Биыл Ырғыз топырағында туған қазақтың белгілі жазушысы Өтебай Қанахиннің туғанына 100 жыл толды. Осыған байланысты Ырғыз өңірінде түрлі мәдени шаралар өткізілді.
Үстіміздегі жылы облыстық «Оқитын өлке» акциясына Өтебай Қанахиннің шығармаларының таңдалып алынуы жазушы кітаптарының қалың оқырман арасына кеңірек таралуына ықпал еткені анық.
Ырғыз аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты кітапханаларда, аудандық тарихи-өлкетану музейінде, «Арай» мәдениет үйінде, жазушы дүниеге келген Жайсаңбай ауылындағы Ө.Қанахин атындағы орта мектепте және басқа да білім беру ұйымдарында көрнекті қаламгерге қатысты танымдық шаралар өткізіліп, шығармашылық деректер, жәдігерлер толықтырылуда.
Үстіміздегі жылғы ақпан айында Ырғыз аудандық орталық кітапханасында «YMYRTTAGY KITAPXANA» әлеуметтік-мәдени шарасы және облыстық «Оқитын өлке» акциясы аясында жазушының мерейтойына арналып «Туған жердің текті перзенті — Өтебай Қанахин» атты кездесу кеші ұйымдастырылды.
Бұл шараның өтуіне Тәуіп ауылдық модельді кітапханасы атсалысты. Жазушының туыстары Мейрамкүл Сатаева, Марат Тұрымов, Жайсаңбайда туып-өскен, Ө.Қанахин атындағы мектептің ұстазы болған Мейрамкүл Әбішева және басқалары өз естеліктерінде Өтебай Қанахиннің тұлғалық қасиеті, шығармалары туралы естеліктерімен бөлісті. Жазушы туралы оқушылар арнау өлеңдер оқып, кітап көрмесі таныстырылды.
Жалпы Өтебай Қанахиннің қай шығармасын оқысаң да, тақырып желісіне адамдар тағдыры, туған жерге деген сүйіспеншілік, іңкәрлік, ел мен жерге деген махаббат өзек болады.
Осыдан жарты ғасыр бұрын жарық көрген «Жер басып жүрсем» атты кітабында қаламгердің өзінің балалық кезеңдегі қиын тағдыры, Ырғыз өңіріндегі ауылдардың, жергілікті отырықшы тұрғындардың хал-ахуалы, тыныс-тіршілігі қозғалған. Мұнда халқымыздың салт-санасы, әдет-ғұрпы, сайын даладағы өсімдіктер дүниесі сияқты жайттар қамтылған.
Ө.Қанахин ең алғашқылардың бірі болып зиялылар тақырыбына қалам тербеген жазушы екендігін де айта кету керек. Ұлы Отан соғысы тақырыбында жазған шығармасы оқырманның оң бағасын алды.
Жазушының туғанына бір ғасыр толуына орай наурыз айында Ырғыз селосындағы Өтебай Қанахин атындағы көшеде тұрғындардың, жұртшылықтың қатысуымен «Өршіл рухтың өнегесі» атты мерекелік шара ұйымдастырылды. Аудандық орталық кітапхана өткізген бұл басқосуда жазушының өмір жолы туралы естелік әңгімелер айтылып, ұлттық ойындар ойнатылып, мерекелік қонцерт көрсетілді. Түрлі номинациялар бойынша көше тұрғындары марапатталды.
Сондай-ақ наурыз айының орта шенінде Ырғыз аудандық кітапханасы С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханамен бірлесіп облыстық кітапхана ғимаратында «Замана перзенті» деп аталған әдеби кеш өткізіп, бұл шараға Ақтөбедегі зиялы қауым, қаламгердің туыстары, жерлестер қатысты. Өтебай Қанахиннің өмірбаяны, кітаптары таныстырылған көрме көпшілік назарына ұсынылды.
Осындай танымдық-тағылымдық іс-шаралар жыл бойы өткізілді.
* * *
Өтебай Қанахин туған өлкеде қарымды қаламгер туралы ел арасында айтылар естеліктер мен жәдігерлер мол кездеседі.
Кезінде аудандық газетте қызмет жасап жүрген кезімде редакциядағы жігіттер баспасөзден Өтебай Қанахиннің жазған мақалаларын оқыған соң, өзара байланыс жасап тұру жөнінде хат жазғанбыз. Көп кешікпей ол кісіден төмендегідей жауап хат алдық.
«Рахымжан, Зәкіржан, Марат қарақтарым!
Хаттарыңды алдым. Алыста жатқан ағаға деген інілік ілтипаттарыңа, үлкен деп көрсеткен құрметтеріңе рахмет!
Бұл хат Жаңа жылдың бастапқы айының ішінде жазылып отырғандықтан, бәріңе де 1989 жылда жақсылық атаулы мол болып, творчестволық еңбектеріңіздің жемісі қомақтана түссін демекпін, басқа да көптеген игіліктер тілеймін.
Мен өзім Ырғыздың топырағынан жаралғанымды зор мақтаныш тұтамын. Туған өлкеден біржола қоныс аударғаныма 48 жылдай уақыт болса да, оның шаруашылығы мен мәдени өмірі, жерлестерімнің тұрмыс-тіршілігі, хал-ахуалы әрқашан назарымда. Мұны азаматтық борышым деп білемін.
Басқа да қазақ өлкелері сияқты, Ырғыз өңірі де соңғы 60-70 жылдың ішінде небір аласапыран, алмағайып кезеңдерді басынан кешті. Көбісін көзбен көрдім, куәсі болдым, біршамасын, қалғандарын нақты деректі зерттеу арқылы біліп-таныдым. Қилы-қилы жағдайлар болды ғой…
Сендер маған нақты түрде ұсыныс жасап, тапсырма беріңдер. Орындау жағы менен болсын (көлемін көрсетуді де ұмытпаңдар).
Ағаларың Өтебай.
15/1. 1989 жыл.
Алматы»
Қазақ прозасында өзіндік орны бар жерлес жазушының артында қалған мұрасы кейінгі ұрпаққа өнеге болып, туған жерге деген сүйіспеншілік сезім қалыптастыруға ықпалын тигізері анық. Өтебай шығармаларын мектептің оқу бағдарламасына енгізу жолдарын қарастыру керек деп есептейміз. Өтебай өнегесі ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса береді.
Марат МЫРЗАЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Тағы да
№12 ● желтоқсан ● 2023 жыл
СӘНІМ ЖӘНЕ ОНЫҢ ШӘКІРТТЕРІ
Ұрпақ