ҚАЙТА БАСЫЛДЫ

Жазушы Өтебай Қанахиннің 100 жылдық тойы қарсаңында біткен ірі шаруаның бірі — қаламгердің «Жер басып жүрсем…» деп аталатын кітабының жарық көруі.
Әуелгіде 1968 жылы алғаш рет шыққан бұл кітап сонау 1930 жылдардың шамасында қазақтардың басынан өткен небір қиыншылықтарды суреттеуімен де құнды еді. Рас, кеңестік цензура шығарманың әр сөйлеміне аса сақ қарап отырған шақта бұндай кітап жазуға екінің бірінің батылы жете бермейтін еді. Өйткені кітап жарияланған кезде көп жайлар жөнінде, соның ішінде әсіресе қазақ даласын жайлаған аштық туралы әңгімелеуге тыйым салынған болатын Дегенмен Өтебай Қанахин бұл оқиғаларды қайткенде де, сөз арасында болса да, қағаз бетіне таңбалап кетудің тәсілін тапты.
Кітапты Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі оқырманға «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, зерделеу мен насихаттау және мұрағат ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру» бағдарламасы бойынша 4 мың данамен ұсыныпты.
Оған қоса кітапқа жазушының туған жер тақырыбын қаузаған және бір туындысы — «Атақоныс» хикая-эссесі де енгізіліпті.
Сондай-ақ бұл кітапты оқырмандар Қазақстан ұлттық электронды кітапханасынан да оқи алады.