Өтежанның ұстаздарының бірі Плутарх.
Жарқамыс Өтежан сынды тұлғалы перзенттерімен биіктей түседі.
Әр пенде ұлты үшін, ұлысы үшін осындай ой кешсе, әрбір мемлекет жарқырап, жайнап өсе түсер еді. Бұл — мәдениетті мемлекеттің бір көрінісі. Бір рудың арын арлаудан аспай жүрген азаматтары мол Қазақстанның мәдениетінің шарықтауы үшін әлі бірнеше жылдың жүзі өтуі тиіс. Саналы, білімдар кісі жалпылықты ұстанады. Не көрсе де ұлысымен көреді. Хакім Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген ойын пайымдауға мұршасы келетіндер аз. Елді ел қылатын да осындай ойлы азаматтар қатары. Озық ойлы кісілер қатарын көбейту үшін, әрине, білім қажет. Рулық санадағы, атасын жоқтаудан аспай жүрген тар ұғымды жандардың тірлігін жоққа шығара алмаймыз. Жеті ата ұғымы киелі ұғым екенін мо-
йындаймыз. Десек те жеті атасын түгендеу, шежіресін сомдау, бабасын батыр қылып, соған қыруар қаражатын шығындап ескерткіш, кесене
орнату — ысыраптың зоры.
Түркі дәуіріндегі асқақ рух, арлы болмыс қилы замандар көгінен желісін үзбей ұрпақтан- ұрпаққа жалғасып, кешегі Алаш ардақтыларына жеткені айдай ақиқат. Азаттық таңын аңсаған ақын-жыраулар асау жырларынан еркіндік желі еседі. Күлтегіннен Кетбұғаға, Кетбұғадан Қодан тайшыға, одан Сыпыра жырау арқылы Қарға бойлы Қазтуғанға, Азаулының ағасы ер Доспамбет жырауға ұласып, өр Махамбеттің көкірегінен тасқын боп селдеткен жырау жұрттың еркіндікке ұмтылған ар-намысының көрінісін Абыз Асан Қайғының толғауы төгілген Шад (Жем) топырағынан түлеген Өр Өтежан, тарпаң толғауларымен түйіндегендей көрінеді маған.
Біз тегінде Өтежанның табиғатын түсінбей жүрміз. Түсінуге өреміз жетпей жүрміз-ау. Өтежанды меңгерсек, әлемді меңгерердей сезінемін.
Әзірге өзімнің әлеміме ораламын!
Өтежан — өлең. Өлең — Өтежан.
Есентүгел ӘЗИ,
мәдениеттанушы.
Ақтөбе қаласы.