Менің атамекенім: Поэзиялық антология

Сарышолақ БОРАНБАЙҰЛЫ

Ұлы құм

Ұлы Құм-ау, Ұлы Құм,
Түйе бойлы шілігің,
Аңқып көкірек ашатын,
Жидекті бал шырының.
Айналайын, Ұлы Құм,
Жаз болғанда тербеліп,
Шәушілдейді шыбығың.
Бәйшешегің көкке сермеліп,
Қыздай еді қылығың.
Қояның қойдай өретін,
Шіл құлдырай жөнетін.
Қарсағың қашып қырқадан,
Әр төбеден түлкі өнетін.
Кекілік шулай асатын,
Тұрымтай  ән сап беретін.
Үкілер улеп түнімен,
Ерекше күйге басатын.
Бұлдырық ұшар зуылдап,
Күзенің қашар шуылдап,
Қырғиың қалқыр қырындап.
Қасқырың жортса қаңтарда,
Торғайың дүрік дуылдап,
Доңызың жөңкір дызылдап.
Мәлін несібе айырып,
Дуадақ қанат қайырып,
Сауысқаны шақылдап,
Байғыздары шаңқылдап,
Ат қайшылап құлағын,
Жапалақ ұшар жалпылдап.
Тіршілігім — Ұлы Құм,
Құм да болса Алтын бақ!

Қадыр МЫРЗА ӘЛІ

Туған жер

Тыртығы бар тарихтың денесінде,
Туған жердің ырқына көнесің де.
Көне етіктің ұлтанын жұлып алар
Көктемдегі көк сазың әлі есімде.

Ауылым-ай!
Уақыттың кемесінде
Зәкіріңді түсірмей келесің бе?!
Кеңсірікті қаңсытып жіберетін
Аңызағың,
Аптабың әлі есімде.

Көрген адам айтқан соң,
Сенесің де,
Инесі бар аяздың жебесінде.
Апта бойы ашылмай,
Көміп кетер
Ала-түлей бораның әлі есімде.

Туғаннан соң, қайтесің, өлесің де,
Жағасында өзеннің,
Дөңесінде.
Бабам жатыр,
Атам мен әкем жатыр…
Бәрі есімде,
Туған жер,
Бәрі есімде!

Есенғали РАУШАНОВ

Атақоныс

Пай-пай, пай-пай, тәңірдің бергенін-ай,
Көкте — Құдай болғанда, жерде — мұнай.
Қазақ атты бір ел бар ортасында
Қордалы би дейді оны көмбелі бай.

Үш қиянның көмбесін толғап айттық,
Көкке бір-ақ шығыппыз,
Зорға қайттық.
Көкте — Құдай болғанда, жерде — мұнай,
Ал сол мұнай жоқ делік.
Сонда қайттік?

Атақоныс дегенім — ар-намысым,
Сағана там, тарғыл тас, таңбалы шың.
Сені өзгеге қиям ба, кермек теңіз,
Жатқа сені берем бе, Жарқамысым.

Кепкен шыңырау — алдыңнан о да шығар,
Еңку-еңку еңіске жол асығар.
Байлық та жоқ, бақ та жоқ — жұртың отыр,
Таусылмайтын, әйтеуір, тобасы бар.

Шеккен мехнат кешегі, көрген азап —
Бодауына жарар ма көмбе ғажап.
Сол көмбесі болмаса болмасын-ақ,
Көкте Құдай болғай да, Жерде қазақ.

Есенқұл ЖАҚЫПБЕКОВ

Өз елім

Сенен талай қайтса-дағы меселім,
Кештім бәрін, өсе берші, өс елім!
Саған бекер кінә тағып жүрмін бе?
Күллі әлемнің азған жұрты бұл күнде
Саған қарай қаптатады кеселін.

Таппасаң да көңілімнің хош, емін,
Өзгере бер, өсе берші, өс елім!
Жұрт ішінде өз өзіммен сөйлесіп
Өзгеде жоқ бір тамаша ой кешіп,
Өн бойымен жүріп келем көшенің.

Өмірімде көкем де көп, шешем көп,
Көңілімде кем-кетік көп, кетеу көп.
Өзенінен өз ойымның шыға алмай,
Өз-өзіммен кетіп барам екеу боп.

Зар жылаймын неткен көп деп кеселім,
Қан жылаймын, сосын бәрін кешемін.
Өсе берші, өсе берші, өс елім!
Дәл өзімдей маңдай соры бес елім.

Мен сенімен күнде-күнде қоштасам,
Қоштасам да, сосын қайтып достасам.
О, туған жер, сенде қанша жауыз бар?
Жауыздығы жазаланбас ешқашан!
Солар мені күнде-күнде бауыздар,
Содан сені және өзімді ап қашам.

Өлдің елім! Келдің! Біттің! Қош деймін,
Сосын қайта кешіремін, кешпеймін.
Өзегімсің, өзегімді кеспеймін,
Өз елімсің, өз-өзімсің, не істеймін?!

Сенен талай қайтса-дағы меселім,
Өз қолымды өзім қайтіп кесемін,
Көзім сүйер көрініс жоқ, бос елім!
Қилы-қилы қиялымнан айырды-ау,
Ұялмайтын, қызармайтын төсегің.

Сенің ешбір қажетіңе жарамай,
Секілді әлгі Момынбайдың Көшегі,
Өн бойында ойнап жүрген көшенің,
Күні бойы лай суды кешемін…

Қызмет НҰРАЛИН

Ордың орғыл құмында…

Есіме аңыз көптен оралады,
Қайсысы шындық оның бола алады.
Аттанған Жібегіне Төлегендей
Асығып Ақжайыққа Ор ағады.

Сүйетін еркелетіп айды құлай,
Төсіңе құшағымды жайдым ұдай.
Алыстан түсіретін бейнемізді,
Ор өзен, айнам болған айдыным-ай.
Әр кезде сылдыр үні ашық қандай,
Жаныңды қуаныштан тасытқандай,
Көз тартып Ордың иірім-орамдары,
Сәмбі тал сән түзейді ғашықтардай.

Қызықтап сырласумен ағысын кіл,
Айтамыз жағасында жарысып жыр.
Баяғы алты қазы Төлегеннің,
Айналып Ор бойында әлі ұшып жүр

Шаһизада ӘБДІКӘРІМОВ

Кішкентай ауыл

Қозғалды пойыз…
Түкпірден
Қол бұлғап құйттай мекенім.
Қызық-ау, сонда ұқтым мен
Сонша оның ыстық екенін!

Келеді пойыз зымырап,
Санамды салып сарсаңға.
«Стоп-кранды» жұлып ап,
Секіріп түсіп қалсам ба?

Қымқасын қымтап құмыр бақ,
Көкмұнар көмген күз, міне…
Әйнектен самал сыбырлап,
«Күтемін» дейді үздіге.

Барам да үлкен қалаға,
Биікке тартам жыр көшін.
Бас-көз бол сонда балаңа,
Бұзылып кетіп жүрмесін.

Даңқтың дертін білгем бе,
Даурыққан кезім бар шығар.
Деміме пісіп жүргенде,
Дақпырттан мені аршып ал.

Киесі қашқан әулиедей
Кешкенде бастан нелер сын,
Түндіктен түскен сәуледей
Түсіме талай енерсің.

Қызыққа сонда малтықпай,
Жаныма жақпай жат ұран,
Өлімнен қашқан Қорқыттай
Өзің тартып отырам!

Келеді пойыз зымырап,
Құшағын ашып далам кең.
«Стоп-кранды» жұлып ап,
Бәрібір… түсіп қалам мен!