Айбек ШІЛМАНОВ: Тәртіп пен талап тең тұрсын!

23 маусым — Мемлекеттік қызметшілер күні
Мемлекеттік қызмет — Конституциялық негізде жүзеге асырылатын, өз өкілдеріне мемлекеттік басқаруды іске асыруға және республикамыздың өркендеуіне жауапкершілік беретін кәсіби қызметтің ерекше түрі.

2003 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы мемлекеттік қызметші күнін белгілеу туралы шешім қабылдады. Бізде елімізде бұл мереке ресми түрде 2014 жылдан бастап аталып келеді. Биылғы мереке қарсаңында біз ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Айбек ШІЛМАНОВТЫ әңгімеге шақырғанбыз.

— Айбек Ақбергенұлы, әдетте мемлекеттік қызметші қоғам мен билік арасындағы дәнекер деп жатамыз. Бүгінгі сұхбатымызды осы арнадан өрбітсек…

— Мемлекеттік қызмет дегеніміздің өзі — бүкіл мемлекеттік басқаруды ұйымдастыруда жетекші рөл атқаратын мемлекет жүйесінің маңызды тетіктерінің бірі. Қандай да қоғамды мемлекеттік басқарусыз, яғни мемлекеттік қызметшілерсіз елестете алмаймыз.

Жалпы халықтың билікке деген сенімі мемлекеттік қызметшілердің қызметі арқылы қалыптасады. Негізінде еліміздің мәртебесін көтеріп, халық мүддесіне еңбек ететін мемлекеттік қызметкер болу — мәртебелі міндет!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қызметтегі негізгі қағидаттарыңыз адалдық, кәсібилік, құзыреттілік, ашықтық болуға тиіс. Мемлекеттік қызметшінің басты мақсаты — азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Ел үмітін толық ақтайсыздар деп сенемін», деп мемлекеттік қызметшілер ұстанатын басты өлшемдерді айқындап берді.

Осы орайда ұлт ұстазы Әлихан Бөкейханның «Халыққа қызмет ету — білімнен емес, мінезден» деген ұлағатты пайымдауы ойға оралады.

Мемлекеттік қызметші — мемлекеттік билік және басқару органдарында кәсіби қызметпен айналысатын, мемлекеттік басқаруды, қоғамда мемлекеттік саясатты тікелей жүзеге асыратын азамат.

Бүгінгі мемлекеттік қызметшілердің ортақ міндеті — халық үніне құлақ асып, жұртшылықтың талап-тілегін ескеретін, қоғамның сұранысына толыққанды жауап бере алатын ашық, кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру.

Біздің өңірімізде төрт мыңнан астам маман мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істеп жүр. Олардың 57,5 пайызы әйелдердің үлесінде. Айта кету керек, облысымыздың мемлекеттік органдарында еңбек етіп жүрген қызметшілердің ішінде 21 адам Мемлекеттік басқару академиясының түлегі болса, 5 маман «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алған.

Дамудың жаңа кезеңіне қадам басып жатқан Қазақстанда басым бағыттың бірі — мемлекеттік қызмет жүйесін жаңғырту.

Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметке кіру және одан шығу рәсімдерін жеңілдету, бюрократияға жол бермеу, меритократия қағидатын ілгерілетуге қатысты агенттіктің алдына жаңа міндеттер қойған болатын. Бүгінгі қолданыстағы заңнамаға сәйкес түзетулер енгізіліп, жаңа тетіктер іске қосылды.

Атап айтқанда, мемлекеттік грантпен жоғары оқу орындарын үздік аяқтаған түлектерге аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз, тікелей тағайындалу мүмкіндігі берілді. Осы мүмкіндікті өңірімізде 43 жас пайдаланып, бүгінде ауылдық жерлерде жұмыс жасауда.

Бұл білімді, білікті, өз ісіне адал жас мамандарымызды мемлекеттік қызметке ынталандыруға, аудандық, әсіресе ауылдық деңгейдегі кадр тапшылығын азайтуға үлкен септігін тигізетін болады. Мұнымен қоса мемлекеттік қызметтің баршаға қолжетімділігін арттыру мақсатында мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға қойылатын талаптар қайта қарастырылып, әсіресе аудандық және ауылдық деңгейдегі лауазымдардың еңбек өтіліне, біліміне қойылатын талаптары жеңілдетілді.

Меритократия қағидатын ілгерілетуге келетін болсақ, қатарынан төрт тоқсан бойы жоғары баға алынған қызметшілерді тікелей тағайындап, лауазымына жоғарылату енгізілді.

Мемлекеттік қызметті цифрландыру аясында мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесі енгізіліп, конкурстардың ашықтығы мен объективтілігі, клиентке бағдарлануы жүзеге асырылды. Мемлекетті анықтайтын — адам мен қоғам. Жаңа Қазақстанның кадрлық әлеуеті мықты болса, рухы биік, тәуелсіздігі берік ел болып дамитыны күмәнсіз.

Президентіміз атап өткендей, жастар кадр резерві — мемлекеттің резерві. Резервті қалыптастырудағы басты мақсат — көкірегі ояу, көзі ашық жастарды мемлекеттік басқаруға тарту, мемлекеттік аппарат жұмысына жаңа серпін беру.

Өткізілген іріктеулерге республика бойынша 60 мыңнан астам азамат қызығушылық танытып, резервке алынған 400 адамның 80 пайызы саяси, мемлекеттік әкімшілік қызметтің «А» және «Б» корпусының жоғары лауазымдарына жұмысқа орналастырылды. Бұдан бөлек былтыр өңірлік кадр резерві қалыптастырылды. Резервке 25 кандидат іріктеліп, олардың 10-ы жоғары және тең лауазымдарға орналастырылды. Сондай-ақ мемлекеттік қызмет туралы жаңа заңның жобасы әзірленді. Жаңа заңда мінсіз бедел институтын енгізу, ерте кәсіптік бағдар беру және кадр резервін дайындау, көлденең мансаптық ілгерілеу, келісімшарт бойынша қызметшілер және мамандарды тарту икемділігі, мүдделер қақтығысын болдырмау секілді нормалар қамтылған және мемлекеттік қызметшінің әлеуетін көтеріп, олардың құқықтарын қорғауға бағытталған.

— Мемлекеттік қызметшілердің өздерінің құқықтарының бұзылуы туралы не айтар едіңіз? Олардың қорғалуы қалай?

— Қазіргі таңда мемлекеттік қызметшілердің құқықтық және әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету — өзекті мәселелердің бірі.

Осы ретте азаматтармен қоса мемлекеттік қызметшілердің құқығын қорғау, олар бұзылған жағдайда қалпына келтіру Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен оның аумақтық бөлімшелерінің қызметінің басым бағыттарының біріне жатады. Аталған ауқымдағы міндеттерді жүзеге асыру барысында Ақтөбе облысы бойынша департамент тарапынан мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау бағыты бойынша бірқатар талдаулар жүргізілді, оның бірі мемлекеттік қызметшілерге іссапар шығындарын төлеу мәселелеріне жүргізілген тексеру нәтижесінде 2025 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша өңірдегі мемлекеттік органдардың 31 мемлекеттік қызметшісінің құқығы бұзылған.

Нақтырақ айтқанда, департаменттен жүргізілген талдаудың нәтижесінде бірқатар мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілерге іссапар шығындарын заңнамада бекітілген мөлшерге сәйкес толық төленмегендігі анықталды. Осы талдау нәтижелері Ақтөбе облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесте қаралып, соның нәтижесімен 31 мемлекеттік қызметшінің құқықтары қалпына келтірілді. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың 1-тоқсанының қорытындысымен салыстырғанда көбейген. Осындай бұзушылықтардың алдын алу мақсатында өңірдегі мемлекеттік органдар арасында көптеген түсіндіру жұмыстары семинарлар, лекция, мақала жазу, интернет-конференция және т.б. түрінде жүргізілді. Алдағы уақытта аталған жұмыстар жалғасын табатын болады.

Мемлекеттік қызметшілердің мүддесін қорғаудың тағы бір түрі — үстеме жұмыстарға тартуға жол бермеу. Осы мақсатта 2023 жылы мемлекеттік қызмет саласындағы уәкілетті органға мемлекеттік органдарға бару, қол жеткізуді бақылау және басқару жүйесі арқылы мониторинг жүргізу функциясы берілді.

2025 жылдың 1-тоқсаны бойынша жүргізілген мониторинг нәтижесінде 48 мемлекеттік қызметшінің тынығу сағаттарын беру және өтемақы төлеу арқылы құқықтары қалпына келтірілді. Бұдан басқа мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік-тұрмыстық және өзге де жеке қажеттіліктерін өндіріс мүдделерімен үйлестіру мақсатында қызметшілер үшін икемді жұмыс уақыты режимі белгілену мүмкіндігі қарастырылған. Осы режимді өңірде 36 мемлекеттік қызметші қолдануда. Жалпы, икемді жұмыс уақыты режимін қолдану мемлекеттік қызметшінің тиімді жұмыс атқаруына септігін тигізері сөзсіз.

— Негізінде тексеру жүргізілмесе, бірқатар кемшіліктердің жабулы күйінде қала берері ақиқат. Осы тұрғыдан сіздердің тарапыңыздан жүргізілетін тексерулер туралы да бірер ауыз сөз айтсаңыз.

— Департамент тарапынан 2024 жылдың 1-тоқсанында 9 тексеру шарасы өткізіліп, нәтижесінде 491 бұзушылық анықталған болса, ағымдағы жылдың 1-тоқсанында 13 тексеру өткізіліп, 128 бұзушылық анықталды. Департамент қызметкерлері өңірдегі персоналды басқару қызметкерлеріне, яғни кадр қызметіне жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде бұл көрсеткіштің 3 есеге азайғанын байқауға болады. Көбіне тексеруге түрткі болатын жайттар — азаматтардың мемлекеттік органдардағы бос лауазымдарға өткізілген конкурстарға шағымдануы. 2024 жылдың 1-жартыжылдығында конкурс бойынша 4 шағым түсіп, нәтижесінде 1 конкурстың шешімі күшін жойып, 1 азаматтың құқығы қорғалған болса, биыл 6 шағым қаралып, 2 конкурстың шешімі жойылып, 2 азаматтың құқығы қорғалды.

— Мемлекеттік қызметшінің әдебі өз алдына бір тақырып екені мәлім. Осы орайда өзіңіз жетекшілік ететін Әдеп жөніндегі кеңес жұмысына да тоқтала кетсеңіз.

— Халықтың сенімін арттыруда әдептілік жүріс-тұрыс стандарттары маңызды рөл атқарады. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметшілердің әдептілігін қамтамасыз етуде Әдеп жөніндегі кеңестердің атқаратын рөлі орасан зор. Олардың қызметі әдеп бұзушылықтардың алдын алу, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен мүдделерін қорғау және қолайлы моральды-психологиялық ахуалды қалыптастыруға бағытталған. Облыстағы Әдеп жөніндегі кеңесте қаралатын профилактикалық сипаттағы мәселелердің үлесі жылдан-жылға өсуде. Мәселен, 2024 жылдың 1-тоқсанында Әдеп жөніндегі кеңесте 7 мәселе қаралып, оның бесеуі, ал биылғы жылдың 1-тоқсанында 8 мәселе қаралып, оның алтауы профилактикалық сипатта болды.

— Қызмет алушылардың құқықтарын қорғау, ол бұзылған жағдайда қалпына келтіру — маңызды мәселелердің бірі. Осы ауқымда қандай істер атқарылып жатыр?

— Халыққа сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуді қамтамасыз ету, сондай-ақ қызмет алушылардың құқықтарын қорғау және қалпына келтіру—біздің агенттіктің алға ұстанған негізгі бағыттарының бірі.

Осы жылдың өткен алты айы бойынша біздің департаментке мемлекеттік қызмет алушылардан 24 арыз-шағым келіп түсті. Олардың ішінде жиырма шағым жергілікті атқарушы органдар жәнеқалған төртеуі орталық атқарушы органдардыңқызметтеріне қатысты. Азаматтар көбіне жер қатынастары, геодезия және картография, мүлік және зияткерлік меншік құқығы, сәулет-қала құрылысы қызметі салаларындағы мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша өтінімдер жасайды. Аталған өтініштер бойынша қажеттілігіне қарай біздің тарапымызданжоспардан тыс тексерулер жүргізіліп, мүмкіндігінше азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтірілу жұмыстары атқарылады. Мысалға,қызмет алушылардан алты адамнан «Республикалық маңызы бар қала, астана, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар шегінде жер учаскесіне құқықтар алу» мемлекеттік көрсетілетін қызметі бойынша Ақтөбе қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінен негізсіз бас тарту берілгендігі жөнінде шағымдар келіп түсті.

Арызданушылар бау-бақша ұжымындағы жер учаскесін алу үшін өтінім берген. Алайда бөлім тарапынан сұралып отырған жер ҚР Жер кодексінің 107-бабына сәйкес ортақ қолданыстағы жерлерге түсуіне байланысты бас тарту берілген.

Тексеріс жүргізу барысында аталған бөлімнен негізсіз бас тарту берілгендігі анықталды, себебі сұратылып отырған жер учаскелері бау-бақша функционалды аймаққа жататындығы белгілі болды. Осы орайда, Ақтөбе қаласының жер қатынастары,сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы — әкімшілік, ал жауапты маман тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Бұл арада айтарымыз — мемлекеттік мекемелер қандай да мәселені белгіленген заң аясында, тиянақты тексеріп, зерделеп, зерттеп қарауы керектігі.

Қызмет алушылармен жұмыс жауапкершілікті, мәдениеттілікті, ұқыптылықты талап етеді. Ең алдымен, осыны ұмытпауымыз қажет.

— Кәсіби мереке күні әріптестеріңізге қандай тілек айтар едіңіз?

— Сіздерді 23 маусым — Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметші күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бүгінде біз кәсіби және тиімді мемлекеттік аппарат қалыптастырудамыз. Бұл маңызды міндетті жүзеге асыруда мемлекеттік қызметшілердің қосатын үлестері орасан зор!

Мемлекеттік қызметшінің біліктілігі мен кәсіпқойлығына сенім артқан азаматтарға қызмет етуден құрметті мамандық жоқ. Халық бізден адамгершілікті, патриоттық сезімді, заңдылықты бұлжытпай сақтауды күтеді.

Ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметші болу — мәртебелі міндет.

Бүгінгі мерекемен құттықтай отырып, әріптестеріме зор денсаулық, отбасыларына амандық, халыққа қызмет ету жолындағы адал еңбектеріңізге сәттілік тілеймін.